Экосаябаққа қаржы жоқ

Қар 20, 2025

Павлодар қаласында Усолка шағын ауданында көптен бері айтылып жүрген экосаябақтың құрылысы кейінге шегерілді. Бұл жағдайға қажетті қаражаттың жоқтығы себеп.

Естеріңізде болса, Усолкада аумағы шамамен 60 гектар болатын алаңды абаттандыру жобасы 2022 жылдың жаз мезгілінен  әзірлене бастады. Бұған дейін оның құны 1,4 млрд теңге деп бағаланған еді. Қала тұрғындары мен қонақтарына «еуропалық» үлгідегі ағаштан жасалған жолдар, гүлзарлар, арқанды саябақ, заманауи спорт алаңдары, балық аулау аймағы, ойын алаңдары, тамақтану және ашық аспан астындағы демалыс аймағы, тіпті гольфқа арналған алаң да уәде етілген болатын.

Жобалық-сметалық құжаттама әлдеқашан дайындалып, сараптамадан  өткен. 2025 жылы саябақты су басу қаупінен қорғау мақсатында дамбаны нығайту жұмыстары жоспарланған болатын.

Бұл мәселеде қала тұрғындарының пікірі екіге бөлінді. Бірі саябақтың ашылуын қолдаса, екіншісі Усолканың табиғатын сақтап қалуды қалады. Экологтар да құрылыс кезінде ауыр техника жануарлар мен құстарды үркітіп, экожүйені бұзуға әкелетінін айтты. Мысалы, «ЭКОМ» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Светлана Могилюк бұл аумақты талай жыл бұрын бұрын Ақсу қаласындағы кәсіпорындарынан шығатын қалдықтардан  қорғану үшін жасыл аймаққа айналдырғанын еске салды.  Егер қолға алынған жұмыстар орманның жойылуына әкелсе, шағын аудан тұрғындары зиянды қалдықтарды тікелей жұтатын болады. Сондықтан экологтар Усолкада қоқыс жәшіктері мен егде жастағы адамдарға орындық орнату жеткілікті деп мәлімдеді. Кейін сарапшылар жобадан «эко» атауын алып тастап, Усолка шағын ауданында жоспарланған демалыс алаңын орман саябағы деп атауды шешті.

Белгілі болғандай, жақын уақытта экосаябақ салынбайды. Бұл ретте Павлодар қаласы әкімдігі Усолка шағын ауданындағы экосаябақтың құрылысы қажетті қаражат бөлінгенге дейін кейінге қалдырылатынын мәлімдеді.

А.АСҚАРҚЫЗЫ.