Қауіпсіздікті қалай сақтау қажет?

Шіл 3, 2025

Елімізде жұмысшылардың еңбек құқығы мен қауіпсіздігін сақтау мәселесі күн тақырыбында өткір тұр. Өйткені, жыл сайын жүздеген адам жазатайым оқиғадан жапа шегуде. Тіпті, ажал құшып жатқандар да аз емес. Мәселен, өткен жылы 1 408 азамат жарақат алып, оның ішінде 202 адам қайтыс болған. Сондай-ақ, бүгінде 16 мыңға жуық тұрғын еңбек ету қабілетінен айырылған екен.

Өкінішке қарай, өңірдегі жағдай да мәз емес. Олай дейтініміз, еңбек етушілер тарапынан түсіп жатқан арыз-шағымдар азаймай тұрған жайы бар. Тек ағымдағы жылдың алғашқы 5 айында мемлекеттік еңбек инспекторларына павлодарлық азаматтардан 600-ден астам өтініш келіп түскен. Мұндай жайсыз жағдайлардың алдын алу үшін не істеу керек? Мемлекет тарапынан қандай шаралар қабылданып жатыр? Осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрген едік.

Тапсырмалар берілді

Жұмысшылардың еңбек қауіп-сіздігін сақтау, құқықтарын қорғау — мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Жақында өткен Үкімет отырысында осылай деген Премьер-министр Олжас Бектенов қауіпсіз еңбек жағдай-ларын қамтамасыз ету мәселесіне ерекше мән беру керектігін қадап айтты.

— Адам өмірі мен денсаулығы – ең басты құндылық. Сондықтан еңбекті қорғау жүйесі жұмыс орнында қауіпсіздікті қамтамасыз етудің заманауи тәсілдеріне негіз-делуі керек. Мемлекет басшысы кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі мәселелерін шешуді тапсырды. Ерте ескерту және хабарлау жүйелері апат қаупі туындаған жағдайда жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Жазатайым оқиғаларды азайту үшін жұмыс берушілер жарақаттануға, әсіресе, адам өліміне алып келетін жағдайларды болдырмайтын еңбек қауіпсіздігін автоматтандыру мен цифрландыруды қамтамасыз етуге міндетті, — деп атап өтті Олжас Бектенов. Сондай-ақ, ол еңбекті қорғау шараларын ұйымдастырудың бірыңғай тәсілін әзірлеу қажеттігін айтып, бұған барлық мемлекеттік орган және әкімдіктер мен кәсіпорындар атсалысуы тиіс екенін жеткізді. Кәсіпорындарда жарақаттануға мүлдем төзбеушілік қағидатын енгізіп, халықаралық стандарттарға сәйкес басқару жүйесіне көшу керектігін алға тартты. Сонымен қатар, Үкімет басшысы бірнеше министрлікке нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, осы жылдың 1 қарашасына дейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жұмыс берушілердің өндірісте жарақат алу фактілерін жасыруына жол бермеуге қатысты заңнамалық түзетулер әзірлеуді тапсырды. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне биыл
1 желтоқсанға дейін еңбекті қорғау саласындағы біртұтас цифрлық экожүйе құруды қамтамасыз ету жүктелді. ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне жыл соңына дейін жұмыс берушілермен бірге өндірістік қауіпсіздік пен еңбекті қорғауға арналған арнайы жабдықтарды міндетті түрде орнатуды қадап айтты. Ал ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне ағымдағы жылдың аяғына дейін кәсіпорындардың өнеркәсіптік қауіпсіздік нормаларына сәйкестігін жіті бақылап, тексеру жүргізу қажет, деді.

Демек, бұдан былай қазақ-стандық жұмысшылардың қауіп-сіздігі қатаң қадағаланатын болады.

Алдын алудың жолы қандай?

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, еліміздегі 500-ге жуық жұмыс орны зиянды әрі қауіпті саналады екен. Бұған қарап, аталған мекемелерде еңбек ететін мыңдаған адамның өмірі қыл үстінде тұрғанын аңғаруға болады.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек инспекциясы комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Асқар Қапановтың айтуынша, тау-кен металлургия өнеркәсібінде және құрылыс саласында жұмыс істейтін азаматтар көбірек зардап шегуде. Мәселен, біздің аймақ бойынша жазатайым оқиғалардың басым бөлігі Павлодар және Екібастұз қалаларындағы өндірістерде орын алған. Нақтырақ айтар болсақ, осы жылдың басынан бері «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ Шығыс разрезінде 2 жағдай, «Горкомхоз-Павлодар» ЖШС-де
2 оқиға және «Қазақстан алюминийі» АҚ-ның электр станциясында тағы да 2 жазатайым жағдай тіркелген. Басты себеп – жұмыстың талапқа сай ұйымдастырылмауы, дейді мамандар.

