Темірғалы Нұрекеновтің есімі мұрағатта 1905 жылы патшалық Ресей үкіметіне жол-
даған хат авторларының бірі ретінде кездеседі. Қазақтың оқыған ұлтжанды азаматтарының тізе қосып, елдің болашағы жолында ерен істер атқаруы, әсіресе ХХ ғасырдың бас кезінде айқын көрініс бере бастады. Бұл кез Ресейдің өз ішінде де толқулар белең алып, патшалық самодержавияның іргесі шайқалып тұрған-ды.
Думада — қазақ депутаттары
ХХ ғасырдың басында қазақ зиялылары қазақ даласында жалпыадамзаттық құндылықтармен бірге ұлттық мүдделерді де қорғау ісіне зор мән беріп, осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін күрес жүргізді. 1905 жылғы бірінші орыс революциясы Ресей патшасының үрейін ұшырып, ол саяси құқық пен бостандықтар бағытында елге бірқатар жеңілдіктер жасауға мәжбүр болды. 1905 жылы 18 ақпанда Ресей азаматтарына қандай дінді болса да ұстауға, Ресей империясына қарайтын халықтардың өз мұқтаждары туралы патшаның атына арыз-шағым жазуына болатындықтары жөнінде жарлық шықты. Сол тұста болып жатқан саяси-әлеуметтік мәселелер төңірегінде қызу пікірталастарға араласып, елдегі демократиялық өзгерістерді іске асыру қажеттігі жайындағы өзінің көзқарастарын ашық айтқан азаматтардың бірі — Әлихан Бөкейхан. Оның араласпаған саласы жоқ. Қазақ халқының тарихы, мәдениеті, этнографиясы, сол замандағы қазақтың хал жағдайы, қазақ жері мен малының мәселесі, ауылшаруашылығы мәселесі… Елде қалыптасқан саяси-экономикалық және әлеуметтік жағдайлар патша ағзамның саяси реформаларды тереңдете түсуін талап етті Сөйтіп, Ресей патшасы екінші Николай 1905 жылы 6 тамызда Мемлекеттік Дума құру жөнінде манифеске қол қойды. Сонымен Ресей империясының тарихында тұңғыш рет парламентаризмнің тууы туралы құжат өмірге келді. Мұның өзі ел дамуының жаңа сатыға көше бастағандығының бір белгісі еді. Ресей патшасы екінші Николай 1905 жылдың 17 қазанында Думаның өкілеттілігін әлдеқайда кеңейткен «Мемлекеттік тәртіпті жетілдіру туралы» екінші манифеске қол қойды. Манифест патшаның ниетін жариялаған ресми хабарламалық акт болса, енді оның орындалуын міндеттейтін сайлау туралы заң керек еді. Бірінші Мемлекеттік Думаны шақыру туралы сол заң 1905 жылдың желтоқсан айында патшаның екі манифесінің негі-зінде шықты. Бірінші Мемлекеттік Дума – Ресейдегі мемлекеттік басқарудың конституциялық-монар-хиялық жолға түсуін әйгілеген заң шығарушы жоғары өкілетті билік органы болатын. 1905 жылы 11 желтоқсандағы Сайлау заңы бойынша Думаға 524 депутат қатысуы керек еді. Сайлаудың шет аймақтарда кеш өткізілуіне байланысты оның жұмысына 499 депутат қатысты. І Мемлекеттік Думаға қазақ өкілдерінен 4 депутат: А.Бірімжанов (Торғай облысы), А.Қалменов (Орал облысы), Ә.Бөкейханов (Семей облысы), Ш.Қосшығұлов (Ақмола облысы) сайланды. Алайда, қазақ депутаттарының ішінде Бірімжанов пен Қалменов қана Дума жұмы-сына қатыса алды. Дума мүшелері қатарында қазақ жерінен тысқары өңірлерден сайланған С.Жантөрин (Уфа губ.) мен Д.Тұндыт (Астрахан губ.) сияқты қазақ азаматтары да болды. Қазақ депутаттары Думадағы мұсылман фракциясы құрамында қызмет етті. І Мемлекеттік Думада ірі фракцияны кадеттер құрады. Кадеттерді ұлттық аймақтардың депутаттары да қолдады. Думаның құқын кеңейту, саяси кешірім жариялау жөніндегі кадеттердің ниеті Ресей патшасы тарапынан қолдау таппады. Оған жауап ретінде Дума патша билігін тоқтатуды талап етті. Жер мәселесін талқылау өте тартысты жүрді. Қазақ өкілдері орыс тілінде Қазақстанға қоныс аударушыларды жерге орналастыру комиссияларының жүгенсіз әрекеттерін, озбырлық істерін тыю туралы депутаттық сауал жасады. Парламент қабырғасында көтерілген бұл мәселе қазақ даласы үшін үлкен жеңіс еді. Осы уақытқа дейін жоғары орындарда ешкім құқын қорғамаған «бұратана» халықтың проблемалары Думада көтерілгені патша шенеуніктеріне барынша жайсыз тиді. Думаның мінберінен айтылған сауалға жауап беру үшін олар арнайы тексеріс жүргізуге міндетті болатын. Әу баста бес жылға сайланған Думаның небәрі 72 күнде таратылып жіберілуіне біздің қайраткерлер көтерген өткір де зәру мәселелердің қозғалуы себеп болса керек. Жағдай осылай шиеленіскен соң, 9 шілдеде Дума патша жарлығымен таратылды.
