Қазақ халқы ежелден мал сүйегін қоқысқа тастай алмай, оны тұрмыстық әрі сәндік бұйым ретінде пайдаланған. Әсіресе, жылқы мен сиырдың жілігі, қабырғасы, төс сүйегі, иық сүйегі жонуға ыңғайлы деп есептелген. Ал мүйіз жону – сүйекке қарағанда әлдеқайда күрделі әрі төзімділікті талап ететін жұмыс. Киік пен бұғы мүйізінен жасалған бұйымдар — көнеден келе жатқан сәндік өнердің бір тармағы.
Өкінішке қарай, бұл өнер түрі қазіргі уақытта кең таралмаған. Тек қолөнер көрмелерінен көзіміз шалып қалса, шеберлердің дені зейнет жасынан асып кеткен. Жас ұрпақтың көбі сүйек жону былай тұрсын, оның қандай бұйым екенін елестете де алмайды. Ауыл-аймақтарда сирек болса да бұл кәсіпті жалғастырып жүргендер бар. Солардың бірі – баянауылдық Қайнарбек Ерназарұлы. Осындай кенде қалып жатқан өнерді бүгінде дәріптеп жүрген шебер Павлодар қаласындағы Малайсары атындағы орта мектепте еңбек пәнінен оқушыларға дәріс береді.
Оның сөзінше, әр сүйектің өзінің «тілі» бар. Жілік пышақпен жонуға келсе, қабырғаны ойып өрнектеу керек. Мүйізді иіткенде асықпай, ыждаһатпен жұмыс істеу керек. Қатты қысқанда жарылып кетеді. Бұл – көзбен емес, жүрекпен жасалатын іс.
— Сүйек жону – күрделі әрі адам ағзасы үшін қауіпті өнер. Әуелі сүйекті баптау технологиясының өзі көп уақытты қажет етеді. Қой мен сиырдыкіне, түйенікіне қарағанда жылқының сүйегінен майды ажырату аса қиын. Суға тұз немесе ас содасын аралас-тырып, суын қайта-қайта ауыстыра отырып, 7-8 сағат қайнатасың. Ал сүйекті жонғанда одан шығатын күл мен тозаң адам өкпесі үшін аса қауіпті. Қолқаны қабатын ащы иісі үшін де көбі жолай қоймайды. Сондықтан жұмыс барысында қорғаныш құрал таққан жөн, — дейді шебер.
Оның қолынан шыққан дүниелер – нағыз ұлттық нақыштағы туындылар. Мүйізден жасалған тарақ, сүйектен ойылған сырға мен тұмарлар ертедегі қазақ тұрмысының белгісіндей әсер қалдырады. Тіпті, садақтың адырнасын сүйекпен қаптап, өрнек салған ерекше туындылары бар.
— Жылқының жағынан, ал қой мен сиырдың жауырыны мен қабырғаларынан түрлі бұйым жасауға болады. Сүйек — мүйізге қарағанда қатты материал болғандықтан, көне заманда одан көбіне тарақ, тебен ине дайындаған. Ал мүйіз жұмсақ әрі жеңіл болғандықтан, шақша, тана-түйме, ожау, жебесауытқа ыңғайлы. Бұдан бөлек, мүйізден қыздарға арналған шашқыстырғыш, сырға, білезік, сақина, көзтұмар, алқа салпыншақтарын жасауға болады. Мүйізді қайнатқанда кәдімгі пластик секілді былқылдақ болып қалады. Сосын кез келген қалыпқа келтіріп, суытасың. Бір ерекшелігі, мүйізден жасалған бұйымның сыртын лакпен бояудың қажеті жоқ. Өте ұсақ жонғышпен өңдегенде жып-жылтыр болып шыға келеді әрі өңін жоғалтпайды. Ешкінің мүйізі – ең жұмсағы. Арқардың мүйізінен қымызға арналған ожау жасалады, — деп қосты ол.
Қайнарбек Ерназарұлы мұндай заттарды жасап қана қоймай, бұл өнерді оқушыларға үйретіп келеді. Ол негізін қалаған «Атамұра» үйірмесінде 4-9-сынып оқушылары сүйек пен мүйізді өңдеп, шағын бұйымдар жасайды. Үйірме қатысушыларының жетістіктері аз емес. Олар облыстық, республикалық байқауларда жүлделі орындарға ие болып үлгерген.
— Қазіргі уақытта балалардың көбі қолөнерге қызықпайды деп жатамыз. Ал егер дұрыс бағыт көрсете білсек, оларды таңғалдырып, қызықтырып, жетелей аламыз. Сүйек жону – бір жағынан тәрбие. Сабырды, ұқыптылықты, тазалықты үйретеді. Бұл ұстаз ретінде мен үшін маңызды, — деп сөзін түйіндеді шебер.
Сүйек пен мүйіз – табиғаттың сыйы. Бүгінде бұл өнер бірен-саран адамның қолында ғана сақталып келеді. Бірақ Қайнарбек Ерназарұлы секілді ұстаздар барда, сүйек жонып, мүйізден сырға соғатын шеберлер саны артары анық.
Айдана БОРАНБАЕВА.