Кез келген саланың серпінді дамуын қамтамасыз ету үшін басқарушы элитаны үнемі жаңартып отыру қажет екені белгілі. Мәселен, жақында Павлодар қаласында білім беру ұйымдарын басқарып отырған басшылардың біліктілігін одан әрі дамыту бойынша байқау бастау алды. Бұл — «Кадрлық резерв» жобасы. Жобаның ерекшеліктері мен талаптары қандай? Қалаларда кәсіби мамандар жеткілікті ме? Осы сауалдар төңірегінде Павлодар қалалық білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдыралинді аз-кем әңгімеге тарттық.
— Қуаныш Төлегенұлы, білім саласында кадрлық резерв не үшін қажет?
— Негізі, әрбір салада кадрлық резерв қалыптастыру мәселесі өте өзекті. Бұл тек білім саласында емес, медицина, әлеуметтік салада да кадрлық резерв қалыптастыру керек. Жоба жыл сайын жалғасын тауып отырады. «Білім беру ұйымдары басшыларының қалалық кадрлық резерві» Павлодар шаһарындағы білім беру мекемелерінің әлеуетті басшыларын даярлау және іріктеу үшін құрылды. Бұл жоба құзыретті және тиімді басшыларды таңдау арқылы білім беру сапасының жоғары деңгейін қолдау үшін бағытталған. Мақсаты — қаладағы білім беру мекемелерінің әлеуетті басшыларын даярлау және дамыту. Бағдарламаға психологиялық тестілеу енгізіліп отыр, ол жас педагогтердің, болашақ көшбасшылардың тұлғалық түрін, табыстылығын анықтауға мүмкіндік береді. Кадрлық резерв жобасы ары қарай да жалғасады.
— Ал үміткерлер қалай өтініш бере алады?
— Үміткерлер Е-портфолио арқылы 15 шілдеге дейін өтініш бере алады. Байқау жалпы 5 кезеңнен тұрады. Яғни, конкурсқа қатысуға ниет білдірген адамдардан өтінімді қабылдау, біліктілік талаптарына сәйкес кандидаттардың құжаттарын қарау, тестілеуден өту, үміткерлермен тілдесу және қалалық кадрлық резервіне қабылдау кезеңдерінен тұрады. Өтініш берушінің педагогикалық жұмыс өтілі кемінде 5 жыл, оның ішінде соңғы 2 жыл үздіксіз педагогикалық өтілі болуы тиіс немесе басшының орынбасары, білім беру ұйымының басшысы лауазымында кемінде 2 жылдық еңбек өтілі болуы қажет.
— Сонда шаһардағы білім ордаларында кәсіби мамандар жеткіліксіз бе?
— Қалалық мектептерде тәжірибелі мамандар жеткілікті. Бұл жобаны менеджерлерді қарастыру мақсатында құрдық. Ниет білдірген мамандарды аталмыш резервке тартатын боламыз. Жалпы, мектеп пен балабақшалар бойынша вакансиялар (бос орындар) бар. Осы резерв арқылы да осы сұрақтарды жабамыз деп жоспарлап отырмыз.
— Іскер кадрларды дайындау мақсатында тағы қандай жұмыстар атқарылуда?
— Барлық мұғалім түрлі курстардан өтеді. Мектеп және қосымша білім беру басшылары біліктіліктерін арттыратын семинарлар мен курстарға қатысады. Ал осы резервке ілінген мамандарға 1 жыл ішінде айына 2 рет семинар тренингтер өткіземіз. Ол жерде ұйымдағы бухгалтерлік мәселелерден бөлек, оқытуға қатысты, тіпті эмоционалдық сауаттылық бойынша да оқытатын боламыз.
— Ақпаратыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан — Айдана БОРАНБАЕВА.