Елімізде сотталған азаматтарға амнистия жарияланды
Биыл Ата Заңның 30 жылдығына орай егемен ел тарихында оныншы рет амнистия жарияланып отыр. Яғни, аса ауыр емес қылмыс түрлері бойынша сотталып, жаза басқандардың бір бөлігі темір тордың ар жағындағы тар қапастан бостандыққа шығады. Енді бірінің жазасы айтарлықтай жеңілдеп, түзету мекемесінде өткізуі тиіс мерзімі едәуір қысқарады. Мұндай рақымшылық өткеннен сабақ алып, қатені түзеуге шынымен сеп бола ма? Әлде тағы да құқық бұзып, ережені елемеуге итермелей ме?
Сабақ болды ма?
Жалпы, әлемде амнистия жариялап, сотталғандарға кешірім жасау тәжірибесі аса кең тарала қойған жоқ. Тіпті, кей сарапшылар мұны кежегесі кейінге тартқан елдердің әрекеті деп топшылайтын көрінеді. Енді бірі керісінше, гуманизмнің нағыз үлгісі деп пайымдайды. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, АҚШ пен Еуропаның Германия, Испания, Нидерланд, Норвегия, Швеция сынды мемлекеттерінде амнистия институты жоқтың қасы. Бұл елдерде сотталғандардың ісі көп жағдайда жеке қаралып, соған сай рақымшылық жасау не жасамау туралы шешім қабылданып жатады. Ал ТМД құрамына кіретін мемлекеттерде, Болгария, Вьетнам, Египет, Ирак, Қытай, Румыния, Түркия, Филиппин елдерінде жазасын өтеушілерге жеңілдік жасау тәртібі әлі де бар. Сондықтан, амнистия жасауды қандай да бір ел дамуының көрсеткіші ретінде бағалап, қабылдау дұрыс болмас.
Біздің елде осы уақытқа дейін 9 рет рақымшылық жасалды. Оның әрқайсысы мемлекеттік маңызы бар айтулы датаға, белгілі бір межеге байланысты жарияланды. Айталық, алғашқы амнистия 1994 жылы халықаралық отбасы жылына байланысты ұйымдастырылды. Сол тұста жалпы саны 1 380 сотталған адам босатылды. Екіншісі 1996 жылғы 15 шілдеде «Қазақстанның жаңа Конституциясының бір жылдығына» орайластырылып, 10 988 азамат еркіндікке шықты. Үшіншісі 1999 жылы ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылына байланысты өтіп, 15 705 жазасын өтеуші бостандыққа шықса, тағы 2 270 адамның жазасы жеңілдеді. Төртіншісі 2000 жылғы 29 желтоқсанда Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның қабылдануының он жылдығына байланысты жарияланды. Осы кезеңде 7 791 сотталған адам босатылды және 964 сотталғанның жаза мерзімі қысқартылды. Бесіншісі 2002 жылғы 19 ақпанда Тәуелсіздіктің 10 жылдығына орай қабылданып, 10 524 адам түрмеден шықты. Сондай-ақ, 693 адамның жаза мерзімі қысқартылды.
Атап өтерлігі, осы уақытта World Prison Brief халықаралық ұйымының рейтингінде «түрме тұрғындарының» халықтың жан басына шаққандағы үлесі бойынша Қазақстан АҚШ пен Ресейден кейінгі орында тұрды.
2006 жылы алтыншы рет амнистия болып, 3 626 сотталған босатылып, 1 406 сотталғанның жаза мерзімі айтарлықтай азайды. 2011 жылы Тәуелсіздіктің 20 жыл-
дығына орай рақымшылық қарас-тырылып, 2 628 жазасын өтеуші еркін атанып, 859 адамның түрмеде өткізер уақыты қысқарды. Сегізіншісіне 2016 жылғы 13 желтоқсанда «Тәуелсіздіктің жиырма бес жылдық мерейтойы» себеп болыпты.
1 220 сотталған адам босатылып, 2 338 сотталғанның жаза мерзімі қысқартылды. Соңғы үш амнистия-
ның нәтижесінде Қазақстан жоғарыда аталған рейтинг бойынша екінші орыннан бірден 100-орынға дейін түсті. Сөйтіп, сотталушылардың жан басына шаққандағы үлесі бойынша көрсеткішті айтарлықтай жақсартты.
2021 жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында тағы мыңға жуық адам түрмеден босап шығып, төрт мыңға жуық азамат пробация бақылауынан алынып тасталды. Сондай-ақ, 5 мыңға жуық қылмыстық іс тоқтатылды. Сөйтіп, бұл жолғы рақымшылық 14 мыңнан астам адамды қамтыды. 2022 жылдың соңында Қаңтар оқиғасына қатысты тағы бір шағын амнистия жарияланып, жазықсыз жазасын өтегендер жақындарының ортасына оралды. Енді, міне, Ата Заңның 30 жылдығы аясында жазасын өтеушілерге тағы бір кешірім жасалып отыр.
