Тышқан қайдан келді?

Қар 20, 2025

Павлодар қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасын тышқандар мен көгершіндер жайлаған. Қаладағы мекемелердің тазалығын қадағалайтын органдағы антисанитарлық жағдай көптің наразылығын тудырды. Өйткені, бұл көрініс әлеуметтік желіде видео арқылы тез тарады.

Басқарма мамандары аталмыш жағдайға үйреніп алған. Олар бөлме ішінде жүгірген тышқандар мен ұшып-қонып жүретін көгершіндерді күнде көреді. 3 қабатты мекемеде 30 адам жұмыс істейді. 1959 жылдан бері нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген.

Павлодар облыстық санитарлық-эпидемиологиялық департаменті басшысының орынбасары Асқар Құлатаев мекеме ішінде тышқан мен көгершіннің пайда болуына осы жағдай себеп екенін алға тартады. Өйткені нысанның тозығы жеткен. Көгершіндер ағымдағы жөндеу жұмыстары кезінде шатыр ашық болғандықтан, ішке ұшып кірген.

Ғимараттың маңдайшасындағы мемлекеттік рәміз — Елтаңбаның да бояуы кеткен. Мемлекеттік мекемені осындай күйге түсірген басқарма басшысы Александр Сафьянниковке облыстық департамент ескерту жариялаған.

А.АСҚАРҚЫЗЫ.