— Өндірістік жарақат алу жағдайларын азайту және мемле-кеттік бақылауды қамтамасыз ету мақсатында 2024-2030 жылдарға арналған ҚР Қауіпсіз еңбек тұжы-рымдамасын орындау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, өңірімізде қызметкерлер арасындағы жазатайым оқиғалар мен кәсіптік аурулардың алдын алу жөніндегі шаралар шеңберінде павлодарлық 25 кәсіпорынға «Халықтық бақылау» жобасы енгізілді. Сонымен қатар, бүгінде облыс кәсіпорындарында
881 өндірістік кеңес жұмыс істеп жатқан жайы бар. Олардың міндеттеріне өндірістік жарақаттанудың алдын алу, жұмыс орындарында еңбек жағдайларын тексеруді ұйымдастыру сынды мәселелермен айналысу кіреді. Мемлекеттік еңбек инспекциясы өндірістегі жазатайым оқиғаларды дұрыс және уақытылы тергеу мен есепке алуды үнемі қадағалап отырады. Бұдан бөлек, облыстағы денсаулық сақтау ұйымдарымен бірлесіп, жұмыс орындарында жарақат алған жандардың жағдайлары бойынша талдау жасалады, — дейді Асқар Қапанов. Оның айтуынша, өндірісті өңірімізде еңбек қауіпсіздігін сақтау мақсатында тәжірибе алмасуға арналған дөңгелек үстел шаралары жиі ұйымдастырылуда.

— Облыстағы кәсіпорындардың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі қызметтерге жауапты басшылармен тұрақты түрде кездесулер өткіземіз. Мысалы, «Қазэнергокабель» АҚ, «Богатырь Көмір» ЖШС, «Павлодар мұнай – химия зауыты» ЖШС, «Қазақстан алюминийі» АҚ, «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС, «Каустик» АҚ, басқа да өндіріс орындары басшылары-
ның қатысуымен жұмысшылардың қауіпсіздіктері, құқықтары туралы жиындар ұйымдастырылып, жаңа нормативтік актілер қаралып тұрады, — дейді департамент басшысы.

Аталмыш мекеменің ақпара-тынша, биыл жыл басынан бері облысымызда 644 адамды қамтыған 30-дан астам семинар-кеңес өткізіліп, 300-ге жуық өтініш иесіне кеңес берілген. Аталған іс-шаралар өңірдегі еңбек жағдайлары мен
қауіпсіздігін жақсартып, өнді-рістік жарақаттарды азайтуға жәрдемдеседі, дейді мамандар.

Десе де, сөз басында атап өтке-німіздей, өңірімізде жұмысшылар тарапынан түскен арыз-шағымдар азаймай тұр. Осы жылдың алғашқы 5 айында еңбек инспекциясы павлодарлық жұмысшылардың
641 өтінішін қараған. Оның ішінде 578 өтініш еңбек қатынастарына қатысты болса, 63 азамат қауіп-сіздігі мен еңбекті қорғау мәселесі бойынша жүгінген. Тексеру нәти-жесінде еңбек қатынастары саласында 174, еңбекті қорғау бойынша 47 бұзушылық анықталған. 87 ұйғарым беріліп, жалпы сомасы 16,2 млн теңгені құрайтын 48 әкім-
шілік айыппұл салынған.

Өкінішке қарай, биыл жыл басынан бері облыстағы кәсіпо-рындар мен ұйымдарда 34 жазатайым оқиға орын алған. Салда-рынан 35 адам зардап шегіп, 1 азамат мерт болған. Мұндай жайсыз жағдайлар еліміздің әр өңірінде орын алуда. Осы орайда жұмысшылардың өндірістік жарақат алуына тосқауыл қойып, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды жұмыстар басталып кеткенін айта кеткен жөн.

ҚР Еңбек және халықты әлеу-меттік қорғау министрі Светлана Жақыпова былтыр 1408 адам жазатайым оқиғалардан зардап шеккенін айтып, бұл жағдайдың алдын алу үшін ведомство 10 бағыт
бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіп жатқанын мәлім етті. Оның айтуынша, министрлік тарапынан еңбекті қорғау саласын цифрландыру, өндірісте зардап шеккендерді әлеуметтік қорғау шараларын жетілдіру, зиянды жұмыста істейтін қызметкерлерді қолдау, кәсіподақтар институтын нығайту, бақылауды жетілдіру, мемлекеттік инспекторларға өмірге қауіп төнген кезде жұмысты тоқтата тұру жөніндегі өкілеттіктерді беру, халықаралық еңбек ұйымдары-
ның тиімді стандарттарын енгізу мәселелері қарастырылуда.

Осы айтылған жұмыстар өз деңгейінде жүзеге асса, қатардағы жұмысшылардың еңбек жағдайлары да жақсара түспек.

*  *  *

Осылайша, бүгінде жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне мемлекеттік деңгейде мән берілуде. Бұл бағытта қолға алынып жатқан игі істер алдымен өндірісті өңір саналатын Павлодар облысының азаматтары үшін тиімді болады деген үміт бар.

Нұржайна ШОДЫР.