Маңызды мамандықты меңгеріп…

Шіл 10, 2025

Ауылдық жерде еңбектері елене бермейтін, бірақ байланыс нөмірі кез келген ауыл тұрғынының ұялы телефонында жүретін бір мамандық иелері бар. Ол –
ветеринариялық қызметкерлер, ауылдағы ағайынның тілімен айтсақ, мал дәрігері. Әдетте бұл жұмысты жасы қырық-елуді еңсерген ер азаматтар ғана атқарады деп ойлаймыз. Ал Баянауыл ауданына қарасты Бірлік ауылдық округінің ветеринарлық пунктінде Анита Петякшева есімді ару қызмет атқарып, бүкіл ауылдық округ тұрғындарының мал амандығы үшін зор жауапкершілікпен еңбек етуде.

Анита Владимировна 2006-2017 жылдары аралығында Баянауыл ауданы Зейтін Ақышев атындағы жалпы орта білім беру мектебінде білім алып, бірден мал дәрігері болуды мақсат еткен. 11-сыныптан кейін ұлттық бірыңғай тесттен жоғары ұпай жинап, нәтижесінде Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетіне мал дәрігері мамандығына оқуға түскен. Университетте 5 жыл білім алған соң сол алған білімі мен үйренген тәжірибесін ауылдастарының игілігіне жарату мақсатында ауылға бет алды. Алғашқы еңбек жолын 2022 жылы Бірлік ауылдық округінде санитар болып бастап, кейін ветеринарлық дәрігер болды. Өткен жылдан бері сол ауылдағы ветеринарлық пункттің меңгерушісі болып жұмыс істеп келеді. «Мал дәрігері болу жүрек қалауыңыз ба, әлде басқа себебі болды ма?» деген сауалымызға былай деп жауап берді:

— Мен бала кезімнен ауылдық жерде өстім. Біздің үйде мал көп болды. Мен кішкентай кезімнен әке-шешеммен бірге қораға шығып, малдарды суаруды, шөбін салуды үйрендім. Содан бастап үй жануарына деген махаббатым ашылып, мал өсіруге, оларды күтіп-баптауға деген қызығушылығым оянды. Бала кезімнен басталған осы қызығушылық менің болашақта ветеринар болуыма өз әсерін тигізді, — деді Анита Владимировна.

Жас маманның айтуынша, Қазақстанның басқа облысымен салыстырғанда біздің өңірдегі ветеринарларға жақсы жағдай жасалған. Барлық қажетті дәрі-дәрмек пен құрал-жабдықтар уақытында бөлінеді. Сонымен қатар, жас мамандардың әлеуметтік жағдайы назардан тыс қалмайды. Мәселен, «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы бойынша үймен қамтамасыз ету қарастырылған.

Жалпы, ауылдағы ветеринарлық пункттің қызметіне ауыл тұрғындарының барлығы жүгінеді деуге болады. Сондықтан, ветеринарларға  жүктелген жауапкершілік зор. Мысалы, әрбір ауданға және ауылдық округке жеке-жеке жоспар беріледі. Оның ішінде әр жартыжылдық сайын жүргізілетін вакцина салу, қан алу сынды жұмыстары бар. Олар өзінің белгіленген мерзімінде басталып, жоспарлы уақытта аяқталуы керек.  Сонымен қатар, әр айда сібір жарасына қарсы вакцинация жүргізіледі. Ал ветеринарлық анықтамалар беру, мал басының паспортын әзірлеу, базаға енгізу, базадан шығару сынды жұмыстар күнделікті атқарылады.

— Біздің жұмысымыз жарты-жылдықпен өлшенеді. Мысалы, бірінші жартыжылдық ақпан-маусым, екінші жартыжылдық тамыз-қараша айларын қамтиды. «Жалпы, мал дәрігері болу әйел адамға қиын емес пе?» деген сұрақтар жиі қойылып жатады. Егер адам өзінің жұмысын жақсы білсе және жанымен жақсы көрсе, ешқандай қиындық болмайды, — дейді ол.

Анита украин ұлтының қызы болғанымен, қазақ отбасының келіні. 2023 жылы тұрмыс құрып, бүгінде бір баланың анасы атанып отыр. Үлкен отбасындағы келіндік һәм аналық міндетпен бірге, бүкіл ауыл тұрғындарының төрт түлік малын түрлі індеттен қорғап отырған жас ветеринардың қызметіне зор табыс тілейміз.

Еске сала кетейік, елімізде ветеринария қызметкерлері күні 2024 жылдан бастап аталып өтілуде. Жаңа мерекенің басты мақсаты – ветеринарлар мен үй жануарынан алынатын өнімдердің қауіпсіздігін қадағалайтын мамандардың еңбегін бағалау, мәртебесін көтеру.

Тілеуберді САХАБА.