Ертісте егін ерте егілуде

Мам 22, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

Ертісте биыл диқандар егін егуге ертерек кірісіпті. Қазіргі таңда көктемгі егіс жұмыстарының 45 пайызын атқарып қойған. Көктемнің ерте келуімен топырақ кеппей тұрып дән себуді бастаған. Биыл ауданда 326 мың гектар алқапқа егін егу жоспарланған. Ауданға арнайы барған аймақ басшысы Асайын Байханов көктемгі егіс жұмыстарымен және бой көтеріп жатқан нысандар құрылысымен танысты.

Диқандар не дейді?

Алдымен егіс даласында ауданның шаруаларымен жүздесті. Бұйымтайларын тыңдады. Аудан әкімі Нығман Жүсіпов биыл дәнді дақылдар алқабы азайып, есесіне майлы дақылдар егісі артқанын атап өтті. Биыл 234 мың гектарға дәнді дақылдар егілсе, 28 мың гектарды малдың жемазығы алады. Арпаға сұраныс артып, алқап көлемі көбейген. 63,6 мың гектарға майлы дақылдар егілмек. Ертістік шаруалар күнбағыс дақылына басымдық бере бастапты. Бұл дәннің алқабы  биыл 15 мың гектарға ұлғайтылған. Егістіктерде 227 техника көктемгі егіс жұмыстарына тартылған. 216 мың гектар жер химиялық өңдеуден өкізілген. Облыс әкімі былтыр аймақ шаруаларына тыңайтқышты көптеп қолдануды құлаққағыс еткен еді. Ауданның шаруалары қазірдің өзінде 7,5 мың гектар алқапты тыңайтқан. Тыңайтылатын аумақты 16 мың гектарға жеткізу жоспарланған. Облыс әкімі осы жоспарды орын-даудың маңыздылығын атап өтті.

Шаруалар сәуірден бері күткен жаңбыр бірер күн бұрын жауып, үміт сыйлағанын қуана жеткізді. Жерасты ылғал мен үстіңгісі қосылып, егінге қолайлы жағдай туған. Диқандар аймақ басшысына өтініш-ұсыныстарын да білдірді. Мәселен, шаруалардың бірі Оразалы Әтімов бүгінде диқандардың көбі бағаға байланысты күнбағыс егуге басымдық бергенін, алайда, оны өткізу үшін Өскеменге баруға тура келетінін алға тартты.

— Өскеменде күнбағыс өңдейтін 7-8 зауыт бар. Бізде бірі жоқ. Алысқа тасымалдаудан әр тонна өнімнен 10 мың теңге жоғалтып отырмыз. Биылғы өнімге субсидия болатыны айтылып отыр. Бірақ өткен жылғы күнбағысқа берілмейді екен. Осы мәселені шешіп берсеңіздер, — деді Оразалы Имашұлы.

Облыс әкімі субсидия қанша бөлінсе де, бәрібір ешкім қанағаттанбайтынын атап өтті. Десе де, өңірімізде соңғы үш жылда субсидия 3 есеге артқанын айтты. Мәселен, 2021 жылы бюджеттен бөлінетін субсидия 19 млрд теңге болса, биыл жалпы сомасы 60 млрд теңгеге жеткен. Диқанның бұйымтайы қарастырылып, шешім қаржылық мүмкіндікке қарай қарасты-
рылады.

— Ол рас, күнбағысты өңдеумен проблема бар. Қалқаманда бір инвестордың  жобасы бар. Қолдау көрсетіп жатырмыз. Шарбақты ауданында үлкен зауыттың құрылысы қарқынды басталып еді, қаржыға байланысты бәсеңдеп қалды. Бұл жағдайды реттеу үшін Астанаға арнайы барып, қаржы ұйымдарымен талқылап, жолын қарастырамыз. Негізі, қайта өңдеусіз ілгері баспаймыз, — деді аймақ басшысы.

Өңдеусіз өнбейміз

Ал диқандардың бірі Балғабай Бакишев ауыл шаруашылығы техникаларын жеткізетін компаниялардың бірі оларды бөлшектерімен қамта-масыз етуге салғырттық танытатынына наразылығын білдірді. Салдарынан 8500 теңгенің кішкентай бөлшегін Америкадан, Германиядан ұшақпен алдыртуға мәжбүр. Асайын Қуандықұлы сервистік қызметтің кейбір ұйымдарда ақсап тұрғанын жоққа шығармады. Бұл мәселені құзырлы органдарға назарға алуды тапсырды.

Қызылқақ ауылынан келген диқан Нұржан Усин «Ертіс ет» қасапхана және ет өңдеу цехына инженерлік инфрақұрылым тартуға қолдау көрсетуді сұрады. Себебі, жобаны түзету барысында 500 киловатқа дейінгі электр қуаты қажет екені белгілі болған. Оны 2 шақырым қашықтықтағы станциядан тарту қажет. Су жеткізу мәселесі де бар. Міне, осы жұмыстарға арнайы жол картасы арқылы көмек берілгенін қалайды. Бұл ретте, облыс әкімі мемлекеттік қолдаудың реті мен тәртібін түсіндіріп берді.