Алаш арыстары қолдады
1907 жылғы 12 ақпанда Мемлекеттік Думаның II шақыруы жария-ланды. Бұл кезде Алаш көсемі Әлиханның жағдайы қиын еді, ол Павлодардың абақтысына жабылған болатын. Қарқаралыдан дауысқа түскен Жақып Ақбаев та осындай жалаға ұшырады. Бұл жөнінде Әлиханның өзі «Кәкітай туралы» (Абайдың баласы) мақаласында былай деп көрсетеді: «Екі Г. Дума сайлауында да Кәкітай марқұм выборщик болды… Шәкәрім, Кәкітай, Темірғалы, Хасен, Омарбекті Сенат жаратпады. Жақып (Ақбаев) Г. Дума сайлауына осы жолы әлгі ретпен кіре алмай қалды… Шәкәрім тасқа түспей, Темірғалы болсын деген соң, байлау келер уақытта үлгі жол еді». Сөйтіп Алаш зиялысы Әлихан Бөкейханов Темірғалыны ұсынған екен. Екінші Дума 20 ақпанда ашылды. Темірғалы Нұрекенов Думада жұмыссыздарға көмек көрсету мәселесі бойынша жарыс-сөздерге қатысқан. Мұсылман
фракциясының мүшесі болған. Ресей Мемлекеттік кітапханасында 1907 жылғы «Члены Государственной Думы» атты кітабы сақталған, сол кітапта Темірғалы Нұрекеновтің есімі жазылған. Қаншалықты тарихи тұлға екенін осыдан сезінуге болады. Темірғалы Нұрекеновтің кандидатурасы — қарапайым халық қана емес, Алаш арыстары да қолдаған тұлға болып шықты. Оның олай болатын бір себебі, Темірғалының сол тұста тағы бір саяси-қоғамдық іске белсене араласуы еді. Бұл кезде Қарқаралы қазақтың бір саяси ақыл ойының орталығына айнала бастаған болатын. Оның бастауында Алаш ардагері Әлихан Бөкейханов, Жақып Ақбаевтар тұрса, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтардың да жасампаз рухы жаңғырып жетіп жатты. Осы Қарқаралы жерінде қазақтың алғашқы азат ой-пиғылы, құқықтық-саяси ой-сана жиынтығы «Қарқа-ралы петициясы» дүниеге келіп, дуанды дүр сілкіндіріп әкетті. Бұл аса маңызды құжатты орыс тіліне аударушы әрі таратушылардың бірі Темірғалы Нұрекеновтің өзі еді. Мін, бұл іс Темірғалының өзінің де санасын жаңғыртқан, оның азаматтық тұлғасын да асқақтата түскен батыл әрекет болды. Заманында еліне пана, жеріне қорған болған Ресейдің Мемлекеттік Думасының он екі мүшесі бізге белгілі. Олар — Аллабергенов Тілеулі — Сырдария облысынан, Бірімжанов Ахмет — Торғайдан, Бөкейханов Әлихан — Семейден, Жантөрин Сәлімгерей — Уфадан, Қалменов Алпысбай — Оралдан, Қаратаев Бақытжан — Оралдан, Қосшұғылов Шәймерден — Ақмоладан, Құлманов Бақтыгерей — Астраханнан, Нұрекенов Темірғалы — Семейден, Тайынов Молда — Жетісудан, Тұндытов Ноян — Астраханнан, Тынышбаев Мұхамеджан — Жетісудан. Бұлардың әрқайсысы — өз дәуірінің тұлғасы. Олардың Дума мінберінен көтерген мәселелері, көзқарас кеңдігі, тіл мен діл, дін, дербестік жайлы ұстанымдары тым салмақты. Халық тағдыры тұрғанда қара басының қамын ұмытқан арыстарымыздың ауыз-бірлігі — талайларға үлгі.
