Жуырда Мемлекеттік қызметші күніне орай Естай атындағы мәдениет сарайында салтанатты шара өтті. Павлодар облысының мемлекеттік қызметшілері кәсіби мерекеге орай түрлі марапатқа ие болды.
Мемлекеттік қызмет – кәсіби саламен қатар үлкен жауапкершілік пен адалдыққа негізделген мамандық. Бүгінде олар еліміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік дамуына зор үлес қосуда. Қоғам мен билік арасындағы байланыстың айқын да берік болуы аталмыш мамандардың қолында.
Алдымен облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жамбайбек сала өкілдерін айтулы күнмен құттықтады.
– Құрметті әріптестер! Кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Өңіріміздің дамуы сіздердің жоғары адамгершілік және тәжірибелі деңгейлеріңізге, адалдықтарыңыз бен жігерлеріңізге тікелей байланысты. Бұл қасиеттерді бойға толық сіңіру ел үшін еңбек етіп жатқан әрбір мемлекеттік қызметкердің міндеті деп білемін. Бүгін бізге жаңа экономикалық жағдайымызға бейімделген, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатын сапалы түрде қамтамасыз ететін осындай қызметшілер қажет, – деді ол.
Шара барысында көп жылғы адал еңбегі мен кәсіби біліктілігі, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан қомақты үлесі үшін түрлі саладағы мемлекеттік қызметшілерге облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаты табыс етілді. Жылдан-жылға мемлекеттік қыз-метшілер қатарында жастар саны өсіп келеді. Демек бүгінгі жастар халыққа қызмет етуді міндет санаса, ел болашағының өркендей түсері сөзсіз. Павлодар қаласында жұмыспен қамту бөліміндегі әлеуметтік мәселелер бойынша бас маманы Шыңғыс Құнанбаев бір жыл қызмет барысында айтарлықтай дәрежеге жеткен.
– Алдымен адамдарға шын ниетпен қолдау көрсетуді мақсат еткен абзал. Халықтың туындаған мәселелерінің шешімін тауып, әрқайсысының сауалдарына ойдағыдай жауап беру үлкен жауапкершілікті талап етеді. Соған қарамастан, жан-жақты ізденіп, қызмет сапасын жақсартуға тырысамын. Кішкентай кезімде анамның бұл салада еңбектенгенін көріп, болашақта мәртебесі зор мемлекеттік қызметші болуды жөн санадым. Осындай аз уақытта Алғыс хатқа ие болғаныма ризамын. Әрі қарай аянбай еңбектенемін, – деді жас қызметші.
Сондай-ақ, мерекеге мемлекеттік қызмет саласына өмір жолын арнаған ардагерлер де шақырылды. Еңбек ардагері Дәулет Закариянов мемлекеттік қызметте 30 жыл еңбек еткен. Оның жұбайы мен ұлы да осы бағытта қызмет атқаруда. Айтуынша, кез келген адам мемлекеттік қызметке келген кезде халыққа қызмет етуін толықтай сезінуі керек. Сондай-ақ, 90-шы жылдардың қиын-қыстау кезеңіне мойымай, қиындыққа төтеп бергенін еске салып, қазіргі таңдағы мүмкіндігі мол жас мамандардың еңбектеріне сәттілік тіледі.
Мерекелік жиын әдемі концерттік бағдарламамен жалғасын тауып, өңір өнерпаздары кеш қонақтарын мың бұралған би, әсем ән мен тәтті күйге ұласқан кешімен тамсандырды.
Салтанат ҒАББАС.
Суретті түсірген — Есенжол Исабек.