дейді қолөнер шебері Д.Шаймергенов
Екібастұздық шебер Думан Шаймергеновтің есімі көпшілікке «темір адам» ретінде белгілі. Себебі, бойына берілген талантының арқасында ол темірден түйін түйіп, өткен замандағы батырлардың сауыттарын жасап шығарады. Кейде өзі жасаған дүниелерімен өнер көрсетеді. Бұл өнерін өткен жылы Астана қаласында өткен 5-інші Дүниежүзілік көшпенділер ойынында байқап қалған болатынбыз.
Темір сауыт, айдарлы дулыға, қынабы күмістелген қылыш – бұлар тарих музейлерінен ғана емес, Думан Шаймергеновтің шеберханасынан да табылады. Ол – қазақ батырларының дәстүрлі жауынгерлік киімдерін шынайы түрде қайта жасап жүрген санаулы шеберлердің бірі.
Оның өнерге, оның ішінде қолөнерге келуі балалық шақтағы арманынан басталған. Ол кішкентай кезінен тарихи фильмдерді тамашалап, батырлардың киімдеріне қатты қызыққан. Одан бөлек, ер азаматтың күнделікті өмірдегі жұмыстары да оны кәсіби шеберлікке тәрбиелей түскен.
— Біздің бала кезімізде теледидар, ұялы телефон, ноутбук сынды дүниелер болған жоқ. Сондықтан көбіне далада ойнаймыз. Ұлдар қолымызға ұзын таяқтарды ұстап алып, қылыштасамыз. Сол кезде шыбық денеме қаттырақ батып кеткен кезде «Менде батырлардың сауыты болса ғой» деген балалық арман жылт ете қалатын, — деп еске алады ол.
Шебер талай жылдан бері батырлардың жауынгерлік киімдерін зерттеп, қолдан жасап келеді. Оның туын-дылары тарихи деректер мен археологиялық қазбаларға негізделген. Ол әр сауытты жасар алдында ескі шежірелерді оқып, музейдегі жәдігерлерді зерттеп, тарихшылармен кеңесуді әдетке айналдырған. Әр туындыны жасау барысында әр бөлшекті нақты дерекке сүйене отырып жасайды.
— Батырдың киімі – жай ғана қорғаныс құралы емес, ол – елдің рухы, жауынгердің намысы. Мен әр дулыға мен сауытты жасағанда, сол батырдың бейнесін көз алдыма елестетемін. Бүгінгі балаға шетелдік суперқаһармандар емес, өзінің бабалары – Қабанбай, Бөгенбай, Райымбек секілді батырлар үлгі болуы керек. Ал сол тұлғалар бейнесін қалыптастыру – бүгінгі біз секілді шеберлердің міндеті, —
дейді ол.
Темірден түйін түйген шебердің жасаған дулығалары мен кеудешелері, қылыштары мен қалқандары респуб-
ликалық музейлерде, тарихи фестивальдерде және кино түсірі-лімдерінде кеңінен қолданылып жүр. Мәселен, ол өткен жылы Астана қаласында өткен 5-інші Дүниежүзілік көшпенділер ойынында өзінің туындыларын келушілер назарына ұсынды. Солардың бірі — Бөгенбай батырдың бюсті. Биіктігі – 15 сантиметр.
– Көшпенділер ойынына орай ерекше әрі шағын бір туындыны ойлап табу керек болды. Ондағы ойым – сатып алушылардың назарын аудару. Сондықтан осы Бөгенбай батырдың бюстін жасап шықтым, —
дейді ол.
Сондай-ақ, ол көрмеге шаман, сауыттағы батыр, ғарыш серісі және өткен жылғы «ComicCon» фестиваль-косплейінде америкалық шытырман оқиғалы қиял-ғажайып «Варкрафт» көркем фильміндегі Орктің костюмдерін алып барған.
– Қай образда болсын әртістік шеберлікті қосуға тырысамын. Мысалы, шаманның бейнесінде шыққанда түрлі магиялық қимыл-қозғалыстарды жасап билеймін, секіремін. Ал сауытты киген кезде соғыста болған тәжірибелі жауынгердің кейіпін танытамын, –
дейді ол.
Шебер жұмыс барысында әртүрлі әдісті қолданады. Мәселен, олардың қатарында ағаш, болат, былғары және пластик әдістері бар. Сондай-ақ, кеме модельдерін, бірегей этнокәдесыйлар, қылыш, шаян, өрмекші және айдаһар түріндегі эксклюзивті былғары сөмкелер жасайды, түрлі қойылым мен косплейлерге костюмдер дайындайды. Одан бөлек, мұз қалашықтарын да салған.
Бүгінде Думан Шаймергенов жас шеберлерге шеберлік сағаттарын өткізіп, ұлттық қолөнердің үзілмей жалғасуына өз үлесін қосып келеді. Мақсаты – ұлттық жауынгерлік киімдер өнерін келешек ұрпаққа аманаттау.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суретті түсірген – Есенжол Исабек