Газетке жазылғымыз келеді, бірақ…

Қар 20, 2025

«Газетке жазылып, алып тұрғымыз-ақ келеді, бірақ уақытында келмейді», — дейді Павлодар ауданына қарасты Жаңақала ауылының тұрғындары. Себебі, бұл елді мекенде «Қазпошта» бөлімшесінің жабылғанына бір жыл болыпты.

Жаңақала орта мектебінің мұғалімі Сандуғаш Жүнісова оқушыларға білім беру үдерісінде мерзімді басылымдарды жиі пайдаланады. Себебі, сенімді және толымды ақпараттар мен сараптамалық мақала, сұхбаттарды тек газеттен оқуға болатынын айтады. Бірақ соңғы уақытта бұл мүмкіндіктердің бәрінен қол үзіп қалған.

– Бұрын республикалық «Егемен Қазақстан», облыстық «Saryarqa samaly, аудандық «Заман тынысы» газеттерінің бәрі үстелімізде жататын. Кейін бұл басылымдарға қолымыз жетпей қалды. Себебі, ауылымызда «Қазпошта» бөлімшесі жұмыс істемейді. Өткен жылы тек «Заман тынысы» газетіне ғана жазылып көрген едім. Оны да дұрыс жеткізбеді. Айына бір-екі рет көршілес Набережное ауылына әкеліп тастайды. Бірақ газет үшін кім көрші ауылға барып жүреді?! Сондықтан, тұрғындардың көңілі қалған. Қазір мұнда ешкім газетке жазылғысы келмейді, — дейді Сандуғаш Жүнісова.

Павлодар аудандық пошта байланыс торабының бастығы Гүлден Әбішеваның айтуынша, бұрнағы жылдары ауданда 18 пошта бөлімшесі болған. 2025 жылдың 1 қаңтарынан кейін оның төртеуі жабылып, қазіргі уақытта
14 бөлімше жұмыс істеп тұр. Олар – Заря, Новоямышево, Ольгинка, Мичурин, Новочерноярка, Набережное, Чернорецк, Пресное, Ефремовка, Розовка, Луганск, Рождественка, Кемеңгер және Шақат ауылдарында орналасқан.

– Заңғар, Богдановка, Маралды, Достық сынды төрт елді мекенде пошта бөлімшелері жабылған.  Cебебі, «Қазпошта» барлық бөлімшелерге қызмет көрсету үшін үлкен шығынға ұшырайды. Өйткені қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған филиалдар да тиімсіз. Пошта бөлімшелері жоқ елді мекендер (шағын ауылдар) жақын бөлімшелерге тіркеледі.

Ол жерде мамандар зейнетақы жеткізу, коммуналдық төлемдерді қабылдау, газеттер мен хаттарды тарату қызметтерін көрсетеді. Мысалы, Жаңақала ауылының жазылушылары Набережное бөлімшесіне тіркелген. Хат-хабар жеткізушілер аптасына бір-екі рет барады. Жалпы, шағын ауылдарда жеке тұлғалар арасында газетке жазылу жоқтың қасы деуге болады. Көбінде кітапхана, мектеп сынды мемлекеттік мекемелерге ғана жеткізіледі — дейді Гүлден Сайлаубекқызы.

«Қазпошта» қызметінде жиі кездесетін мәселелердің бірі – қызметкерлердің тұрақсыздығы. Көп ауылдың тұрғындары пошташылардың тез ауысып кететінін айтады. Бұған себеп көп. Біріншіден, айлық жалақыларының төмендігі болса, екіншіден қызметкерлерге жайлы жағдай жасалмаған. Яғни, көлік қарастырылмағандықтан, көбі сәлемдемелерін жаяу арқалап жүреді. Міне, осындай жүйесіз қызмет мерзімді басылымдардың оқырмансыз қалуына өз әсерін тигізіп жатыр.

Тілеуберді САХАБА. Павлодар ауданы.