Адвокаттың көмегін тегін алды

Там 21, 2025

ҚР Конституциясының 30 жылдығы қарсаңында облыстық Әділет департаменті нотариаттық палаталармен бірлесіп «Әрбір азаматқа заңдық көмек!» республикалық акциясын ұйымдастырды.

Аталған іс-шараның мақсаты – азаматтардың білікті заң көмегін алу жөніндегі конституциялық құқықтарын іске асыру және құқықтық көмектің қоғамның барлық топтары үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету.

Акцияға 120 азамат заң кеңесін алу үшін жүгінді. Негізгі мәселелер мұра рәсімдеу, отбасылық және еңбек даулары, алаяқтық, алимент өндіру, нотариаттық әрекеттер және мүліктік құқықтарды қорғау тақырыптарына қатысты болды.

Құқықтық кеңес беру жұмыстарын әділет органдарының өкілдері, тәжірибелі адвокаттар мен заңгерлер, нотариустар және сот орындаушылары жүргізді.

Іс-шаралар барысында азаматтар өздерін толғандырған құқықтық сұрақтар бойынша білікті заңгерлердің көмегі мен ұсыныстарын алды.

— «Әрбір азаматқа заңдық көмек!» акциясына келушілердің басым көпшілігі адвокаттардың қызметіне жүгінді. Бұл ретте 34 адамға нотариус, департамент өкілдері мен адвокаттар 86 адамға тегін кеңес берді. Департамент өкілдері, заңгерлер, сот орындаушылары аудан-ауылдарды аралап, жұртшылыққа заң тұрғысынан қажетті көмек ұсынып келеді. Бұдан бөлек, ҚР Конституциясының 30 жылдығы қарсаңында «Ашық есік күні» де ұйымдастырылып, тұрғындарға тегін кеңес берілді. Заң тұрғысынан көмекке мұқтаж адамдар мәселелерін айтып, сала мамандарынан қалай әрекет ету керектігін егжей-тегжейлі сұрап білді, — дейді департамент қызметкері Аслана Байзақова.

Атап өтерлігі, «Әрбір азаматқа заңдық көмек!» және «Ашық есік күні» акциялары еліміздің барлық өңірінде ұйымдастырылды. Мамандар аймақ тұрғындары аталмыш шараларға белсенді қатысқанын айтады. Мұндай акциялар нақты мәселелерді шешуге ғана емес, жалпы қоғамның құқықтық мәдениетін арттыруға да ықпал ететінін сөзсіз.

А.АСҚАРҚЫЗЫ.