Жастарды қолдау жан-жақты

Қар 27, 2025

Облыста жастарды қолдау бағытындағы қызметтер тұрақты түрде дамып келеді. Өңірдегі жастар ресурстық орталықтары жас азаматтарға әлеуметтік, кәсіби және психологиялық мәселелер бойынша кеңес беріп, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік жасап отыр.

Жастар үшін  өзекті салалардың бірі — жұмыспен қамту. Осы жылдың 1 қазанына дейін қалалар мен аудандардағы Мансап орталықтарына 11 809 жас жүгініп, олардың 5 896-сы, яғни 49,9 пайызы тұрақты жұмысқа орналастырылған.

Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасына қарасты облыстық жастар бастамаларын дамыту орталығы осы жылдың алғашқы жартыжылдығында 4 бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізіп, 733 жасты қамтыды. Нәтижесінде 142 азамат тұрақты жұмысқа орналасты. Аудандық орталықтарда да белсенді жұмыс жүргізілуде. Жыл басынан бері 25-тен астам жәрмеңке өтіп, оған 230 жас қатысқан. Оның 132-сі еңбекке орналасқан.

Жастар бастамаларын дамыту орталығы басшысының орынбасары Нариман Өскенбаевтың айтуынша, жастар арасында кәсіби бағдарлауға сұраныс жоғары. Осы бағытта 25 шара өтіп, 1 220 жас мамандық таңдау, нарық сұранысы және оқу мүмкіндіктері бойынша кеңес алды. NEET санатындағы жастарды анықтау және оларды жұмысқа орналастыру жұмыстары да тұрақты бақылауда.

– Жастар бастамаларын дамыту орталығында «Бір терезе» қағидатымен қызмет көрсететін орталық жұмыс істейді. Мұнда жастарға жұмыспен қамту, мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына қатысу, кәсіпкерлікті дамыту, құқықтық және психологиялық кеңес беру бағыттары бойынша қолдау көрсетіледі, – дейді Н.Өскенбаев.

Оқыту бағыты да назардан тыс қалған жоқ. Биыл 600-ден астам жас кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, оның ішінде жүзден астамы өз бизнес-идеясын жүзеге асыруға грант алды. Ал жазғы маусымда «Жасыл ел» жобасына екі мыңнан астам жас қатысып, маусымдық табыс пен тәжірибе жинады.

Ал облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының жастар және отбасы бөлімінің басшысы Жаннұр Ахметжанованың сөзінше, облыста волонтерлік қозғалыс та қарқынды дамып келеді. Мәселен, қазіргі таңда өңірде 28-ден астам волонтерлік ұйым мен 400-ден аса бастамашыл топ белсенді еңбек етеді. Осы жылы аталмыш қызметке 50 431 адам, 100-ден астам кәсіпорын, фермерлік шаруашылықтар және 950-ге жуық шағын және орта бизнес субъектісі тартылған.

Айдана БОРАНБАЕВА.