Кітап оқу бәйгесінің үздігі

Мам 22, 2025

Жақында Ақсу қаласында орталық кітапхананың оқу залында Мұхтар Мағауиннің шығармалары бойынша оқу жарысы өтті. Бәйгенің ережесі бойынша қатысушылар жазушының «Көкбалақ» пен «Шақан Шері» романдары негізінде білімдерін көрсетіп, ауызша сұрақтарға жауап берді.

Жыл басында өмірден өткен тарихи тұлғаның құрметіне орай алғаш рет ұйымдастырылған байқаудың мақсаты – Халық жазушысы, тарихшы, қоғам қайраткері Мұхтар Мағауиннің шығармаларын ел ішінде кеңінен насихаттау және оның әдеби мұрасын терең меңгеруге жағдай жасау. Сондай-ақ, жастар мен ересек буын өкілдерінің кітапқа деген қызығушылығын арттырып, зияткерлік әлеуетті дамыту және қоғамда оқу дағдысын қалыптастыру.

– Біз күйдің мән-мағынасына мән бермейміз. Ал оның құдіреті мұнда тереңінен зерттелген. Екінші романда адам баласының өзінен басқа қоршаған ортасына қамқор бола білуі жайлы айтылған. Ондағы басты кейіпкердің барысты ұстап алу жолында адамның кез келген қиындықты жеңе білуіне теңейді, – дейді филология ғылымының докторы Бекен Сағындықұлы.

Ақсу қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Медғат Манаповтың айтуынша, соңғы кездері мемлекет тарапынан кітап ісіне қатысты шаралар қолға алынып жатқаны, осындай заңғар жазушы, бірнеше ғасыр тарихын жинақтап, қазақ тынысын сипаттаған біртуар қаламгердің шығармаларын тереңінен зерттеген жөн екенін атап өтті.

Кітап оқу бәйгесінің қатысу-шылары арасында әдебиет саласының мамандары, мемле-кеттік қызметкер мен мектеп оқушысы да бақ сынасты.

– Кішкентай кезімнен кітап оқығанды ұнатамын. Байқауға қатысар алдында Мұхтар Мағауиннің шығармаларымен жақынырақ танысып, 10 күн ішінде ережеде берілген екі романды оқып шықтым. Туындыларын оқыған кезде  тарихи тақырыптарды кеңінен зерттеген, сөздері құнарлы жазушы екеніне көзім жетті,  – дейді Павлодар қаласы №33 мектебінің 10-сынып оқушысы Қажет Еркеш.

Мұхтар Мағауиннің «Көкбалақ» романында ХХ ғасырдағы атақты күйші Тоқсобаның қилы тағдыры суреттеледі. Ондағы Тоқсоба — күйші болады деп тәрбиелеген жас күйші, Тоқсобаның жиені Нәрік. Романдағы бұл екі кейіп-кердің прототипі өмірден алынған. Оның бірі атақты домбырашы Жүнісбай болса, екіншісі оның жиені, елімізге белгілі күйші, жазушы Таласбек Әсемқұлов. Бұл туынды — күй өнерінің атадан балаға мұра болып келе
жатқанын сипаттайтын құнды шығарма.

Ал «Шaқaн-Шерi» романы әйелi мен бaлacын жaрып өлтiрген aң пaтшacы жoлбaрыcты өлтіруді мақсат еткен Шақан жайлы. Осы жолда ол барлық жолбарыс атаулыны аулауға бел буады. Рoмaнның ерекшелiгi – Шaқaн мен жoлбaрыc oбрaздaрын бейнелеу aрқылы aдaм мен тaбиғaт aрacындaғы бaйлaныcтың үзiлуiн көрcетедi. Сондай-ақ, аталмыш шығармада қазақтың аңшылығы шебер тілмен сипатталған.

Байқауға қатысқан әдебиет саласының мамандары сөз шеберлері көрнекті жазушының басқа да көңілінен шыққан шығармаларымен бөлісті.

– Бала кезімде жазушының «Бір атаның балалары» әңгі-месін ерекше ұнатып оқитын едім. Одан бөлек, сынға түскен туындыларының бірі «Аласапыран»-ды оқып, ел тарихын жақсы таныдым. Алдағы уақытта «Жармақ» атты романын оқуды жоспарлап отырмын. Мұхтар Мағауин – мен үшін биік тұлға, дарынды, дара жазушы, – дейді Ақсу қаласының Абай атындағы жалпы білім беру мектебінің мұғалімі Ермұқан Ибраһим.

Бәйге қорытындысы бойынша бас жүлдені жеңіп алдған Ертіс ауданының тұрғыны Нұрсұлу Даргерханға М.Мағауиннің 26 томдық толық шығармалар жинағы табыс етілді.

Салтанат ҒАББАС.

Ақсу қаласы.

Суретті түсірген – Есенжол Исабек.