Соңғы жылдары асқазан ауруы, өт өзегі мазалап жүрген адам саны көбеюде. Бұл адамдардың өмір сүру салты, зиянды сусындарды ішуі және басқа да салдардың әсер етуіне байланысты болуы мүмкін. Дәрігерлердің көмегіне жүгінген соң, қажетті дәрі-дәрмек алып, ем-шара қабылдау уақыты ұзаққа созылатыны анық. Бұдан былай өңірімізде өт өзегіндегі тастарды жоятын жабдық арқылы бір күнде емделіп шығуға болады. Бұл туралы Павлодар қалалық №1 ауруханасының хирург-эндоскописі Ермек Тоқбаев айтып берді.
№1 Павлодар қалалық ауруханасында өт жолдарының ауруларын эндоскопия мен рентгенография арқылы емдейді. Осыдан екі жыл бұрын пациенттер Астана мен Алматы қалаларында емделсе, енді өт өзегінен тастарды алып тастау оталары өзімізде жүргізіліп, емшарадан кейін келесі күні аяққа тұра алады. Ал эндобейнехирургияның жаңа әдісі арқылы тез арада қалпына келуге болады.
Хирург-эндоскопист Ермек Тоқбаевтың айтуынша, өңірлік мамандар Ресейдің Барнауыл өңірінде білімін толықтырып, кейін аталмыш жабдықты өз мекемелеріне алған.
– Біз күніне 2-3 шағын инвазивті ота жасаймыз. Көбіне өт өзегінде тастарды алу жиі кездеседі, – дейді ол. – Жақында болған оқиға жайлы айтатын болсақ, Екібастұздың 36 жасар тұрғыны механикалық сарғаюмен ауырған. Өт өзегінде тастар табылып, оны жоюды шештік. Бұл науқастың алғашқы отасы екен. Мұндай ауруды емдеудің бірнеше кезеңі бар. Алдымен, өт жолындағы тастарды алып, кейін біз жоспарлы түрде холецистэктомия жасаймыз, яғни өт қабын жоямыз. Үшінші кезеңде стент орнатылса, оны да алу керек. Негізі, асқыну болмаған жағдайда жиналған тастарды жоюға бір ота да жеткілікті, – дейді дәрігер.
Кез келген адам скринингтен уақытылы өтіп, денсаулығын қадағалап, салауатты өмір салтын жүргізсе, аурудың алдын алуға болады. Сондай-ақ, емделуші МӘМС жүйесінде сақтандырылса, аталмыш ота жоспарлы түрде тегін жасалады. МӘМС-тен тыс мұндай ем-шараның бағасы жарты миллион теңгеге дейін жетеді.
Өз тілшіміз.