Облыстағы мектептерде соңғы айда қалыптасқан эпидемиологиялық ахуал күрделене түсті. Балалар арасында тұмау мен суық тию деректері көбейіп, білім беру ұйымдары шұғыл түрде алдын алу шараларын қабылдауға мәжбүр. Өңірлік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, өткен аптаның өзінде 14 жасқа дейінгі 32,8 мың бала жедел респираторлық-вирустық инфекцияға шалдыққан. Бұл көрсеткіш маусымдық орташа деңгейден айтарлықтай жоғары. Сонымен, мектептердегі қазіргі ахуал қалай? Балалар қалай білім алуда? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде облыстық білім беру басқармасының баспасөз хатшысы Бауыржан Сейталымен әңгімелестік.
– Бауыржан Бейсембайұлы, бүгінде балалар арасында тұмау мен суық тию деректері күн санап көбейіп жатыр. Осыған байланысты мектептерде карантин немесе қашықтан оқыту жүйелері қарастырылып жатыр ма?
– Бүгінгі таңда облыстағы оқушылардың жалпы санынан 16,8 пайызы тұмау мен суық тию дерегі тіркелген. Сондықтан 78 мектептің 479 сыныбы қашықтан оқыту процесіне ауыстырылды. (Павлодар қаласы – 248 сынып, Екібастұз қаласы – 68 сынып, Ақсу қаласы – 45 сынып, Баянауыл ауданы — 25 сынып, Железин ауданы – 8 сынып, Тереңкөл ауданы – 10 сынып, Успен ауданы – 30 сынып, Павлодар ауданы – 29 сынып, мамандандырылған білім беру ұйымдары – 16 сынып.)
– Мектеп оқушылары қандай жағдайда қашықтан оқытуға жіберіледі?
– Облыстық білім беру басқармасы эпидемиологиялық жағдайға байланысты жекелеген сыныптардың қашықтықтан оқытуға көшуі білім беру ұйымдарының барлық басшысына жеткізілген бекітілген алгоритмге сәйкес жүзеге асырылатынын хабарлайды.
Ауыстыру туралы шешім санитариялық-эпидемиологиялық қызметпен міндетті түрде келісілген кезде қабылданады. Жекелеген сыныптардың ауысуы бойынша жедел ақпарат тікелей білім беру ұйымдарында қалыптастырылады және тиісті қызметтермен келісіледі. Облыстық білім беру басқармасы жұмысты үйлестіру шеңберінде жалпыланған деректерді алады. Алайда сыныптар саны бойынша ағымдағы есеп мектеп деңгейінде жүргізіледі.
Оқушыларды маска немесе қашықтықтан оқыту форматына ауыстыруды аурудың өсуін ескере отырып, оқу орнының басшысы қабылдайды.
Басқарманың негізгі міндеті – оқыту форматына қарамастан (онлайн немесе офлайн) оқушылар үшін сапалы білім беру процесін қамтамасыз ету.
– Білім ордаларында медбикелер жеткілікті ме? Оқушыларға алғашқы көмек қалай көрсетіледі?
– 2017 жылдан бастап білім беру мекемелерінде жұмыс істейтін барлық медицина қызметкері облыстық денсаулық сақтау басқармасының құзыретіне берілгені белгілі. Бұл балалар денсаулығын жүйелі түрде бақылауға мүмкіндік бергенімен, ата-аналардың жауапкершілігін жеңілдетпейді. Өйткені, баланың күнделікті күйі, жалпы жағдайындағы өзгерістер әуелі үйде байқалады. Сондықтан ата-аналар мектеп медицинасының жұмысына ғана сүйеніп қоймай, бала денсаулығына үнемі көңіл бөліп, кез келген ауытқуды дер кезінде байқап, алдын алу шараларын жасап отырғаны маңызды.
– Ақпаратыңызға рақмет!
Әңгімелескен – Айдана БОРАНБАЕВА.
