Қазақстандық колледждерде құжат қабылдау науқаны басталды. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ақпараты бойынша алдағы жаңа оқу жылында бұл бағытқа 150 мың грант бөлінеді деп жоспарлануда. Оның нешеуі павлодарлық колледждерге бұйырады? Жалпы, облыстағы кәсіптік-техникалық және орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында талапкерлерді тегін оқытумен және сұранысқа ие мамандықтармен қамтамасыз ету жұмыстары қалай жүргізілуде? Биыл қандай өзгерістер болуы мүмкін? Осы және өзге де сұрақтарымызға облыстық білім беру басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Қарлығаш Сембекқызы Асаимова жауап береді.
— Қарлығаш Сембекқызы, аймақ колледждерінде құжат қабылдау шарасы қалай жүріп жатыр және жаңадан ашылатын қандай мамандықтар бар?
— Бүгінгі таңда облыс бойынша 42 колледжде құжат қабылдау науқаны қызу жүруде. Өңірдегі 9 және 11-сынып бітірген талапкерлер осы колледждердегі 71 түрлі мамандық бойынша таңдау жасап, тегін білім ала алады. Олардың басым бөлігі сұранысқа ие жұмысшы мамандықтар екенін атап өткен жөн. Сонымен қатар, қазіргі уақытта
22 колледж әлеуметтік серіктестермен бірлесіп 48 жаңа мамандық бойынша білім беру бағдарламаларын әзірледі. Атап айтар болсақ, «Төтенше жағдайларда қорғау», «Жаңартылатын энергетика», «Жылжымайтын мүлікті басқару», «Наубайхана, макарон және кондитерлік өндіріс», «Пайдалы қазбаларды байыту», басқа да мамандықтар бар.
Қуантарлығы, павлодарлық колледждер шетелдік кәсіпорындармен және жоғары оқу орындарымен келісімшарт жасай бастады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша міндетті жұмыспен қамтылған кәсіпорындардың өтінімдері негізінде кадрларды мақсатты даярлау жүйесі енгізілді. Сол бойынша бүгінде арнайы тапсырыс аясында аймақ колледждерінде 1770 жас оқыса, алдағы жаңа оқу жылында бұл көрсеткішті 2500 студентке дейін арттыру жоспарлануда.
— Колледжге түскісі келетін талапкерлер нені білуі тиіс? Яғни, қандай құжаттары болуы қажет және науқан қашан аяқталады? Грант үлестіруде неге басымдық беріледі?
— Тегін оқуға түскісі келетін 9-сынып түлектері 18 тамызға дейін, ал 11-сынып бітіргендер 20 тамызға дейін құжаттарын тапсыруы қажет. Ақылы негізде күндіз оқығысы келе-тіндер үшін құжат қабылдау 25 тамызға дейін, ал кешкі және сырттай оқуға түсетіндер 20 қыркүйекке дейін жалғасады. Талапкерлерден тегін оқуға өтініштерді қабылдау электрондық үкімет порталы арқылы жүзеге асырылады. Ал ақылы негізде оқитындар облыс колледждеріне барып, құжаттарды қағаз түрінде тапсырады. Егер түлектер колледжге түсу мәселесі бойынша кеңес алғылары келсе, 32-19-40 телефон нөміріне хабарласуларына болады.
Айта кетерлігі, «Egov» порталы арқылы өтініш берген кезде талапкердің электрондық цифрлық қолтаңбасы болуы шарт. Егер кәмелет жасына толмаған жағдайда ата-анасының біреуінің немесе заңды өкілінің электрондық цифрлық қолтаңбасы болуы міндетті. Сондай-ақ, әр үміткер төрт мамандық пен төрт колледжді таңдай алады. Жұмысшы мамандықтарды таңдағандар әңгімелесуден өтеді, ал орта буын және қолданбалы бакалавриат мамандықтарына түсушілер мемлекеттік тапсырыс бойынша оқуға арналған конкурсқа қатысады. Бұл конкурс Ұлттық білім беру деректер базасының ақпараттық жүйесімен жүзеге асырылады. Яғни, грант бөлу кезінде аттестаттың орташа балы есепке алынып, автоматты түрде колледждерде тегін оқуға арналған бюджеттік орындардың иелерін анықтайды.
— Өндірісті өңіріміздегі техникалық-кәсіптік білім беру ұйымдарында жастар үшін қандай мүмкіндіктер бар?
— Облыс колледждерінде білім алатын жастар үшін мол мүмкіндік жасалуда. Солардың бірқатарына тоқталар болсақ, біздің студенттерге ай сайын 41 мың теңге шәкіртақы төленеді. Ауыл-аудандардан келетіндерге тегін жатақхана беріледі. Жұмысшы мамандықтары мен әлеуметтік осал топтардың студенттері тегін тамақпен қамтылады. Сондай-ақ, жол жүру ақысы үшін 4 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (15 728 теңге) өтемақы төленеді. Оқу орындарында заманауи зертханалар және оқу-өндірістік хабтар бар. Колледж студенттері ірі компанияларға жұмысқа орналаса алады. Қысқасы, жастарымызға өңірдің және елдің еңбек нарығында сұранысқа ие тегін техникалық-кәсіптік білім алудың тамаша мүмкіндігі беріліп отыр. Бұдан бөлек, «Жас маман» жобасы аясында 12 мамандық бойынша 10 оқу орны заманауи жабдықтармен және жаңа зертханалармен жабдықталып, халықаралық стандарттар бойынша 10 құзыреттілік орталығы мен жаттығу алаңдары жұмыс істеуде. Орталықтарда бизнес-инкубаторлар құрылды және студенттер қазірдің өзінде өз бизнес-идеяларын табысты жүзеге асыруда. Сондай-ақ, 3 колледж базасында өз ісін ұйымдастыру үшін шағын кәсіпорындар ашылды. Материалдық-техникалық жарақтандырудың арқасында 15 колледж коммерцияландырумен айналысуда. Мәселен, соңғы 2 жылда колледждерде ақылы қызмет көрсету және өнімді өткізу бойынша жалпы табыс 103,5 млн теңгені құрады.
— Ақпаратыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.