Өкінішке қарай, бұған дейін амнистия бойынша босап шыққандардың қаншасы өмірден өз орнын тапқаны, ал қаншасы қайтадан тар қапасқа оралғаны туралы нақты статистика жүргізілмейтін көрінеді. Сондықтан да, рақымшылық оларға сабақ болған-болмағанын дөп басып айту қиын.
Бірреттік қана шара
Осыдан бір ай бұрын Парламент депутаттары «Қазақстан Респуб-ликасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заң жобасын мақұлдады. Соған сәйкес, аса ауыр емес қылмыс жасаған азаматтарға амнистия жарияланды. Бұл өз кезегінде 15 мың адамның жазасын жеңілдетеді. Атап айтқанда, қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес қылмыс жасағандарды, орташа ауыр қылмысқа барған азаматтар залал келтірмесе немесе толық өтесе және залалдың бар-жоғына қарамастан орташа ауыр қылмыстар бойынша сотталған әлеуметтік тұрғыдан осал топ санатындағы адамдарды жазадан босату қарастырылған. Сонымен қатар, заң күшіне енгенге дейін жасалған ауыр емес және орташа ауырлықтағы қылмыстар бойынша қозғалған істер бойынша сот шешімі әзірше шықпаса, оларды тоқтату ұсынылады. Ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін сотталғандар үшін жаза мерзімі қысқартылады. Сол сияқты алаяқтық немесе ірі сомаларды иемдену бойынша істі болған азаматтар келтірілген залалды толық өтесе, жаза мерзімі бестен бір бөлікке азаяды.
— Мен бұл заңға қол қойдым. Осы ізгі шараның арқасында жазасын өтеп жатқан 15 мыңнан астам адамға амнистия жарияланды. Соның екі мыңнан астамы бостандыққа шығады. Қалғандарының жаза мерзімі қысқарады. Онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс жасағандар ғана рақымшылыққа ілінеді. Ең алдымен, әлеуметтік жағынан осал топқа жататын адамдарға, яғни, баласы бар әйелдерге, егде адамдарға, кәмелет жасына толмағандарға және осы санаттағы басқа да азаматтарға кешірім беріледі. Рақымшылық — жаза басқан жандарға жасалған нақты көмек, олардың қоғамға қайта оралуына жағдай жасау деп түсіну қажет. Әл-Фарабидің сөзімен айтсақ, бұл – шын мәнінде қайырымды елге тән сипат. Мемлекет шалыс қадам басқан азаматтан теріс айналмайды, тек оның тура, дұрыс жолға түсуіне жәрдем береді. Өйткені, әділетті елдің соты – әділ, ниеті түзу болуға тиіс. Бірақ рақымшылық жасау дегеніміз – барлық мәселенің шешімі емес, бірреттік қана шара екенін түсінген жөн, —
деген еді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа отырысында.
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан атап өткендей, амнистия аясында жалпы 15 мың адам қамтылады. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен шамамен 632 адам, пробация қызметінің есебінде тұрған 3,5 мың сотталған, яғни барлығы 4,1 мың адам бостандыққа шығады. Қалған 11 мың адамға жаза мерзімін дифференциалды қысқарту шарасы қолданылады. Заң жобасы 833 әйелге де қатысты болмақ. Олардың ішінде 109-ы босатылып, 724-іне жаза мерзімі қысқартылады.
Атап өтерлігі, аса қауіпті қылмыс жасағандар, сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталғандар, зорлық-зомбылық, денсаулыққа зиян келтіру, мемлекеттік құпияны жария ету сияқты қылмыстар бойынша кінәлі деп танылған азаматтарға амнистия жасалмайды.
Рақымшылық жасау арқылы мемлекеттік шығын жылына 5 млрд теңгеге азаяды деп те күтіліп отыр. Үнемделген бұл қомақты сома қылмыстық атқару жүйесі мекемелеріндегі сотталған азамат-
тардың жағдайларын жақсартып, халықаралық құқықтық стандарт-тарды енгізуге мүмкіндік бермек.