Әйгілі жерлесіміздің өмірбаяны
Нұрекенов Темірғалы — 1858 жылы Павлодар облысының Шарбақты ауданы Есілбай ауылында туған. Кейбір деректерде, одан кейінгі өмірі мен қайтыс болған күні белгісіз деп жазылса да, «Павлодарское Прииртышье» энциклопедиясында дүниеден өткен жылы — 1919 жыл деп келтірілген. Патша өкіметінің думасына депутат болып сайланғанда Темірғалы Түйтеұлы Нұрекенов дәл елу жаста болыпты. Және оның орыс тіліне жетік, аса сауатты адам екені де анық көрсетілген (Алматы. ЦА.РК.ф. 537. оп. 1.д. 2.л. 122). Құжат № К-620 (33 арнайы талап бойынша іздестіріліп 14.08.1998 жылы жоға-рыдағы деректер анықталды.) Сонда Темірғалының туған жылы 1858 жыл болып шығады. Оның білім дәрежесі орысша бастауыш мектеп бітіргеннен әлдеқайда жоғары болғаны және ол орыс тілімен қоса араб, парсы, татар тілдерін жетік білген аса сауатты, парасатты кісі болған. Темірғалы Түйтеұлы Нүрекенов дін қайраткері. Сүнниттер мағынасындағы исламды зерттеген, екі рет қажылыққа барған. Мал шаруашылығы және саудамен айналысқан. 2000-нан астам мал басына ие болған. Темірғалы болыс болған Сейтен болысының орталығы — Есілбайда, Шалдайда 4 кластық білім беретін жаңаша оқытатын мектеп аштырып, барша қаражатын өзінен шығарып, білімдар ұстаздар ұстап, жастардың сауатын ашып, өнер үйренуіне алғаш жағдай жасаған ел қамқоры болған. Ұлы атасы Нұрекен Меккеде үй салып, Қазақстаннан барған қажыларға жағдай жасап танылған болса, Темірғалы өз ауылы Есілбайда 150 орындық намаз оқитын бөлмесі бар, жабдық-жасауы мен керек-
жарағының бәрі түгенденген күмбезі көк тіреген көк шатырлы мешіт салғызып, игілігін халқына көрсетсе, ішінде 100 шәкірт жататын жатақханасы бар, асханасы бар, оқитын кең бөлмелері бар айтулы медресе салдырған. Мұндай ірі діни оқу орнын салдыру да, шәкірттер мен ұстаздарды қиыншылыққа, мұқтаждыққа қалдырмай оларды барша басқаруды кезінде Бұһардан көп жыл оқып ғұлама-хазірет атанған Ғабдылуахитқа тапсырған. Темірғалы Түйтеұлы қырық жасқа келгенде өзінің болыстық қызметін үлкен ұлы Құсайынға береді. Бұл уақыт әлі де қаймағы бұзылмай, ырысы кемімей, айналадағы біткен дәулет ортаймай мамыржай қалпын сақтап, толып-төгіліп тұрған тұсы еді. Алайда Құсайын елге беделді де, сыйлы болыстық құрғанымен, елден салық жинап, «өкімет ісіне кіріскен» тұста, істеген істерін қырсық шалады. Содан атағы алыс жақынды таңырқатқан Құсайынды ақылға дана аса ірі болысты алып ұрып азапқа салады. «Түркия мемлекетіне ақшалай мол қаражат шығарып, мемлекетке қарсылық жасады» деп тұтқындатып, айдатып жібереді. Ол Семей түрмесіне түсіп ауруға шалдығып, оны адам қатарына қосылмайтынын біліп, басшылары түрмеден босатады. Ертіс кемесіне салып қазіргі Лебяжіге (бұрын Қиық дейді) әкеп түсіріп, Есілбайға қу сүйегін жеткізеді.
