Міне, менің қолымда – Қазақ КСР-нің Егемендігін жариялау туралы декларация атты тарихи құжаттың көшірмесі тұр. Мемлекеттік егемендік туралы декларация 1990 жылы 25 қазанда жарияланды. Оның қазақ тіліндегі мәтіні Павлодар облыстық «Қызыл Ту» газетінің 1990 жылдың 30 қазан күні шыққан №209 санында жарық көрді.
Аталмыш құжат Қазақстанның саяси тарихында түбегейлі жаңа парақтарды ашты. Егемендікті жариялау арқылы тәуелсіздіктің негізі қалыптасты.
Декларация келесідей мәтінмен басталады:
«Қазақ Советтiк Социалистiк Республикасының Жоғарғы Советi Қазақстан халқының еркiн бiлдiре отырып, Республиканың барлық азаматтары үшiн лайықты және тең тұрмыс жағдайын жасауға ұмтыла отырып, Республикада тұратын халықтарды топтастыру мен олардың достығын нығайтуды бiрiншi дәрежелi мiндет деп санай отырып, Жалпыға бiрдей адам праволары декларациясын және ұлттардың өзiн-өзi еркiн билеу правосын тани отырып, қазақ ұлтының тағдыры үшiн жауапкершiлiктi ұғына отырып, iзгiлiктi демократиялық праволық мемлекеттi құруға бел байлауды негiзге ала отырып, Қазақ Советтiк Социалистiк Республикасының мемлекеттiк егемен-дiгiн жариялайды және осы Декларацияны қабылдайды».
Декларацияның 1-бабында «Қазақ Советтiк Социалистiк Республикасы — егемендi мемлекет, ол басқа республикалармен Егемендi Республикалар Одағына ерiктi түрде бiрiгедi және олармен өзара қатынастарын шарттық негiзде құрады. Қазақ ССР-і Одақтан еркiн шығу правосын өзiнде сақтап қалады» деп нақты жазылды.
Сондай-ақ онда ұлттық мемлекеттiгiн сақтау, қорғау және нығайту жөнiнде шаралар қолданатыны, Қазақ халқының және Қазақстанда тұратын басқа да ұлттардың төл мәдениетiн, дәстүрiн, тiлiн қайта түлету мен дамыту және олардың ұлттық қадiр-қасиетiн нығайту мемлекеттің аса маңызды мiндеттерiнiң бiрi болып табылатыны анық жазылды.
4-бапта «Республиканың барлық ұлт азаматтары Қазақстан халқын құрайды әрi ол Қазақ КСР-інде егемендiктiң бiрден-бiр иесi және мемлекеттiк өкiмет билiгiнiң негiзi болып табылады, мемлекеттік өкiмет билiгiн Қазақ ССР Конституциясы негiзiнде тiкелей де, өкілеттi органдар арқылы да жүзеге асырады» деп көрсетілді.
Ең бастысы, Декларацияда (3-бапта) қазiргi шекарасындағы Қазақ КСР-інің территориясы бөлiнбейдi және оған қол сұғылмайды, оның келiсiмiнсiз пайдалануға болмайды. Саяси пар-тиялар, қоғамдық ұйымдар, бұқаралық бiрлестiктер, өзге де топтар немесе жекелеген адамдар тарапынан Қазақ КСР-інің конституциялық құрылысына қарсы жасалатын кез келген күштеу әрекеттерi, оның территориясының тұтастығын бұзуға шақыратын, сондай-ақ ұлт араздығын қоздыратын жария ұрандар заң бойынша жазаланады» деп жазылды.
Декларацияда айтылғандай, мемлекетте Конституция және заңдардың үстемдігін бірден айқындап берді. Республика өзінің мәселелерін сыртқы күштің араласуынсыз өзі шешеді. Әрі, республиканың егемендігін құрайтын ұлттық байлықтардың барлығына — жеріне, жер байлықтарына, су және әуе кеңістігіне, халқының мәдени-тарихи құндылықтарына, экономикалық, ғылыми-техникалық әлеуетіне өзі иелік ететінін жариялады.
