Жақында өңірімізге белгілі этнодизайнер, қолөнер шебері Гүләйім Акумбаеваның «Алып кимешек» жобасы «WORLD BOOK OF RECORDS» әлем рекордтар кітабына енгені есімізде. Анығырық айтсақ, қолөнер шебері бұрын-соңды елімізде, тіпті әлемде тіркелмеген алып кимешек жасап, халыққа таныстырған болатын. Осы тұста ұлттық нақыштағы қолөнер туындыларымен шұғылданып, ұлттық киімдерімізді насихаттап жүрген шебермен сұхбаттасудың сәті түсті.
— Гүләйім Мәжитқызы, «Алып кимешек» жобасын жасау идеясы қайдан туды?
— Маған бұрын-соңды болмаған үлкен кимешек жасау идеясы өткен жылы келген болатын. Мақсатым – қазақ аналарының бас киімін елімізде ғана емес, дүниежүзіне таныту, көрсету. Ұлттық бас киімімізді дәріптей отырып, мәртебесін арттыру. Кейбір ұмытылып бара жатқан ұлттық құндылығымызды қайта жаңғыртып, жас ұрпаққа жеткізу. Себебі, қазақтың бас киімге деген құрметі өте жоғары болған. Бұрынғы қазақ қоғамында бас киім адамның мәртебесін, жасын және қай аймақтан, қай рудан екенін білдіріп тұрған. Мысалы, әйелдердің кимешегінде, ерлердің тақиясы мен бөркінде жасырынып жатқан көп философиялық мән, көп тәрбиелік мағына бар.
Осы жобаны жүзеге асырарда кітапханаларды, музейлерді аралап, кимешектің тарихын, оның түрлерін, аймақтық және рулық ерекшеліктерін зерттедім. Осы іздеу барысында «Қазақтың киім-кешегі» деген кітапты кездестірдім. Сол кітаптің 99-шы бетінде 1950 жылы тігілген кимешектің суреті бар екен. Ал оның сипаттамасын оқысам, Ертіс-Баян өңірінің әжелері киген кимешектің үлгісі болып шықты. Мен алып кимешекті сол кітапта көрсетілген үлгі бойынша құрып, көлемін үш есеге дейін үлкейтіп тігуді жөн санадым. Сол кезде биіктігі төрт метр болатын қазақ аналарының ұлттық бас киімі пайда болды. Жалпы, қазақ халқының әрбір даналық сөзі өмірлік тәжірибеден алынған ғой. Бұрынғылар «Әрекетке – берекет» деген сөзді тегін айтпаған. Мен осы жобаны қолға алған күннен бастап іздегенімнің бәрі алдымнан шығып отырды. Яғни, тарихшы, этнографтармен ақылдастым, демеушілердің көмегіне жүгіндім. Сосын, әлемдік рекордтар кітабының өкілдерін де көп ұзамай тауып, өз жоспарыммен бөлістім. Менің бұл жобама «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің өкілдері де көп қолдау көрсетті.
— Енді осы алып кимешекті қысқаша сипаттап берсеңіз…
— Кимешектің қысқаша сипаттамасына тоқталар болсам, биіктігі яғни, суағары мен арқа жағының ұзындығы – 3 метр 80 сантиметр. Ал ені – 2,5 метр. Кимешекке жалпы саны 2025 моншақ тағылған. Бұл – осы кимешектің ректордтар кітабына енген жылды білдіреді. Оның 80-і — күміс моншақ, 560-ы — алтын түсті моншақ. Яғни, биылғы Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Қазақ хандығының 560 жылдық мерейтойларының құрметіне осы цифрлар таңдалды.
Алдыңғы бөлігі бойынша, өңірі тұтас пішілген, артқы жағы екі бөліктен тұрады. «Құйрықшасы» дөңгеленіп тігілді. Төбесі бүрмеленіп, жинақталып құралған. Ойықтың жиегі өңді жіппен шалып тігілген, мұны «алқым шалу» дейді. Ойықтың екі жағы түрлі түсті – сары, ақ, ақшыл жасыл, жасыл, қызыл жіптермен екі жолақ болып кестеленген. Жолақтардың арасына ұсақ әшекей мен моншақтар тағылған. Өңіріне «Қошқар мүйіз» ою-өрнегі салынып, түрлі түсті жіптермен кестеленген. Ою-өрнектердің үстіне ұсақ әшекейлер мен моншақтар қондырылған. Кимешектің кеудедегі бөлігінің ұшына күміс және металл дөңгелек әшекейлер, моншақтар тағылады. Бұл кимешекке сән береді әрі төмен қарай басып, жазылып тұруына әсер етеді. Жиегі қызыл жіппен «Сыңар мүйіз» өрнек салынып, сырылған.
