Құран – мың ауруға шипа

Қар 20, 2025

Ғалам өркениеті қарыштап, адам саны  өскен сайын түрлі ауру-сырқаулар да көбейіп отыратыны – заңдылық. Қазіргі қоғамда адам баласын жиі алаңдататын мәселелердің бірі – психикалық аурулар. Ал бүгінде мұндай сырқаттарға шалдыққан адамдар имамдарға да жиі жүгінетіні айтылады. Яғни, солардың арасында Құран аяттарының қасиетімен жазылып, қайта қалпына түсіп жатқандар көп. Бұл — әрине күрделі әрі нәзік тақырып. Бірақ, соған қарамастан, жиі айтылып, жазылуы керек. Жалпы, мұндай дертке шалдыққан адамдарды Құранмен емдеу кез-келген имамның қолынан келмейді. Біздің өңірде де саусақпен санарлық қана маман бар. Ал Павлодар қаласындағы Әбу Бәкір Сыддық мешітінің бас имамы Абдусамат Сағыновқа жерлестеріміздің осы мәселемен жиі жүгінетінін жақсы білеміз. Әңгімеге тартып, себебі мен салдарын сұрап білдік.

– Қазіргі қоғамда жиі кездесетін сырқаттардың бірі – психикалық аурулар. Сонымен қатар, дуалану және сиқырлану сынды адамның еркінен тыс жасалатын тылсым күштер. Адам мұндай ауруларға қандай себептермен шалдығуы мүмкін?

– Ислам әлемінде «Адамның ішіне жын кіру» деген термин бар. Мұны біз қарапайым тілмен пәле-жала жабысу, жындану, есі ауысу деп атаймыз. Енді мүндай жағдайға адам қалай тап болуы мүмкін дегенге тоқталайын.  Адам мұндай жағдайға әртүрлі себеппен ұшырайды. Мысалы, ішкілікке салынған, нашақорлыққа түскен, құмар ойынына берілген, ұрлық жасайтын, өтірікті жиі айтатын және басқа да адам баласына зиянды істермен көп айналысатын адамдар жоғарыда айтқан жын-шайтанға жиі ұшырайды. Мұның түбі сол жындануға апарады. Одан бөлек өзінің тәнін, киім-кешегін лас ұстайтын адамдар да мұндай пәлеге тез душар болады. Ал дуа, сиқыр деген дүниелердің барлығы жынмен байланысу арқылы жасалатын ең ауыр күнә және лас тірлік болып саналады. Көбінде бір адамның енді бір адамға дұшпандық жасауы арқылы болады. Мысалы, өмірде аяқтан шалғысы келетіндер көп қой. Яғни, бір адамның өскеніне, өнгеніне қызғанышпен қарап, оның жеткен жетістігін көре алмайтын адамдар сыртынан дуа жасатып, сиқырлап тастайды.

– Жалпы, адам осы аталған пәле-жаладан және дуа мен сиқырдан қалай сақтануы керек?

– Мұның барлығы адамның өзіне байланысты. Егер, әрдайым таза жүрсе, құлшылығына жалқаулық қылмаса, ештеңе жоламайды. Жалпы, адамды тазалайтын — ол құлшылық, мұсылманның намаз оқудағы басты мақсаты да — өзін таза ұстау. Тазалықтың екі түрі бар. Оның бірі – рухани тазалық. Яғни, жанын, жүрегін таза ұстап, күнәлі істерден аулақ жүру. Екіншісі – тән тазалығы. Адамның әр күні тазалықтан, киімін дұрыс киінуден басталуы керек. Егер тазалықтан алыс болсаңыз, лас нәрселерге жақын болсаңыз, мұндай зиянды нәрселерге де тез ұрынасыз.  Мысал ретінде айтайын, егер адамның киіміне нәжіс шашырап, ол көп уақыт жүрсе, сол жерге жын үймелейді екен. Осылайша бұл оның үйіне қонақтайды. Әлгі үйден түнгі уақыттарда білінетін «домовой», яғни елестердің бәрі осыдан пайда болады. Дініміздегі «Тазалық – иманның жартысы» деген ұғым тегіннен-тегін айтылған жоқ. Одан кейінгі қорғанымыз – Алла. Алладан әрдайым дұға сұрап, құдайға деген құлшылықты үзбеу керек. Екінші қорғанымыз – Құран жаттау. Құран жаттаған адамға жын жақындамайды, ондай адамнан қорқады. Қасиетті Құранда «Менің аяттарым — мұсылмандар үшін шипа» деген аят бар. Тіпті Құранның ең қысқа сүрелерін жаттап алып, кешке жатарда, таңертең тұрғанда оқып, өзіңізге дем салып жүрсеңіз, сізге ондай пәле жабыспайды. Кімнің жүрегінде аят пен сүре болса, одан жын-шайтан алыс болады.

– Бұрын үлкендер «Күл төккен жерге жолама, кірдің суын баспа» деп жиі айтатын еді ғой. Бәрі осыған қарсы ескерту емес пе?

– Дұрыс айтасың, үлкендер бір нәрсені астарлап меңзеп айтқан ғой. Тіпті «жын-шайтан» деген сөздердің өзін айтпай, «пәле-жала жабысады» деген. Өзің айтқандай, ондай пәле-жаланың бәрі лас жерден пайда болады. Ауылда кірдің суы мен күл төккен жерге, қоқыс үйген аумаққа, сосын иен қалған ғимараттарға беталды барғызбайтын бұрын. Мұны Пайғамбарымыз да ескерткен. Алла елшісі: «Өзіңнің жолыңа дәрет сындырма және су төкпе» дейді. Сосын дәретханаға отырып темекі шегетін, телефонмен сөйлесетін адамдар болады. Бұл да дұрыс емес.

– Сізге қандай адамдар көп келеді.

– Маған алкогольдік ішімдікке салынған, лудоманияға берілген адамдар жиі келіп жатады. Сондай адамдардың бірі маған: «Негізі өзім арақ ішкім келмейді. Бірақ ішімдегі бір күш осыны іш деп итермелеп тұрады» дейді. Бұл адамның ішкі жан әлемін жын билеп алған. Адам соған әбден тәуелді болып қалған, айтқанын жасайды. Жақында бір ер адам келді. Жұбайы ертіп келіпті. Кезінде алюминий зауытында үлкен қызмет атқарған, өз ортасында дардай беделді, іскер адам болса керек. Қызметінде көтеріліп келе жатқанда айналасындағылар көре алмастықпен сыртынан сиқырлатқан екен. Ол аяқ астынан ауырып, өз бетімен сөйлей бастаған, содан кейін оны дәрігерлер жынданды деп жындыханаға жапқан. Кейін Құранның құдыретімен ол кісі сауығып, қалпына келді.

– Енді мұндай ауруларды емдеудің жолы қандай?

– Мұндай ауруларды емдеудің жолы – Құранда ғана. Мұны мұсылмандар ғана емес, өзге діннің өкілдері де мойындайды. Жақында маған бір орыстың қызы келді. Есі ауысқан, кейде не істеп жүргенін өзі білмей қалады. Ол алдымен шіркеуге барған екен, олар «Біз мұндайды емдей алмаймыз мешітке имамдарға барыңыз» деп бізді нұсқапты.

Әңгімелескен — Тілеуберді САХАБА.