Декларация Қазақстанға сыртқы әлеммен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік ашты. Мысалы, 14-бапта: «Қазақ КСР-інің халықаралық қатынастардың дербес субъектiсi болуға, сыртқы саясатты өз мүдделерiне сай белгiлеуге, дипломатиялық және консулдық өкiлдiктер алмасуға, халықаралық ұйымдардың, оның iшiнде Бiрiккен Ұлттар Ұйымының және оның мамандандырылған мекемелерiнiң қызметiне қатысуға правосы бар. Республика шет мемлекеттермен экономикалық және сауда байланыстарын ерiктiлiк пен тең праволылық принциптерiн сақтай отырып, өзара тиiмдi шарттар негiзiнде құрады, сыртқы экономикалық қызмет мәселелерiн дербес шешедi» деп анық көрсетілді.
Ал 11-бапта: «Республиканың экологиялық ортасын қорғаудың, табиғи ресурстарды пайдаланудың тәртiбiн, ұйымдастырылуын дербес белгiлейдi, халықтың экологиялық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етедi және өз территориясында экологиялық қатер төндіретін көз болып табылатын кез келген кәсiпорындардың, мекемелердiң, ұйымдардың, басқа да объектiлердiң құрылысына тыйым салуға және олардың жұмыс iстеуiн тоқтатуға праволы. Республика территориясында ядролық қарудың сыналуына, жаппай қырып-жоятын қарудың өзге де түрлерi (химиялық, бактериологиялық, биологиялық және басқалар) үшiн сынау полигондарын салуға және олардың жұмыс iстеуiне тыйым салынады» деп жаһанға жар салды.
17-бабында көрсетілгендей, Декларация Одақтық шарт жасау, Қазақ КСР-інің жаңа Конституциясын, егеменді мемлекет ретінде Республиканың статусын жүзеге асыратын заң акті-лерін әзірлеу үшін негіз болып табылады.
Декларацияның нақты іске асу көрі-нісі деп біз 1991 жылдың 16 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін жариялау туралы» Конституциялық Заңның қабылдануын айтамыз. Одан кейін, 1993 жылы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасының бірінші Конституциясының қабылдануы – осының айғағы.
Жалпы, «Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қоғамда үлкен талқылаудан өткенін айту керек. Көптеген пікірлер мен ұсыныстар айтылды. Мәселен, Павлодар индустриалды институтының доценті В.Артамонов 1990 жылғы 12 қазанда «Звезда Прииртышья» газетінде жарияланған «Референдум қажет» деген мақаласында былай дейді: «Менің ойымша, Декларацияны референдум өткізу арқылы қабылдау керек. Тұтас болмаса да қайшылықты пікірлер туындатқан кейбір тұстарын дауысқа салу керек». Оның пікірінше, «екіұдай жағдайға салған декларация жобасында кездесетін бір бап мемлекеттік тілге байланысты». Ол мемлекеттік тіл мәртебесін қазақ тіліне және орыс тіліне қатар беруді қарастыруды ұсынады. Тілдер туралы бап Декларациядан кейін алынып тасталғанын білеміз. Себебі, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесі Конституцияда және 1989 жылдың 22 қыркүйегінде қабылданған «Қазақ КСР-індегі тілдер туралы» заңында бекітіліп қойылған еді. Автор декларация жобасының 9-бабында ғылыми-техникалық және интеллектуалдық әлеуеті республиканың меншігіне жатқызылады деген ережеге де келіспейтінін білдірген. Интеллектуалдық ұғымы кейін декларациядан алынып тасталғаны мәлім.
Кеңес өкіметінің ұзақ жылдар бойғы қызметкері, еңбек ардагері Бекболат Хазыров та декларацияның жобасына байланысты пікірін білдірген. Мысалы, ол заң шығару және атқару билігін бір адамның қолына беру дұрыс болмайтынын айтыпты. Қабылданған декларацияның 7-бабында мемлекеттік билік заң шығару, атқару және сот қызметі болып бөлінетіні көрсетілген. Заң шығару қызметі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің құзыретінде, ал Президент Республиканың басшысы болып, жоғары нұсқаушылық-атқарушылық билігіне ие екені айқындалған. Жоғары сот билігі Қазақ КСР-нің Жоғарғы сотына тиесілі.
