Өлеңімен ерекше Еламан

Қар 27, 2025

Астана қаласында өткен XХVIII «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің «Поэзия» аталымы бойынша әріптесіміз, ақын Еламан Қабділәшім 2-орынды иеленді. Биылғы бәйгеге еліміздің әр өңірінен келген дарынды жас қаламгерлер қатысты.

 

Халықаралық фестивальдің ашылу салтанатында ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ғалым Ахмедьяров құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Байқауға барлығы 63 қолжазба қабылданды. Бірақ олардың арасынан үздіктерін іріктеу қазылар алқасы үшін оңай болмады. Дегенмен, алдын ала іріктеуден кейін 33 жас ақын Астана қаласында өткен финалдық кезеңге шақырылды. Солардың арасынан қазылар мен ұйымдастырушылар ақылдаса отырып, 11 түрлі аталым бойынша жеңімпаздарды анықтадық. Сосын арнайы жүлденің мәнін, мазмұнын арттыру үшін Исраил Сапарбай, Күләш Ахметова, Темірхан Медетбек, Есенғали Раушанов атындағы арнайы жүлделер тағайындадық, – дейді Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, қазылар алқасының төрағасы Қасымхан Бегманов.

Байқау нәтижесі бойынша жүлделі 1-орынды астаналық Ділдә Уәлибекова мен Өскемен қаласының намысын қорғаған Оразай Жеңісұлы иеленді. 2-орынға Астана қаласының тұрғыны Шапағат Әбдір пен Павлодар облысының намысын қорғаған Еламан Қабділәшім ие болса, 3-орынды Көкшетау қаласының дүлдүл ақыны Серғазы Қайырболды мен астаналық Айзада Рақымжанова бөлісті. Одан бөлек, Исраил Сапарбай атындағы арнайы жүлдені астаналық Айдын Байыс, Күләш Ахметова атындағы арнайы жүлдені алматылық Ақгүлім Ерболова, Темірхан Медетбек атындағы арнайы жүлдені Жетісу облысынан келген Абзал Сүлейменов және Есенғали Раушанов атындағы арнайы жүлдені Қосшы қаласының үкіліген үміті Нұрбек Кеңесбай иеленді.

Ақын Еламан Қабділәшім «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестиваліне биыл алғаш рет қатысып отыр. Бұған дейін ол 2014 жылы іріктеуге қатысқанымен, негізгі кезеңге өте алмаған. Соған қарамастан, фестивальден алыстамай, бір апта бойы жыр жәрмеңкесінің ортасында жүріп, еліміздің әр өңірінен келген талантты жастардың шабытты сәттеріне куә болған.

– «Шабыт» фестиваліне бірінші рет қатыстым. Бұған дейін 2014 жылы іріктеуден өте алмай қалған едім. Сонда да қатысушы жігіттерді қолдап, бір апта бойы өткен жыр жәрмеңкесінің ортасында жүрдім. Сол уақытта өңір-өңірден келген үздік жастардың күркіреп өлең оқып, дүркіреп жүрген шабытты шақтарына куә болған едім. Одан кейін бұл байқаудан «Әдебиет» аталымы алынып тасталды. Бірнеше жыл үзілістен соң, биыл қайта оралған жыр сайысына тағы бір мәрте қатысуға бел будым. Нәтижесінде лауреат атандым. Фестивальге «Ішіме үңілу…» атты топтамамды жолдаған едім, — дейді Е.Қабділәшім.

А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.