Таза темірден жасалған бұйымдар қанша уақыт өтсе де, қалпын жоғалтпайды. Ал мұндай өнер туындысы жерде қалмасы анық. Мәселен, тарихи жәдігерлердің ордасына айналған Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде темірден өңделген үш аяқты мосы сақталған.
Аталмыш музейдің бөлім басшысы Жеңісбек Қадырұлының айтуынша, бұл затты 2009-2010 жылдары былғары әрі ағаш шебері Сайд Сағындықов істеген.
— 2010 жылы музейіміз ашылғанда қолөнершінің бұл туындысы көрмеге қойылған. Өз қалпында сақтаулы тұр. Үсті темірден, ал аяқтары мыстан дайындалған, — дейді Ж.Қадырұлы. Мосы – шөңке асу үшін немесе өрмек жібін кептіру үшін пайдаланылатын құрал. Ол — қазақ халқының тұрмыс тіршілігінде күнделікті қолданыста болған тұрмыстық заттың бірі. Мосы үш бөлшектен тұрады – мосының сирағы, тілі (ілгегі) және шығыршық. Оған шәйнек іліп қоятын болған. Көшпелі дәуірде алып жүруге ыңғайлы, жиналмалы әрі жеңіл және шай тез қайнайтын болған. Кезінде ата-бабаларымыз ағаштан да жасаған, оны мосыағаш деп атаса керек. Мосының үш сирағы болады. Оны темірден немесе ағаштан жасайды. Жоғары ұштарынан тесік жасалып, олар темір шығыршық арқылы қосылады. Шығыршыққа шәугімнің тұтқасы ілінетін тіл ілгек бекітіледі. Мосының сирағы 1,5-2 метрге дейін болады. Шағын мосыны ас-су қайнату үшін серуенге шыққанда қазір де пайдаланады. Сондай-ақ, дайындалатын тағамына қарай үлкен немесе шағын мосы пайдаланылған, — дейді Ж.Қадырұлы. Көшпелі қазақ өмірінде өзіндік орны бөлек құнды жәдігер сол заманғы қазақтардың өмірінің айнасы іспеттес.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суретті түсірген – Есенжол Исабек.