Мал-мүлкін кеңес өкіметіне өткізген
Қоғам қайраткері, Думаға депутат болған Темірғалы мырза бұл дүниелік іске арласпасам деген ниетін өзгертіп, осынау заманның аумалы-төкпелі, апатты құйыны жан біткенді жапырып, жақындап келе жатқанын сезіп, халық жағына шығып, ел-жұртының аман қалуын қуаттап, қарттық жеңе бастаған денесін сүйреп Мәскеуге сапар шегеді. — Байлығым, барлығым — халықтікі болсын, — дейді, ол Ленин алдында. Қолымдағының бәрін де өз еркіммен осы орнап жатқан өкімет меншігіне өткіземін. Тек менің қол астыма қарағандарға, туыс-ағайын, ұрпақтарым қудаланбай, туып-өскен өз жерінде елмен еңбек етіп, қалдырылса болғаны, — дегенді жеткізіп, кеңес өкіметі көсемінің өз қолынан қол қойғызып, өкімет мөрін бастырып, баға жетпес рұхсат қағазын алып қайтады. Лениннен қағаз алып, жаңадан орнайтын өкіметке не керектің бәрін де өз қолымен бермек болып шынайы ниетпен іске кірісіпті. Темірғалының бұл әрекетін күні бүгінге дейін көзі тірі жүрген қарттар жағы жырдай ғып айтады. Амал не?.. Іштен шыққан жау жаман дегендей, қолға түсірген қағазды құртып өздеріне күйе жағып, ілгері ұмтылған аяғына тұсау салып, шыр-
мау көбейеді. Осындай зобалаңды Темірғалы Түйтеұлының кіндігінен тараған өз ұрпақтары да татудай-ақ татып, байдың ұрпағы, қажының тұқымы деген желеумен атылғаны атылып, қамалғаны қамалып, енді біреулерінің бас сауғалап қашып-пысып өмір сүргені бүгінгі күні мәлім болып отыр. Сонымен бұл жерден дін кетті, имандылық кетті. Имандылық кеткен соң турашылдық пен әділетті дерт шалып, қайырым, қамқорлық ысырылып, өсек пен өтірікке ерген парықсыздар өзін де, өзгені де апатқа ұшыратты. Аты шулы он екі мың жылқыдан он екі жылқы колхозға түспей құн-жын боп кетеді. Жер майысқан төрт түлік құрыды, жайылым қаңырады, жұрт тозды, ел босты. Қайран қазақ қайғыға қайғы қосып, жер-суын тастап, тарыдай шашылып кетті. Береке-бірліктен айырылған қазақтар бір жапырақ нанға зар болып аштықтың зардабын тартты, қайғырды, қырылды… Темірғалы қажы игілікті ісін орындап қайтқан соң, біраз уақыт жүдеп-жадаған Құсайынды бақтырып, қақтырып, емдетіп дегендей шынайы қамқорлық жасаса да, тура келген ажалдан құтқарып ала алмай, оны өз қолынан жерлейді. Құсайын Темірғалыдай ел таныған әке тұрғанда білімді де, тілді де, өнерді де меңгерген алғыр жас отызға жетпей осылайша көз жұмады. Соңынан Құсайынның қырқын өткізе сала өзі де оқыстан қайтыс болып кетеді. Өмірден өтерінде ол:
— Уа, ағайын! Туыс-жақын жұра-ғаттар! Бұл алдамшы пәни жалғанда мәңгілік қалатын жан иесі деген болмайды. Жер бетіне келген адам өлшеулі ғұмыры таусылған соң, аманат жанды бір жаратушының өзіне тапсырып, құр денесі көр бесікке түсіп, өзі жаралған топырағына қосылады. Бұл — өмір заңы, тіршілік заңы. Оны ешбір жан өзгертуге күші жетпейді. Өйткені, ол бір ғана жаратушыдан құдіретті емес. Тәңірім өзі әрнәрсені жаратса, соның жарық дүниедегі өлшеп берген мерзімі таусылған соң өзі қайта қайтарып алып жатады. Ата-бабамыз жатқан сол қасиетті топырақтан ешкім де алшақтап кете алмайды. Мінеки өздеріңнің алдарыңда сол мәңгілік сапарға мен де аттанғалы жатырмын. Бақұл болыңдар! Бұл пәни жалғанда әлдеқандай себептермен біреулеріңді ренжітіп, зияным тигендей болса, кешіріңдер! Ал мен өзім баршаңызға разымын. Ешқайсыңызға өкпем жоқ. Бар-шаңызға айтар бір өсиетім:
