Елімізде оқушылар арасындағы құқықбұзушылық оқиғалары тыйылмай тұр. Мұндай жайсыз жағдайлар үшін алдымен мектеп директорлары мен оқу бөлімінің меңгерушілері жазалануда. Алайда білім беру саласының өкілдері бұл шешім әділетсіздік екенін алға тартып, өкпе-реніштерін білдіруде. Оларды мазалап жүрген осы мәселе жақында биік мінберде көтерілді. Халық қалаулысы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов сабақтан тыс уақытта заң бұзған оқушылар үшін мектеп басшыларын жазалауға заңмен тыйым салу керектігін айтып, Үкіметке депутаттық сауал жолдады.
Шынымен де мектептен басқа жерде орын алған оқиғалар үшін білім беру мекемесінің директорларына шара қолдану қаншалықты орынды? Осындай жағдайда оларды жауапкершіліктен босатқан жөн бе? Қоғамда қызу пікірталас тудырған мәселені «Алаң» айдарында талқылағанды жөн көрдік.
Қожакелді МӘУЛЕНҚҰЛОВ, Павлодар қаласындағы №40 жалпы орта білім беру мектебінің директоры:
— Иә, қазіргі таңда оқушылар бір пәлеге ұрынып қалса, бірден мектеп директорларын, сынып жетекшілерін, психолог мамандарды, тіпті, білім беру бөлімдерінің басшыларына дейін тәртіптік жазаға тарту, жұмыстан шығару жағдайлары жиілеп кетті. Мұндай оқиғалар білім ордасының қабырғасында орын алса, шара қолданған жөн. Ал мектептен тыс болған жайттар үшін директорларға кінә тағу орынсыз деп ойлаймын. Мысалы, былтыр алыстағы бір ауыл мектебінің оқушысы жүкті болып қалды. Бұл жағдай оқу барысында болмағаны анықталды. Соған қарамастан білім ордасының басшысы жазаланды. Сонда ата-ананың жауапкершілігі қайда? Ең өкініштісі, осындай жағдайлардың салдарынан ұзақ уақыт бойы еңбек еткен, жетістікке жеткен кейбір директорлардың жылдар бойы қасықтап жинаған абыройы бір-ақ сәтте шелектеп төгіліп жатады. Әрине, бұл – әділетсіздік!
Тағы бір айта кетерлігі, бүгінде мектептерде директорлар жетіспейді. Бұған басты себеп – жауапкершіліктің тым жоғары болуы. Сондай-ақ, жалақылары да төмен. Осындай жағдайлар мектеп басшыларының мәртебесін түсіріп жататыны өкінішті.
Рысты СҮЙІНОВА, Ақсу қаласының тұрғыны, ардагер ұстаз:
— Баланың тәрбиесі мен қауіпсіздігіне ең алдымен ата-анасы жауапты болуы тиіс! Сондықтан үлкендер жағы ұл-қызының немен айналысып жүргенін, кімдермен араласатынын, қысқасы, барлық қадамын бақылауында ұстағаны жөн. Алайда біздің қоғамда қит етсе, мектеп директорлары мен мұғалімдерді жазалап жатады. Әрине, сабақ уақытында болған жағдайларға мектеп жауапты делік, ал оқудан тыс кезде орын алған оқиғалар үшін директорларға шара қолдану ақылға қонбайды. Білім беру саласында еңбек етіп жүрген жандар да ет пен сүйектен жаралған пенде ғой. Балаларға білім берген ұлағатты ұстаздарға орынсыз айып тағып, мәртебелерін түсіргеннен ештеңе шықпайды. Одан да оқушылар арасындағы құқықбұзушылық оқиғаларын терең зерттеп, бірінші кезекте ата-аналарының жауапкершілігін арттыратындай заң шығару керек деп ойлаймын.
Мен отыз жылдан астам уақыт бойы мектепте еңбек етіп жүрген кезде талай оқиғаның куәсі болдым. Сол уақытта да «әр ата-ана өз баласына жауапты болуы қажет!» деген пікірді ұстанатынмын. Қазір де бұл ойым өзгерген жоқ. Қалай десек те, мектеп басшылары мен мұғалімдердің жазықсыз жапа шегуіне, құқығының тапталуына жол берілмеуі керек.
Мақсұт ЗАКИРОВ, Павлодар қаласының тұрғыны, әке:
— Әр ата-ана ұрпағының салиқалы болғанын қалайды. Бауыр еті баласына барынша жақсы тәлім-тәрбие беруге тырысады. Соған қарамастан жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық әрекеттері жиі орын алуда. Оған қоғамдағы түрлі жағдайлар әсер ететіні белгілі. Дегенмен де, балалар арасында болған жаға ұстатарлық жайттар үшін мектеп басшылары мен сынып жетекшілері де жауапты болып, жазалануы тиіс деп ойлаймын. Себебі, білім ордасында темірдей тәртіп пен талап болса, ондағы оқушылар қайда жүрсе де қатыгездікке бармас еді. Саналы түрде арсыз әрекет жасамас еді. Ал қорлық-зорлық көрсе, әңгіме басқа, әрине…
Шыны керек, бүгінгі таңда кейбір білім беру мекемелерінде тәрбие мәселесі ақсап тұрғанға ұқсайды. Олай дейтінім, бұрын мектепте ата-аналар жиналысы болса, баланың тәртібі, оқу үлгерімі ашық айтылып, талқыланатын. Әке-шешеміз жиналысқа кеткенде, мұғалім не айтады екен деп қорқып отыратынбыз. Баласы бұзықтау ата-ана да мектепке жүрексініп кіретін еді. Ал қазір сыныптағы жиналысқа барсаң, неше түрлі ойын ойнап, көңіл көтеріп қайтасың. Бұл — бір ғана мысал! Осыдан кейін не айтуға болады?!
«Алаңды» үйлестірген – Нұржайна ШОДЫР.