ҚР Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті ұсынған соңғы мәліметіне сүйенсек, түзету мекемелерінде 35 мыңға жуық сотталушы, тергеу изолятор-ларында 5 мыңға жуық адам бар. Бүгінгі таңда сотталған, күдікті немесе айыпталушы бір адамға мемлекеттік бюджеттен күніне 2900 теңге қарастырылады. Бұл сомаға тамақ, төсек-орын қажеттіліктері, гигиеналық заттар, коммуналдық қызметтер, сотталушыны бір изолятордан екіншісіне ауыстыру, сотталғандарды бостандыққа шығару сынды шығындар кіреді. Есептейтін болсақ, бір адамға жылына 1 млн 58 мың теңгеден астам сома қарастырылады. Түзету мекемелеріндегі адам санына көбейтер болсақ, жылына 37 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалады. Сондықтан, рақымшылық жасалуы қазына қаржысын шынымен үнемдейтін сыңайлы.
Екі адам еркіндікке шықты
Конституцияның 30 жылдығы аясында қабылданған амнистияға біздің өңірдегі түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқандар да ілікті. Павлодар облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі депар-
таментінің ақпаратына сүйенсек, жабық мекемелердегі 507 сотталу-шыға рақымшылық жасалмақ. Олардың қатарында әлеуметтік осал топ санаттарына жататын 12 адам бар.
— Амнистия аясында 50 сотталушының бостандыққа шығуы, жазасын өтеп жатқан 457 адамның жаза мерзімінің қысқаруы қарастырылған. Сонымен қатар, пробация қызметінде есепте тұрған 554 сотталушы аталмыш заң аясында қамтылады. Олардың ішінде 57 адам – осал топ өкілдері. Пробацияда тұрған 206 сотталушы босатылып, 348 адамның мерзімі айтарлықтай азаяды, — делінген хабарламада.
Таяуда Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантай облысқа жұмыс сапары барысында полиция, прокуратура, қылмыстық-атқару жүйесі департаменті, миграция қызметі, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы өкілдері және №63, 44, 45, 46 түзету мекемелерінің басшыларымен кездесті. Сол тұста жаңашылдықтың жай-жапсарына тоқталды.
— Амнистия заңы алты ай бойы күшінде болады. Осы кезеңде көп сұрақтар туындайтыны анық. Сол себепті әр жағдайды мұқият қарау, азаматтарға нақты әрі түсінікті жауаптар беру міндеті тұр. Сонымен бірге, амнистия кейбір ауыр қылмыстарға қолданыл-майтынын ескеру керек, — дейді Ж.Амантай.
Осы уақытқа дейін облыстағы №46 түзету мекемесінен екі азамат бостандыққа шықты. Олардың бірі – 1984 жылы туған азамат Қылмыстық кодекстің 188-бабы бойынша сотталған еді. Яғни, ұрлық жасап, бір жыл 7 айға темір тордың ар жағына тоғытылған еді. Түзету мекемесінде 7 ай 2 күн уақытын өткізіп, амнистия аясында бостандыққа шықты. Сөйтіп, 11 ай, 27 күн өтеуі тиіс болған мерзімін еркіндікте өткізетін болды. Жабық мекемеден шыққан бойда бірден Екібастұз қаласына, жақындарының ортасына оралды.
Тағы бір сотталушы тонаушылық жасағаны үшін жаза арқалаған болатын. Сот оны 1 жыл 11 ай 21 күнге бас бостандығынан айырды. Соған сәйкес, келесі жылдың
3 сәуірінде бостандыққа шығуы тиіс еді. Бірақ рақымшылыққа ілігіп, 1 жыл екі айдан соң босады. Яғни, 9 ай 9 күн мерзіміне жеңілдік берілді. Ол облыс орталығындағы қиын жағдайға тап болған азаматтарды оңалту орталығына орналастырылды. Мұнда оған өмірге қайта бейімделуге барлық жағдай
жасалады.
— Біз жазасын өтеу орындарынан келген азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетуге әзірміз. Алдымен психологиялық көмек қарас-тырылады. Олардың өмірге қайта оралуына мән беріледі. Сонымен қатар, құжаттарды ресімдеу, бірреттік төлем алу, жұмысқа орналасу сынды жағдайларын жасауға тырысамыз. Егер сотталып келген азамат біздің облыстың тумасы болса, орталықта ұзақ уақыт орналасуына мүмкіндік бар. Өзге өңірдің азаматы болса, бір ай уақыт аралығында демеу көрсетеміз, — дейді орталықтың маманы Татьяна Тағамбаева.
Бұл ретте түзету мекемесінен келген азаматтардың бірден жұмысқа орналасуы қиын екенін атап өтті. Кейбірі жақсы маман болғандықтан бұрынғы қызмет орнына қайтып оралып жатса, енді біріне айлығы аз жұмысты атқаруға тура келетін көрінеді. Соған қарамастан, тұрақты табыс пайда болып, құжаттарды ретке келтірген соң орталықтан кетіп, пәтер не бөлме жалдап, өмірден орын табуға тырысатын көрінеді.
