Ісі оңға басқан шағын өндірістер

Шіл 3, 2025

Жыл сайын елімізде өндірістердің ауқымы кеңейіп жатқаны байқалады. Өңірімізде «Павлодар» арнайы экономикалық аймағындағы шағын өндірістер де өнімін дамытып, жоғары көрсеткіш көрсетуде. Бүгінде бірнеше жыл аралығында кәсібін өрбіткен үздік өндіріс нысандары қатарында «Ascor» және «KAZBM» ЖШС отандық шикізаттардың арқасында қолданысқа пайдалы өнімдерді шығарады.

Бүгінде өңіріміздің Арнайы экономикалық аймағында 20 кәсіпорын қуатына сәйкес қызмет етуде, алдағы уақытта 18 нысан іске қосылмақ. Аталмыш аймақ 2011 жылы құрылған, аумағы 1100 гектар жерді құрайды. Кәсіпорындарды дамыту мақсатында отандық, оның ішінде шетелдік инвестицияларды тартумен айналысады.

– Біз Арнайы экономикалық аймақтың болашақ қатысушыларын инфрақұрылыммен, яғни шаруашылық мақсаттағы ауыз су мен тұрмыстық кәріз, электр энергиясы мен теміржол және автомобиль жолдарымен қамтамасыз етеміз. Сондай-ақ, осында орналасқан кәсіпорындарға жер уческелерін беріп, олар корпоративтік, табыс, мемлекеттік шикізатқа баж салығын төлеуден босатылады, – дейді «Павлодар» Арнайы экономикалық аймағының бас инженері Жақан Ракишев.

Аталмыш аймақта орналасқан композитті коагулянттар өндірісі «Ascor» ЖШС ластанған суды тазартумен айналысады. Алюминий полиоксихлориді суды тазарту үшін қолданылады, яғни құм бөлшектері жиналатын лас суға реагент қосылып, мұның бәрі әкке айналады. Бұдан кейін флокулянт түбіне түсіп, су тазарады. Олардың тұтынушыларының қатарында – еліміздің нарығындағы облыстық, Степногорск, ал ең ірі тапсырыс беруші – Ақтөбе ферроқорытпа зауыты. Сондай-ақ,  өнім Өскемен қаласына да сатылады. «Ascor» өндірістік бірлестігінің аға-шебері Александр Ряписов бүгінде өндірістің өнімділік қуаты жылына 13 000 тоннаға дейін жететінін және алға қойған жоспарларының нық екенін айтты.

–  Біздің жоба алюминий полиоксихлориді өндірісіне бағытталған, жұмыс барысында күнделікті қолданатын шикізат алюминий гидроксиді мен тұз қышқылынан құралады. Өндірістік үрдіс әк конвейері арқылы вибросит бункерінен өтеді, кейін микроситте үлкен, ұсақ фракцияға жойылып, бізге қажетті фракция екі реакторға түседі. Содан соң, қоймадағы контейнерлерде орналасқан тұз қышқылын қосып, барлығы белгілі бір температурада араласады. Реакция уақыты шамамен 2,5 сағатты құрайды. Бұдан кейін тазартылмаған алюминий полиоксихлоридін сүзгіден өткіземіз. Дайын өнімді еурокубоктарға немесе автоцистерналарға құямыз. Жақын арада өндіріс желісін кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Нарықта бірегей өндірушілердің қатарында болғандықтан, жетер жетістігіміз әлі алда деп ойлаймын, – дейді ол.

Өндіріс директоры Наталья Филиппова басшылыққа жуырда келгенімен, өндірістік үрдістің қыр-сырын жақсы біледі. Ол Арнайы экономикалық аймақта орналасқан нысанның кәсіпкерлер қорының қолдауымен жоспарлардың ойдағыдай іске асырылып жатқанын айтты.

– Ұжымдағы жастар белсенді, ұсыныстары ұтымды. 30 қызметкерімізбен бірге шараларға және өнімділікті арттыратын пайдасы зор тимбилдингтерге қатысамыз. Өндіретін су өндірістік қажет-тіліктер үшін, сондай-ақ ауызсу, тұрмыстық қажеттілік ретінде де пайдаланылады. Осыған орай, әрдайым судың сапасын қадағалап отырамыз. Қазіргі уақытта операторлар қажет. Өндіріс жолын таңдайтын жас мамандарды қуана қабылдаймыз, – дейді ол.

Ал «KAZBM» ЖШС гипертығыздалған кірпіш өндірісі қызметін 2022 жылы бастаған. Осы уақыт аралығында кешенді шаралар өткізіліп, заманауи жабдықтар алынған. Іске қосу-жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 2024 жылдың
мамыр айында  алғашқы өнімдер шығарыла бастады. Бүгінде айына 15 түрлі 800 кірпіш өндіріледі.

– Алдымен ол шикізаттан сығымдалып, кейін булану камерасында буланады. Бұдан кейін алты сағат ішінде демделген соң, қаптай бастаймыз. Кірпіш бір күнде дайын болады. Кәсіпорынның клиенттері қатарында жеке және коммерциялық ұйымдар бар. Алдағы уақытта тек кірпіш шығарумен айналыспай, сонымен қатар жоғары сапалы кірпіш әрі белгілі бір дизайн құрастырып, сәулеттік келбетке айналдыруды көздеп отырмыз. Қатты сығымдалған кірпіш деп құрылыста қолданатын берік өнімді айтады. Жұмыс екі ауысымда, ұжымда 7 адам жұмыс істейді. Тамыз айында қаптаушы жабдықты сатып алуды жоспарлап отырмыз. Бұл жұмысымызды әлдеқайда тездетіп, жеңілдетуіне әсер етеді, – дейді ол.

Арнайы экономикалық аймақта орналасқан өндірістердің ісі алға басқаны байқалады. Демек, жоспар бойынша іске қосылмақ 18 нысанның өндіріс алаңында өрге жүзуі әбден мүмкін. Жұмысшы мамандықтар мәртебесі артып, жастардың толығымен жұмыспен қамтылуына ықпал етеді.

Салтанат ҒАББАС.

Суреттерді түсірген — автор.