— Электр желісіне де, суға да жоба жасау керек. Оны бюджеттен қаржыландыру үшін облыстық кәсіпкерлік басқармасына тапсырасыз. Жоба өңірлік үйлестіру комиссиясында қаралады. Әлбетте, барлық жобаға қаржы жетпеуі мүмкін. Сондықтан, іріктеледі. Ең бастысы, ол құжаттарды ертерек тапсыру қажет. Себебі, былтырдан бері бюджетті ерте бекітуге бел будық. Бұл келесі жылдың жобалары жазға жетпей ерте басталуы үшін қолға алынып отыр. Сол себепті жобаңызды маусым-шілдеде өткізіп қойғаныңыз жөн, — деді А.Байханов.

Ал О.Әтімов 1000 гектарлық суармалы алқап жобасын қаржы-ландыру үшін аграрлық кредиттік корпорация 1 млрд теңге көлемінде кепілдік талап етіп тұрғанын айтты. Мұндай соманы диқандар таба алмайтынын алға тартты. Бірақ, құзырлы орган өкілдері бұл мәселені «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы жаңа бағдарлама мүмкін-дігі пайда болғанын мәлімдеді. Осы орайда облыс әкімі суармалы алқапты дамыту маңызды бағыт екенін еске салды.

Аймақ басшысы шаруалармен кездесуде топырақты тыңайтуды күн тәртібінен түсірмеудің маңызын да ескертті.

— Тыңайтқыш көлемін ұлғайту керек. Бұл — Мемлекет басшысының тапсырмасы. Бекерден-бекер қолға алынып жатқан жоқ. Мамандар зерттеп отыр. Өкінішке қарай, жылдан-жылға жердің құнарлылығы төмендеуде. Ертеңгі ұрпаққа құнарлы жер қалуы тиіс. Әлбетте, қаржылық тұрғыдан бір жылда бірден тыңайтқыш көлемін ұлғайту мүмкін еместігін де түсінеміз. Бірақ біртіндеп көбейтілуі керек, — деді облыс әкімі.

Шаруалар үшін жол сапасының да орны бөлек екенін білетін аймақ басшысы қуанышты жаңалықты жеткізді. Айтуынша, Қызылжар ауылынан Ертіс ауданы арасындағы 130 шақырымның 61 километрі
биыл жөнделеді. Кездесуді қорытындылай келе, аймақ басшысы диқандарға мемлекет тарапынан қолдау жан-жақты болатынын атап өтті.

Бассейн құрылысы басталды

Ертіс ауданы орталығында бассейн бой көтеруде. Қазіргі таңда іргетасы құйылып жатыр. Мердігер фирма басшысы Виталий Офцыновтың мәлімдеуінше, нысанның металл конструкциялары сатып алынған. Жаз бойы қаңқасы тұрғызылып, жылы күндері ішкі әрлеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бассейн құрылысына 826 млн теңге қарастырылған. Екі жылдық жобаның қаржысының бір бөлігі биыл бөлінеді. Жоба бойынша келесі жылдың желтоқсанында қолданысқа берілуі тиіс. Алайда аймақ басшысы мердігерге екі жылға созбай, биыл аяқтау мүмкін болса, қаржы да жыл соңына дейін төленетінін атап өтті.

— Ауданда мұндай маңызды нысан жыл сайын салынып жатқан жоқ. Ауқымды жоба әлеуметтік сала үшін орны бөлек. Сондықтан бассейннің құрылысын жиі қадағалап, туындаған мәселелерді сол сәтте шешуге күш салуыңыз керек, — деді облыс әкімі аудан әкіміне қарата айтқан сөзінде.

Аймақ басшысы аудан орталығындағы сүт өнімдерін шығаратын кәсіпорын жұмысымен танысты. Былтыр қаңырап жатқан ескі ғимаратты сатып алып, өндіріске айналдырған кәсіпкер бүгінде ірімшіктің түр-түрін, сары май және өзге де сүт өнімдерін шығаруда. Мұнда тәулігіне 1,2 тоннаға дейін ірімшік шығарылады. Өнімі өңіріміздің супермаркет сөрелерінде сатылуда, сондай-ақ Өскемен, Қарағанды, Астана қалаларына жөнелтілуде. Кәсіпкер сүтті 300 шақырым қашықтықтағы Шарбақты мен Успен аудандарындағы тауарлы сүт фермаларынан алатыны белгілі болды. Осы ретте, облыс әкімі жауапты орган басшыларына іргедегі Ақтоғай, Ақсудың Үштерегіндегі, болмаса, паром арқылы Тереңкөлдегі фермадан жеткізу мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды. Себебі, алыстан алынған соң тауардың да өзіндік құнына әсер етеді. Кәсіпкер Максим Светюха мамандар тапшылығы барын жасырмады. Алдына келген азаматтарды оқытып, амалын тауып жатқанын айтты.

Ертіс ауданының өмір сүру деңгейіне өзіндік үлес қосатын тағы бір нысан бой көтеруде. Жеке кәсіпкер Құралай Қожанова жеке қаражатына супермаркет құры-
лысын бастап кеткен. Жобаның құны –
300 млн теңге. Супермаркетті «Sary Mall» деп атамақ. Себебі халық бүгінде кәсіпкердің шағын дүкенін «сары дүкен» деп атап кеткен екен. Осылайша, іскер жан халықтық атауға таңдау жасаған.

Супермаркеттің бір бөлігінде азық-түлік, тағы бір бөлігінде тұрмыстық химиялық заттар, косметика, тұрмыстық техника сатылмақ. Енді кәсіпкерге айналымдық қаражатқа шамамен 100 млн теңге қажет. Оны «Даму» арқылы алуды көздеп отыр. Қазіргі таңда нысанның құжаттары дайындалуда.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

Ертіс ауданы.

Суретті түсірген – В.Бугаев.