Тереңкөл ауданы аймағымызда астықты өлке қатарына жатады. Осы ауыл шаруашылығындағы айтарлықтай көрсеткішпен көркейіп келе жатқан ауданның дамуына өзіндік үлес қосып жүрген жандардың бірі – Жанат Аипов. Ол ауданның белді шаруашылықтарының бірі «Вильгельм» шаруа қожалығында механизатор болып жұмыс істейді.
Механизаторлық кәсіп ауыл шаруа-шылығындағы басты әрі қарапайым мамандықтардың бірі екені даусыз. Ал сол мамандықты тереңінен меңгерген азамат — кез келген шаруашылық үшін нағыз таптырмас қызметкер. Жанат Қанатбекұлын сондай білікті мамандар қатарына жатқызса болады. Жас та болса, ісін жақсы меңгеріп алған. Ол мектеп бітірісімен бірден еңбекке араласқан екен. Ауылындағы әлдеқашан іргесі қаланып, қанатын кеңге жайған шаруашылыққа ойланбастан жұмысқа тұрады.
– Мектеп бітірген соң бірден «Вильгельм» шаруашылығына жұмысқа орналастым. Мұндағы аға буын мамандықтың қыр-сырын үйретті. Техниканың түр-түрін жүргізуді мең-
геріп алдым. Бүгінде комбайнды да,
жүк тиегіш көлікті де тізгіндеймін. Көктемде егістікті өңдеп шығатын арнайы техниканы да жүргізе аламын. Қазіргі қолданыстағы ауыл шаруашы-
лығы техникалары заманауи, көп функ-циясы автоматтандырылған. Компью-термен басқарылады. Мұның бәрін үйрендік. Әрине, алғашында басқару қиын болды. Бірақ, ниет болса, не нәрсені де үйренуге болады, – дейді механизатор Жанат.
Мектептен кейін бірден жұмысқа орналасқан бозбала бүгінде шаруашы-лықтың белді әрі тәжірибелі мамандары қатарына кіріп үлгерген. 13 жылға жуық уақыт осы шаруашылықта жұмыс істейді. Табандылық, еңбекқорлығының арқасында кәсіпорында өз орнын тапқан. Білікті маманның кез келген техниканы тізгіндеп кете алатыны шаруа қожалығы үшін олжамен тең көрінеді.
– Жаз бойы, күзде таңертең ерте егіс даласына шығып, күн батқанға дейін еңбек етеміз. Көктемде жерге түскен дәннің өсіп шығып, күзде жемісін бергенін көру – біз үшін ерекше сезім. Біле білгенге бұл — керемет құбылыс, маңдай тердің нәтижесі. Еңбектің еш кетпей, күз мезгілінде шашпай-төкпей жинап алу үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Сондықтан, қыс бойы техникамызды жөндеп, уақытылы астықты жинап алуға күш саламыз. Әлбетте, ауа райына байланысты жұмысымызға өзгеріс еніп тұрады. Мәселен, қазіргі таңда күнбағыс жинауға жаңбырлы күндер аздап кедергі келтіріп тұрғаны болмаса, биылғы өнім шығымдылығы қуантады, – Жанат Аипов.
Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы мамандары тапшылығы еліміз бойынша бары жиі айтылады. Сондықтан, жылдар бойы қалыптасып, өз ісін тереңінен меңгергендерге шаруашылықтар да барынша қолдау білдірудің маңызын түсінеді. Міне, осындай қам-
қорлықты Жанат Қанатбекұлы да сезінуде. Айтуынша, жалақы уақытылы төленеді, қиын жағдайларда шаруа қожалығы тарапынан әрдайым көмек көрсетіледі. Сол себепті ешқашан жұмыс ауыстыруды ойына да алмағанын айтады. Отбасылы азамат бүгінде екі бала өсіріп отыр. Еңбекқор азаматтың атқарған жұмыстары елеусіз қалған жоқ. Биыл ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай аудан әкімі атынан Алғыс хат алған. Шаруашылық басшылығы да ісіне адал маманның мәртебесін асыруда аянбайтын көрінеді.
Ауданның Алтай ауылдық округінде орналасқан «Вильгельм» шаруа қожалығын көпшілік әлеуметтік жауапкершілік тұрғысындағы игі істерімен де жақсы таниды. Ауылға әлеуметтік нысандар салып, елді мекенді көркейтуге көп көмегін берген.
Енді аудандағы биылғы күзгі жиын-терім жұмыстарына тоқталсақ. Аудандық әкімдік мәліметтеріне сүйенсек,
145 700 гектар аумақтан дәнді дақылдар жиналған. Оның 110 мың гектардан астам егістікте бидай өсірілген. Бұл дақыл гектарынан 13 центнерден жиналған. Қазіргі таңда майлы дақылдар жинау жұмыстары жалғасуда. Майлы дақыл егілген аумақтың 70 пайыздан астам ауданынан күнбағыс жиналған. Орташа өнімділік гектарынан 10 центнерден айналуда. Тереңкөлдіктер 2025 жылы 1720 гектарға картоп егіп, өнімді толық жинап алған. Екінші нан гектарынан 350 центнерден шыққан. 18400 тонна картоп көкөніс қоймаларына сақтауға жіберілген. Тағы 3 мың тоннасы тұқымдыққа алынып қалынды.
Диқандар топырақты құнарландыруға да назар аударыпты. 20 тонна минералды тыңайтқыш сатып алынған. Күзгі жиын-терімді жүргізуге ауданға 5 139 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген. Бүгінгі таңда 4 686 тоннаға (91%) өтінім беріліп, 3 921 тоннаға (76%) төлем жүргізілген.
Төрт түліктің қысқы жем-шөбін әзірлеу де — басты назарда. Аудан бойынша 76,8 мың гектар шабындық алқап шабылған. Яғни, жоспар толық орындалған. 82 мың тонна шөп дайындалыпты. Бұл көлем жоспардан 18 пайызға артық. Орташа өнімділік гектарынан 8,2 центнер болған. Одан бөлек, ауданда өткен жылдан қалған 32,3 мың тонна шөп қоры бар.
Жиын-терім жұмыстарына мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген. Яғни, жеңілдетілген несие берілді. Мәселен, «Кең дала 2» бағдарламасы аясында 2,4 млрд теңге сомасында кредиттік қаражат үлестірілсе, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 1,5 млрд теңге, «Тереңкөл КТ» АҚ бойынша 401 млн теңгеге қаржыландырылған.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
