Таяуда ғана Павлодар қаласының Орталық жағалауында төрт дөңгелекті велокөлікті басқару кезінде қайғылы оқиға тіркелді. Нәтижесінде 69 жастағы зейнеткер әйел оқиға орнында алған жарақаттарынан қайтыс болды. Ал қызы мен оның үш баласы Павлодар қалалық №1 ауруханасына жатқызылды. Қазіргі уақытта Павлодар тұрғынының өліміне әкеп соқтырған жол-көлік оқиғасы бойынша полицейлер тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Орын алған оқиғаға байланысты велокөлікті жалға беру орталығы келушілер үшін жабық. Жалпы, қоғамдық орында электросамокат, екі, үш, төрт дөңгелекті велосипедпен жүру заңды ма? Қауіпсіздік шаралары қалай жүргізіледі? Мәселенің мән-жайын анықтап көрдік.
Жалға беру орындары жабық
Павлодар қаласында орын алған бұл қайғылы оқиға қоғамдық орында қолданылатын көлік құралдарының қауіпсіздігіне қатысты көптеген сұрақ туғызды. Соңғы жылдары жағалауларда, саябақтарда, халық көп жиналатын орындарда электросамокаттар, гольф-карлар, екі, үш, тіпті төрт дөңгелекті велосипедтерді жалға беру сәнге айналды. Алайда елімізде бұл техникаларға қатысты құқықтық реттеу мен бақылау тетіктері әлі де әлсіз.
Облыстық полиция департаменті мамандарының сөзінше, бұған дейін Павлодар қаласында мұндай көлік түрлерімен қайғылы оқиға орын алмаған. Тек шаһар көшелерінің бірінде электр самокатты тізгіндеген ересек әйел абайсызда бүлдіршінді қағып кеткен болатын. Осы оқиғадан соң Орталық жағалаудың орта және жоғарғы бөліктерінде электр самокаттарға шектеу енгізу ұсынылды. Әзірге ұсыныс сол күйі қалып отыр. Одан бөлек, тәртіп сақшылары төрт дөңгелекті велосипедтерді басқару үшін арнайы куәлік талап етілмейтінін де айтады. Себебі, бұл құралдар көбінесе балалар мен отбасылық серуенге арналғандықтан, оларға қатысты жол қозғалысы ережелері нақты қарастырылмаған.
Қоғамдық орындарда жалға берілетін көлік құралдарына қатысты техникалық жағдайы, тежегіш жүйесі, рөлі мен шиналарының жарамдылығы жалға берушінің жауапкершілігінде екені анық. Алайда, өкінішке қарай, бұл талаптар көп жағдайда ескеріле бермейді. Көбіне жалға берілетін құралдар тек коммерциялық мақсатта қолданылып, қауіпсіздік техникасына, жолда жүру ережелеріне, тіпті құралды кім жүргізетініне де мән берілмейді. Көп жағдайда жолаушылар – балалар немесе жасы үлкен адамдар көлікті басқара алмайтындықтан, оқыс оқиғаларға тап болып жатады.
Орталық жағалауға осы мәселе бойынша барғанымызда, жағалаудың маңынан велокөліктерді жалға беретін бірде-бір орынды таба алмадық. Ал осындай көліктерді жалға беретін кәсіпкерлер оқиғаға байланысты пікір білдіруден мүлдем бас тартты. Белгілісі – оқиға болғаннан кейін мұндай нүктелер сол маңда уақытша жабылған.
Шектеу қойған дұрыс па?
Аталмыш оқиғадан соң тұрғындардың көбі жағалаудағы велокөліктердің қауіпсіздігіне күмәнмен қарайтын болған. Әсіресе, ата-аналар мен зейнеткерлер бұл қызметке нақты шектеулер мен ережелерді енгізуді талап етіп отыр.
