Ауыл жастарын спортқа баулып, салауатты өмірге бейімдеу – мемлекеттік деңгейде қолға алған маңызды қадам. Осы жоспар аясында қазір әр ауылды зәулім спорт кешендері салынып, жас ұрпақтың спортпен шұғылдануына жағдай жасалуда. Ақсу қаласына қарасты Алғабас ауылының тұрғындары да мемлекет қолдаған осы бағдарлама аясында зәулім спорт кешенінің игілігін көреміз деп үміттенген еді. Бірақ құрылыс жол ортадан тоқтап, нысан аяқталмаған қалпында тұр.
Алғабас ауылында дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысы 2023 жылы басталған. Жалпы аумағы 812 шаршы метрді құрайтын кешенде спорттық жаттығуларға арналған барлық алаңдар мен залдар болады деп жоспарланған. Атап айтсақ, шағын футбол, волейбол және баскетбол ойнауға арналған біріккен алаң, күрес және бокс залдары, шахмат, тоғыз құмалақ үстелдері болады деп қарастырылған. Өкінішке қарай, тендерді ұтып алған мердігер мен тапсырыс берушілер жолдан тайып, бюджеттің қаражаты құрылысқа емес, жекенің қалтасына түсіп кеткен. Осылайша кешенге жауапты тұлғалардың жауапсыздығы салдарынан құрылыс жұмысы жол ортадан тоқтап қалды. Ал нысанға бағытталға қаражатты қолды қылды деп айыпталған азаматтар да қамауға алынып, өз жазаларын арқалаған.
Ақсу қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімінің басшысы Әди Абылай-ұлының айтуынша, «Ақсу қаласының Алғабас ауылдық округінің Алғабас ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы» жобасы бойынша «ГрадСтройСервис» ЖШС мердігерлік ұйымымен 420,8 млн теңгеге келісімшарт жасалған. Ал авторлық қадағалауға – «Сартөбе» ЖШС (4,9 млн теңге) және техникалық қадағалауға «КазахИнжиниринг» ЖШС (12,1 млн теңге) жауапты болған. Өкінішке қарай, өткен жылдан бері бұл келісімшарттардың барлығының күші жойылған. Яғни, 2024 жылдың тамыз айында мердігер «ГрадСтройСервис» ЖШС-мен жасалған шарт бұзылған. Оған құрылыс мерзімінің бұзылуына және шарттық міндеттемелердің орындалмауы себеп болыпты. Осы заң бұзушылықтардан кейін құзырлы оргындар тексеру жүргізіп, нақты кінәлілер құрықталып, жазаларын арқалап та үлгерді.
– Атап айтар болсақ, Павлодар облысының прокуратурасы Ақсу қаласы құрылыс бөлімінің бұрынғы басшысының және «ГрадСтройСервис» ЖШС директорының үстінен қылмыстық іс қозғап, оларды жеті жылға бас бостандығынан айырған. Олар бюджет қаражатын ұрлау фактісі бойынша кінәлі деп танылды. Қазіргі уақытта сотталушы тараптар қайта апелляцияға берді, сот процесі жалғасуда, – деді құрылыс бөлімінің басшысы.
Бүгінгі таңда жобалық құжаттамаға түзетулер енгізілуде. Яғни, ағымдағы жылдың желтоқсан айында қайта мемлекеттік сараптама алу жоспарланған. Барлық рәсімдер аяқталғаннан кейін спорт кешенінің құрылысын аяқтау үшін жаңа мердігерлік ұйымды анықтауға конкурс жарияланатын болады.
Тілеуберді САХАБА.