«Аса маңызды құжат» атты мақаласында Жоғарғы Кеңестің депутаты, Ғылым академиясының академигі Салық Зиманов өзге республикалардан қалыспауды көздеген кейбір азаматтар тарапынан Жоғарғы Кеңеске сын көбейгенін, Декларацияны жедел қабылдауды талап ететіндер табылғанын айтады. Кейбір азаматтар мемлекеттік егемендік туралы актінің өзін құптамаушылық білдіргенін келтіреді. Мұндай көңіл-күйлер кей жерлерде митингтік сипатқа ие болды.
Жоғарғы Кеңестің қарауына көптеген хаттар, ұжымдық үндеулер, телеграм-малар келіп түсті. Олардың барлығы Декларацияны әзірлеуге арнайы құрылған депутаттар-комиссия мүшелері тарапынан зерттелді. Құжат тыңғылықты түрде қаралды. Жоғарғы Кеңестің сессиясы 10 күн бойы Декларация жобасы бойынша жұмыс істеді. Соңғы жобаның талқылануы 6 сағатқа созылды.
Талқылау барысында кейбір халық депутаттары «Қазақ КСР-і ұлттық мемлекеттiгiн сақтау, қорғау және нығайту жөнiнде шаралар қолданады» деген Декларацияның 2-бабына қарсы шықты. Мемлекеттік тіл мәселесі төңірегінде де жиі пікірталас болды. Бұл ереже талқылаудан алынып тасталып, Декларацияға енгізілмеді.
Депутаттар арасында көші-қон және меншік құқын реттеу, республиканың жеке әскер, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі әскер органдарын ұстау құқығы жөнінде сұрақтар көтерілді. Осындай талқылаулардың нәтижесінде 5, 9, 13-баптарға келесідей ережелер енгізілді: «Қазақ КСР-і Республика iшiндегi, Республика мен басқа республикалар арасындағы көшу-қону процестерiн реттеп отырады» (5-бап), «Қазақ КСР-інде меншiк формаларының алуан түрлi және тең болуы қамтамасыз етiлiп, олардың қорғалуына кепiлдiк берiледi» (9-бап), «Қазақ КСР Жоғарғы Советi мен Қазақ КСР Президентіне бағынатын және солардың бақылауында болатын өз iшкi әскерлерiн, мемлекет қауiпсiздiгi және ішкi iстер органдарын ұстауға Қазақ КСР-нің правосы бар» (13-бап).
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Павлодар облысынан сайланған депутаты Виктор Яковлевич Камерцель «Кеңес сессиясында атмосфера мазмұнды әрі кәсіби дәрежеде болды» дегенді айтады.
Декларация қабылданған соң, 1990 жылы 16 қарашада Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Анатолий Фрезоргер газетке интревью жариялайды. Онда: «Құжатты талқылауда пікірталас қызу болғанын, әсіресе нарыққа көшу мәселесі өзекті болғанын, осыған байланысты тұрғындарды әлеуметтік қолдау мәселесі төңірегінде көп пікір таластырылғаны» айтылған. Соңында ол: «Мазмұнды декларация қабылданды, бұл құжат өзге республикалардан қарағанда әлдеқайда демократиялық құжат болып шықты» деп бағасын береді.
Осылайша, 35 жыл бұрын Қазақ КСР Мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды. Тарихи құжаттың қабылдануы бүгінгі Қазақстан Республикасы тәрізді тәуелсіз, экономикалық тұрақты, әлемдік бейбітсүйгіш мемлекет болудың негізін қалады деп сеніммен айтамыз. Оның өшпес құндылығы да осында.
Күләш Есімханова,
облыстық мемлекеттік архивтің ғылыми-ақпараттық бөлімінің архивисі.