— Бұл жалғанда бір-біріңізбен тату, бірлікте болып, сыйласып өтіңдер. Дүние шіркінге тарылмаңдар. Адамға дүние дос емес екен. Бұл баяғы жоқ пәни жалғанға түбі жоқ порман келе жатыр. Ол порманға түспейтін зат, дүние-мүлік болмас. Бірақ, сол порман бұл жалғанда мүлде тоймайды да! Оның ішіндегісі молынан қарпып алам дегендердің өзін де сол порман жалмап, жұтып, жоғалтып отырар. Содан сақ болыңдар! Дүниеге қызықпаңдар! Дүниеге қызықтым дегенің — өзімді өзім жұттым дегенің болады… Қолдағы барша малдарыңды келген өкіметке түгелдей санап тапсырып, өздерің көппен бірге болып, еңбекке араласыңдар! «Көппен көрген ұлы той» деген. Менің Лениннен алған қағазым сендердің бәріңе де қорған болады. Соны сақтаңдар! — деп Оспан мен Машураға қол шошайтып барып өмірден өтіпті.
Ұрпақтары да қуғын көрген
Сонымен Темірғалының Құса-йынның артында құйрық-жалы қырқылған, «Бөріден туған бөлтірік», «Жау», «Шынжыр балақ, шұбар төстің тұқымы» деген атпен Омар, Құсайынның Есрафилі, Оспанның ұлдары: Рапағат, Жауқан (Жебірейіл), Шайзадасы қалып, өздерінікі өзде-ріне бұйырмай, тағдырдың теперішін көреді. Оспан да түрмеге түсіп, Омар елден безіп қаңғып кетеді. Ол өмірден түңіледі. Түңіле жүріп ойланады, толғанады. Артында қызғалдақтай өсіп келе жатқан жас ұрпақтары, қасиетті аталарының жасамаған ғұмырының жалғастырушылары бар екенін ескеріп, қасірет-қайғыны белге түйіп, жаңа өкіметке шын пейілімен қызмет жасауға көніп, өз әлінше әрекет еткенін опасыздар теріске шығара берген соң өзін өзі ажал оғына байлайды. 1930-31 жылдары ол өз қызмет жасаған жаңа өкіметтің ішкі істер қызметкерлерінің қолынан оққа ұшады. Бүгіндері Омардан қалған тұяқ байқалмайды.
Қайраткер есімі — ел жадында
Бүгінде халқымыз Қазақстан атты тәуелсіз мемлекеттің іргесін қалады. Қазіргі кезде оның керегесінің кеңейіп, шаңырағы биіктей түсуде. Шарбақты ауданындағы Есілбай ауылында алаш азаматы, қоғам қайраткері Темірғалы Түйтеұлының атында мешіт бар. Оның ашылуына шөбересі марқұм Каспикамал Бектұрова себепкер болды. 2018 жылдың қыркүйек айының 29 жұлдызында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Павлодар облысының Шарбақты ауданында салтанатты түрде Темірғалы Нұрекеновтің кесенесі ашылды. Мәңгілік елдің мәңгілік тарихында қасиетті де киелі жандар Нұрекеннің әулеті, алаш азаматы, қоғам қайраткері Темірғалы Түйтеұлы алтын әріппен жазылып қалды. Жақсының аты өлмейді, ақынның хаты өлмейді. Ел-жұртымыз, аяулы халқымыз аман болсын!
Шолпан Байғалы,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.