Бәсі биік білім ордасы

Жел 4, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

7 желтоқсан күні еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Торайғыров университетінің ашылғанына 65 жыл толмақ. Осы уақыт аралығында білім ордасы биік белестерді бағындырып, бүгінде Қазақстандағы ең беделді ғылыми орталықтардың біріне айналды.

Университет тарихына тоқталар болсақ, оқу ордасы 1960 жылы Павлодар индустриалды институты болып құрылады. Бастапқыда бірнеше факультет, жүздеген студент және аздаған оқытушы ғана болды. Десе де, сол уақытта олардың әрқайсысы өңірдің индустриясы мен өнеркәсібіне қажет мамандарды даярлауға бар күшін салды, дейді жоғары оқу орнының өкілдері. Сөйтіп, 1980–1990 жылдар аралығында институт жаңа бағыттарды дамыта бастайды. Инженерия, энергетика, педагогика, экономика салалары бойынша жаңа факультеттер ашылып, кафедра саны көбейді. Ғылыми зерттеулерге баса мән беріліп, патенттер мен ғылыми жұмыстар саны артады. Осы жылдары университет тек Павлодар өңірінде ғана емес, республика көлемінде танымал бола бастайды.

Ал 1990 жылдардың соңында институт «университет» мәртебесін алып, білім беру бағдарламалары, магистратура мен докторантура жүйесі енгізіледі. Студенттерге тек теориялық білім ғана емес, өндірістік тәжірибе алу мүмкіндігі берілді.

2000 жылдардан бастап университет ғылыми жобалар мен инновацияларға көбірек көңіл бөле бастады. Зертханалар жаңартылып, технопарктер ашылды. Студенттер мен оқытушылар халықаралық жобаларға қатысып, өз білімдерін әлемдік деңгейде сынады. Соның нәтиже-сінде, Торайғыров университеті Қазақстандағы ірі ғылыми орталықтардың біріне айналып отырғанын мақтанышпен атап өткен жөн. Мәселен, бүгінде университетте 86 ғылыми жоба жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, оқу орнының ғалымдары 635 патент алып, 200-ден астам ғылыми мақала жариялаған.

Жалпы, оқу орнының базасында 77 заманауи оқу және ғылыми зертхана жұмыс істейді, 9 факультет бар. Бүгінде университет Азияның ең үздік 500 жоғары оқу орнының қатарына енген. Сонымен қатар, халықаралық Болон бағдарламасының қатысушысы әрі QS сынды беделді рейтингте жоғары саптан көрінуде.

Қуантарлығы, оқу ордасы 200-ден астам шетелдік белді университеттермен серіктес болып, табысты жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда университетте 9 мыңға жуық студент білім алуда. Олардың қатарында 400-ден астам шетелдік жас бар.

Жақында жоғары оқу орны 65 жылдық мерейтойын сән-салтанатпен атап өтті. Осы уақыт аралығында үлкен жетістіктерге қол жеткізген университет келешекте бұдан да биік шыңға шығады деген үміттеміз.

Нұржайна ШОДЫР.