Әлем инфо-ақылмандарға тыйым сала бастады. Мәселен, Қытайда енді блогерлер өзінің жеке парақшасында кез келген тақырыпты сөз ете бермейді. Медицина, қаржы, құқық немесе білім саласындағы тақырыптарды талқыға салу үшін біліктілігі барын дәлелдеуі қажет. Ал кәсіби білімі, тиісті диплом не лицензиясы болмаса, қандай да бір ақпарат жариялап, ұсыныс айтуға тыйым салынады. Осы ақпарат баспасөз бен әлеуметтік желіге шыққалы мұндай заң Қазақстанға да керек деп көршілердің бастамасына қызығушылықпен қарап жатқандар бар. Дегенмен, әлеуметтік желіде ақыл айтуды кәсіпке айналдырып алған блогерлер қауымына ауыр тиіп жатқаны да жасырын емес. Жеке парақшадағы қаралым мен лүпіл үшін ойына келген тақырыпта ақыл айтып, керек болса оны халыққа сатып, оңай табысқа кенеліп жүрген блог жүргізушілері болса еркіндікті қалайды. Тақырыпты «Алаңның» талқысына салып көрдік.
Гүлжайна ДАРИМОВА, Павлодар қалалық мәслихатының депутаты:
– Мен елімізде мұндай заңның қабылдануын орынды деп санаймын. Бірақ тым «қысып» тастауға болмайды. Жан-жақты саралап, талқылау керек. Жалпы, блог жүргізу бәріне қолжетімді шығармашылық алаң болуы керек. Оны шектеуге болмайды. Егер блогер тек өзінің көрген-білгенін айтып, жеке тәжірибесімен бөлісіп, түрлі өнім немесе қызмет туралы шолу жасап, жаңалықтарға қарапайым азамат ретінде пікір білдірсе, оған арнайы дипломның қажеті жоқ. Мұндай контент еркін ой, жеке көзқарас деп қарастырылады. Егер блогер нақты бір тақырыпқа қатысты кеңес бере бастаса, қояр талап та өзгереді. Әсіресе қаржы, медицина, құқық, психология сияқты жауапкершілігі жоғары салаларда кәсіби білім міндетті. Егер блогер адамдардан ақша алып, ақылы кеңес өткізіп, өзін маман ретінде таныстырса, онда ол сол саланың талаптарына сай болуы, тиісті білімі мен тәжірибесі болуы қажет. Өйткені көрермен оның сөзіне сеніп, соған сүйеніп шешім қабылдауы мүмкін. Яғни, қарапайым пікір мен кәсіби кеңестің айырмашылығын түсіну маңызды. Пікір айту – еркіндік, ал кеңес беру – жауапкершілік.
Әлфараби БАТҚҰЛДЕН, блогер, Екібастұз қаласы:
– Аталмыш ұсынысты блогерлердің жұмысына шектеу қою деп түсінемін. Негізі, блогер дегеніміз — еркін ойлы адамдар. Көптеген блогер өз парақшаларын еркін тақырыпта жүргізіп, өз оқырмандарына пайдасын тигізіп келеді. Бізде белгілі бір тақырып деген жоқ. Саясат та бар, өмірлік мәні бар кеңестер де бар, әзіл де бар. Ал кейде мемлекеттік органдар өздері шығып, көмек сұрап жатады. Белгілі бір мәселені я болмаса бір бағдарламаны халыққа жеткізу үшін блог түсіріп, өзіміздің көмегімізді беріп жатамыз. Бұл да елдің игілігіне асып жатыр. Сондықтан блогерлерге керісінше еркіндік беру керек. Бірақ, менің ойымша ойы, санасы бар адам артық кетпейді. Заң бәріне ортақ. Тағы бір айтар ұсынысым, қайта қоғамға пайдасын тигізіп жүрген блогер жастарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуі керек. Яғни, олардың дамуына, өсуіне жағдай жасалса деймін. Міне, сонда олар жақсы, сапалы контент түсіріп, жастарды ынталандырып, дұрыс жол көрсетер еді. Одан бөлек ата-анаға құрмет көрсету, отбасылық құндылықтарды сақтау сынды тақырыптар көптеп айтылар еді.
Майя ШУАҚБАЕВА, «Еуразия бірінші арнасының» меншікті тілшісі:
– Қытай Халық Республикасы енгізіп жатқан жаңа заң туралы оқып шықтық. Мұны аталған елдің заң шығарушы органдары жеті рет өлшеп барып қабылдағаны баршаға аян. Олар блогерлердің қызметін реттеу мәселесіне келгенде барынша қатаңдық танытып, бірақ әділ түрде қарады деген ойдамыз. Яғни, бұл мәселе көп мемлекет үшін маңызды деп ойлаймын. Біздің елде блогерлерді дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарымен теңестірді. Яғни, блогерлерді БАҚ-пен теңестірді деген сөз олар да журналистер сияқты жалған ақпарат үшін немесе біреуге жала жапқаны үшін заңдық жауапкершілікке тартылуы керек.
Негізі журналистер ғылым немесе медицина туралы материал әзірлегенде өздері сарапшы ретінде сөйлемейді. Олар барлық талдауды, тың мәліметті кәсіби мамандардың аузымен жеткізеді. Инфлюенсерлерден де дәл осыны талап ету қисынды әрі заңды деп санаймын. Қазір блогерлер мен түрлі желілік «сарапшылар» бір жерден — GPT, Google немесе басқа ақпарат көздерінен көшіріп алған кеңестерін айта береді. Жүздеген алаяқтар өздерін дәрігер, психолог, брокер және т.б. етіп көрсетуде. Ал қарапайым халық оларға сеніп, соңдарынан еріп кетеді. Бұның соңы түрлі өкініштерге әкеп жатады. Менің ойымша, Instagram-да блогердің кәсіби дипломы мен ғылыми дәрежесін растайтын белгі енгізілсе, нақты мамандарға деген сенім деңгейі арта түсер еді. Нағыз кәсіби адамдар бұдан қорықпайды, мұндай нормаға қарсы болатындар – тек дилетанттар.
«Алаңды» үйлестірген – Тілеуберді САХАБА.