Иә, кейбіреулер темір торға қайта оралмас үшін әрекет етер. Бәлкім, бостандықтағы қатарластарына, өзінен үлкені мен кішілеріне қылмыстың соңы неге ұласатынын айтып, түсіндірер. Тар қапастағы тіршіліктің «тәтті» емес екенін жеткізер. Бұл өз кезегінде қоғамдағы қылмыс санының азаюына оң әсер етер. Екібастұз қаласының тұрғыны Марат Иманбеков осылай пайымдайды.
— Меніңше, сотталушыларды амнистия бойынша бостандыққа шығарған кезде оларға да талап қою керек. «Ертеңгі күні еркіндікте жүргенде ұрлық-қарлықтың түбі қорлық екенін басқаларға айтып, жеткіз. Біреудің қылмыс жасауға барғалы тұрғанын біліп, көрсең – жолынан тоқтат» деген сыңайлы түсіндіру жұмыстарын жүргізуге үлес қосуы тиіс. Түзету мекемесінің қызметкерлері өздерімен де осындай шараны жүргізуі тиіс. Екінші рет жабық мекемеге қайта оралса, кешірімнің орнына жазаның қатаңдай түсетінін білдіруі керек. Әйтпегенде, бостандыққа шықтым екен деп тағы бір қылмысқа бармасына кім кепіл? Амнистия – қылмысты көбейтудің емес, азайтудың жолы. Осыны бәрі ұғынса екен деймін, —
дейді ол.
Ал павлодарлық Гүлжан Жұмабекова рақымшылық санатын қайта қараған дұрыс болар деген пікірін білдірді. Оның пайымынша, жемқорлық үшін сотталғандарға да жеңілдік жасаған жөн.
— Бірден кесіп айтайын, сыбайлас жемқорлық деген жең ұшынан жалғасқан қылмысты құптамаймын. Оған түбегейлі қарсымын. Қазына қаржысын қаймықпай «жегендер» сол үшін жазасын өтеуі тиіс. Бірақ бұл жолғы амнистияда осы бап бойынша сотталғандар ілікпеген екен. Меніңше, керісінше солардан мемлекетке келтірілген залалды еселеп тұрып өндіріп алып, бостандыққа шығаруға немесе жазасын жеңілдетуге болады.
Себебі олардың басым бөлігінің түрмеге дейін әр жерге жасырған, туған-туысының атына жазған табысы мен мүлкі көп. Мемлекет бір жемқорды жыл бойы түзету мекемесінде күтіп-баптау үшін миллиондаған қаржы жұмсайды. Одан да сол ақшаны жемқорлардың өздерінен өндіріп алайық. Жалпы, рақымшылық жасау дұрыс іс деп ойлаймын. Қазіргі күні түрмеде адам көп. Олардың азық-түлігіне, жатар-орнына қыруар қаржы жұмсағанша, еркіндікке шығарып, мерзімін азайтып, жұмыс істеуін талап етейік. Сол кезде қазынаға салық түсер еді, — дейді ол.
Белгілі қорғаушы Мұрат Мүтәлиев амнистия туралы заң халықаралық талаптарға сай келетінін алға тартты. Ол жаза басқан адамдардың қоғамға қайта бейімделіп, әлеуметтік ортада өмірін жалғау үшін маңызды қадам болады, деп есептейді адвокат.
— Амнистия дегеніміз – рақымшылық қарастырылған баптар бойынша сотталған адамдардың автоматты түрде бәрінің бірдей бостандыққа шығуы керек деген сөз емес. Әр мәселе жеке қаралып, шешім қабылданады. Келітірілген шығын көлемі жартылай немесе толық өтелген кезде ғана қолданылады. Бұл ретте қылмыстық-атқару жүйесінің жүктемесін ескеріп, сотталушылар санын азайтқан да дұрыс. Бірақ олар бостандыққа шыққан соң қараусыз қалмауы қажет. Білім алып, жұмысқа орналасу бойынша көмек көрсетілгені абзал, —
дейді ол.
Иә, биылғы амнистияның жөні бөлек. Рақымшылық әйелдер, жүкті келіншектер, баласы бар аналар, қарттар мен жастарға жасалады. Бірақ бұл – олардың қателігі ұмытылып, мүлде сызылып тасталды деген сөз емес. Бұл – олардың заң аясында өмір сүруі үшін берілген тағы бір мүмкіндік. Бостандыққа шыққан азаматтар осыны түсінсе игі. Өткеннен сабақ алып, қателікке бой алдырмай, құқықтық орта қалыптастыруға атсалысса жөн. Себебі адал ортаны құру әр адал азаматтан басталады.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.