— Сіз осы үлкен кимешекті әзірлеу барысында қазақ аналарының бас киімін көп зерттедім дедіңіз. Жалпы, қазақта кимешектің қанша және қандай түрлері болған екен?
— «Кимешек» сөзі киім-кешек деген сөздерінің қосындысы. Бұл бүтінделу деген мағына береді. Бұрын алғашқы сәбиін дүниеге әкелген әйелдің басына кимешек кигізген. Түркі ғалымдарының зерттеулерінде кимешек сонау төртінші ғасырда пайда болғаны айтылады. Оның қандай болғанын тасқа қашап салып кеткен суреттерден көре аламыз. Ал Ислам дініне сегізінші ғасырларда енген дейді зерттеушілер. Ғалым Асанованың бір еңбегінде кимешектің ең көне түрі – орама кимешек екені жазылған. Бұрын қазақ әйелдерінің жасын, руын жөнсіз сұрай бермеген. Себебі, оның үстіндегі киімі мен басындағы кимешегінен-ақ тануға болады екен.
Ақпараттарға сүйенсек, Орта Азияда кимешектің 16 түрі болыпты. Сонымен қатар, әр аймақтың және әр рудың салтына, мәдениетіне негізделген кимешек түрлері болған. Оның бір-бірінен айтарлықтай айырмашылығы, ерекшеліктері бар. Мысалы, албан руының әжелері бет ойығы трапеция пішінді кимешек кисе, арғынның аналары бет ойығы үш бұрышты кимешек киген. Батыс Қазақстанның өзінде төрт аймағында төрт түрлі кимешек болған дейді. Дегенмен қатып қалған бір нұсқасы жоқ. Кимешекті түрлі әдіспен сәндеп, әсемдеп кие берсе болады. Мысалы, төбесіне үлбіретіп үкі тағуға, неше түрлі әшекей бұйымдарын қадауға болады. Бұрын
Орта жүз – найман, керей елінің қарт аналары басына шылауыш тартқан, Ұлы жүздің әжелері күндік ораған. Ертіс-Баян аймағының әжелері де көбінде үлкен матадан күндік жасаса, қалғанын беліне ораған екен. Мұны жылулық үшін жасаған болар деп санаймын.
— Сонда аналардың жас шамасын басына киген кимешегі арқылы да білуге бола ма?
— Әрине, бұрынғылар әйелдердің жас шамасын басындағы бас киіміне қарап-ақ айырған. Мысалы, кимешектің ойық шеті қызыл болса жас келіншекке тиесілі, сары болса орта жастағы әйел дегенді білдірген. Ал әжелер тек ақ түсті матадан жасап киген. Ұзындығына қарай төрт өлшемге бөлуге болады: арқа жабар, бел жабар, қылта жабар, бел қағар.
— Өзіңіз қолөнер саласына қалай келдіңіз және этностильдегі бас киімдерді тігуді қашан қолға алдыңыз?
— Ұлттық қолөнерге деген қызығушылықты біріншіден Алланың берген нығметі деп санаймын. Екінші, бұл өнер — маған анамнан дарыған қасиет. Менің анам кілем, алаша тоқып, сырмақ сыратын еді. Сондай-ақ, бізге неше түрлі әдемі киім тігіп беретін. Бір сөзбен айтқанда, он саусағынан өнер тамған шебер адам еді. Әкем де ағаштан түйін түйіп, өрнек салған ұста болатын. Ол домбыра, үстел және басқа да ат әбзелдерін жасап жүрді. Сондай-ақ, пышақты да әдемі соғатын. Жақында бір жақындарымның үйінен қолдан соғылған пышақ көргем. Соғылғалы бірталай уақыт болғаны байқалады, әбден жұқарған. Шамамен 70-80 жылдай болыпты. Сөйтсем оны менің әкем жасаған екен. Көзіме оттай басылды. Үлкендер де әкемнің туындысы екенін айтып отырды. Осының бәрін кішкентай кезімнен көріп, көңіліме тоқып өскеннен болар, кейін өзім де қолөнер саласына ойыстым. Қазақта: «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген жақсы сөз бар. Мен де сол секілді анамды көріп, «тон пішіп» жүрген жайым бар. Кішкентай кезімнен киім тігіп үйрендім. Ал ұлттық киімдер тігумен айналысқаныма бес-алты жыл болып қалды. Оның ішінде тек бас киімдерді тіккеніме екі жылдай болды.
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Тілеуберді САХАБА.
Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.