— Жуырда балаларыммен бірге велокөлікке отырып көрдік. Басқаруы ауыр, тежеуі әлсіз болды. Жалға берушілерден ешкім қауіпсіздік белбеуін ұсынбады, нұсқаулық та берілмеді. Тек «рөл – мынау, тежеуіш – мынау» деп үстірт түсіндірді. Оған қоса, жуырда орын алған қайғылы оқиғадан соң балалар мен қарттарға ондай көлікті жалға беруге болмайды деп ойлаймын, — дейді Павлодар қаласының тұрғыны Айнаш Баймұратова.
Бұл пікірді зейнеткер Гүлжан Сәрсенова да қолдайды. Оның сөзінше, бұрын Орталық жағалау демалыс орны болса, қазіргі уақытта сауданың негізгі нүктесіне айналған.
— Орталық жағалау бұрын демалыс орны еді. Бірақ қазір көп адам төрт дөңгелекті көліктерді, электросамокаттарды тізгіндеп, жанымыздан зуылдап өтеді. Немерелеріммен серуендегенде жаным байыз таппайды. Олардың қауіпсіздігіне қатты алаңдаймын. Сол себепті алдағы уақытта қоғамдық жерде ондай көлік түріне шектеу болғаны дұрыс, — деп атап өтті ол.
Ал Арман Жолдасов мұндай қызметтің болғанына қарсы емес. Керісінше, қалада мұндай демалыс түрі көбірек болуы керек деп санайды. Дегенмен мұндай көліктермен жүргенде қауіпсіздік ережелерін сақтау да маңызды екенін тілге тиек етеді.
— Велокөлік – отбасылық серуенге арналған тамаша мүмкіндік. Әрине, қауіпсіздікке мән беру керек, бірақ бір оқиға болды екен деп бәрін жауып тастау дұрыс емес. Қоғамда әрдайым тәуекел бар. Апат кенеттен келуі мүмкін. Сондықтан бұл жерде мәселе қадағалауда, тәртіпте болуы керек. Ал қызметтің өзін тоқтатуға түбегейлі қарсымын, — дейді ол.
Қоғам белсендісі, балалар құқығы жөніндегі облыстық уәкілі Сәуле Шәкенова бұл ретте былай дейді: «Жағалауда үлкендер мен балалар бір кеңістікте жүр. Велосипед болсын, самокат болсын — бәрі қозғалыста. Бірақ қауіпсіздік ережесі түсіндірілмейді. Ең болмаса, қауіпсіздік белдігі болуы керек немесе арнайы аймақ бөлінуі қажет. Әйтпесе, мұндай
қайғылы оқиғалар қайталануы мүмкін».
Ақпарат көздеріне сүйенсек, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы бойынша, велосипед — көлік құралы болып саналмайды, ал электрлі велосипед пен самокаттар —
техникалық сипаттамасына қарай әртүрлі санатқа жіктеледі. Егер оның жылдамдығы 25 км/сағ-тан аспаса және мотор қуаты 250 ваттан төмен болса, онда ол велосипедке теңестіріледі.
Қазіргі уақытта облыстық полиция департаменті аталмыш жағдайға байланысты тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Қайғылы оқиға орын алған төрт дөңгелекті велосипедтің техникалық жағдайы да тексерілуде. Ал Павлодар қалалық әкімдік өкілдерінің айтуынша, жаз маусымына орай жаяу жүргіншілер жолында жүретін көлік құралдарын реттеу мәселесі күн тәртібіне қойылған. Бұл бағытта арнайы ереже әзірлеу немесе жалға беру орындарына қатысты жауапкершілікті күшейту көзделіп отыр.
Түйін:
Қоғамдық орында қозғалыста жүрген көлік құралы қанша «ойыншық» көрінсе де, адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Сол себепті жалдаушы да, пайдаланушы да, әсіресе баламен серуендейтін ата-аналар да қауіпсіздікке бей-жай қарамауы тиіс. Жүйелі бақылау мен нақты ереже болмайынша, мұндай жағдайлар қайталана беретіні анық.
Айдана БОРАНБАЕВА.