Тұрмыстық зорлық-зомбылық – қоғамның өзекті әрі күрделі әлеуметтік мәселелерінің бірі. Бұл – тек бір отбасының емес, тұтас ұлттың денсаулығы мен болашағына әсер ететін құбылыс. Жыл сайын елімізде мыңдаған әйел мен бала зорлықтың құрбанына айналады. Алайда бұл жағдайлардың басым бөлігі жабулы күйінде қала береді.
Облыстық полиция департаменті ЖПҚБ тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімінің аға инспекторы Индира Жүсіпованың сөзінше, өңірімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан көмек сұрайтындардың саны артып келеді. Мәселен, осы жылдың алғашқы жартыжылдығында аталған жайтпен 74 дерек тіркелген. Ал облыс орталығындағы дағдарыс орталықтарына жыл басынан бері 37 адам жүгініп, оның 17-сіне бүгінде көмек көрсетілген. Одан бөлек, бөлімше жәбірленушілерге көмек көрсету және әлеуметтендіру мәселелерінде мемлекеттік органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен белсенді өзара жұмыс істейді. Аталған жұмыстар отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар деңгейін едәуір төмендетуге, зорлық-зомбылық құрбандарына қажетті көмектің тиісті көлемін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп болжанып отыр.
— Бүгінде өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды ерте анықтау бойынша мобильді топтар құрылды. Осы топтардың жұмысы барысында учаскелік полиция инспекторлары мекенжайы бойынша 600-ден астам отбасын қарап, мемлекеттің көмегіне мұқтаж 180 отбасын анықтады. Анықталған отбасылар туралы ақпарат оларға әлеуметтік көмек көрсету үшін мемлекеттік органдарға жіберілді. Облыс аумағында отбасылық-тұрмыстық қатынастарындағы бұзушылықтар үшін 2,5 мыңнан астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзушылыққа жол берген адамдарға қатысты үш мыңға жуық қорғау ұйғарымы шығарылды. Ал оларды бұзғаны үшін 152 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полицияның өтініші бойынша соттар құқық бұзушылардың мінез-құлқына 627 ерекше талап қойды. Оның ішінде алкогольдік ішімдіктерді пайдалануға тыйым салуға қатысты 622, психологиялық көмек көрсету бойынша 20 іс қаралды. Сондай-ақ, ішімдік пен нашақорлықтан зардап шегетін адамдарды мәжбүрлеп емдеуге дайындалған 191 өтініштің 183-і сотта қанағаттандырылды. Қазақстан Республикасының алкоголь өнімін өткізу жөніндегі заңнамасын бұзғаны үшін өңірдің 200-ден астам азаматы жауапқа тартылды, — дейді И.Жүсіпова.
Индира Ерболатқызы отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында есепте тұрған адамдарға бақылау тексерістері жүргізіліп, олармен профилактикалық сипаттағы әңгімелер жүргізілгенін атап өтті. Оған қоса, мектептер мен ұйымдарда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, дағдарыс жағдайында көмек көрсету бойынша түсіндіру жұмыстары мен семинарлары ұйымдастырылады.
Айдана БОРАНБАЕВА.