Көкөністер арзан болады

Жел 4, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

Ертеңнен бастап Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларындағы сауда орындарына өз өңірімізде өсірілген қызанақ пен қияр арзандатылған бағамен жеткізілетін болады. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде де бұл өнімдерді арзанға алуға мүмкіндік бар. Жергілікті билік пен тауар өндірушілер осы мәселені реттейтін меморандумға қол қойды.

Бүгінде облыста жылына 14 мың тоннадан астам көкөніс өсіретін үш ірі жылыжай кешені жұмыс істейді. 2020-2025 жылдары өңірдің жылыжай шаруашылықтарын дамытуға қазынадан 312,2 млн теңге қарастырылып, мемлекеттік қолдау көрсетілді. Биыл электр энергиясына жұмсалған 163,2 млн теңге шығынның орны өтелді.

Өз кезегінде жылыжай кешендері жергілікті нарықты сапалы әрі арзан өніммен қамтамасыз етуге ниет танытты. Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірдің жылыжай кешендерімен ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Оған облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Талғат Дұғалов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әділ Исин, «Greenhouse-Qaztomat» жылыжайының директоры Аңсат Жаңатаев пен «Ақсу жылыжай кешені» ЖШС директоры пен Наталья Куликова қол қойды. Құжат көкөніс өнімдеріне бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу және қыс мезгілінде үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етуге бағытталып отыр.

Меморандум аясында шаруашылықтар кемінде 140 тонна қияр мен 100 тонна қызанақты бекітілген көтерме бағамен жеткізуге міндеттелді. Бұл ретте қиярдың бір келісі 850 теңгеден, қызанақтың келісі 800 теңгеден белгіленуі тиіс. Нәтижесінде әлеуметтік дүкендердегі бөлшек саудада үстемеақыны есепке алғанда қиярдың келісі 980 теңгеге, қызанақтың келісі 925 теңгеге сатылады. Ал ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде қияр 890 теңге, қызанақ 840 теңге болады. Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларына жеткізу 5 желтоқсаннан басталады.

Облыс әкімі Асайын Байханов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы қызметкерлері форумында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту стратегиясының маңыздылығын және инвестициялық жобаларды қолдау қажеттілігін атап өткенін жеткізді. Павлодар өңірінің жылыжай өнімдері ішкі нарықта ғана емес, елдің басқа өңірлерінде және шетелде де сұранысқа ие, бұл өз кезегінде бағаны реттеу механизмдерінің рөлін күшейтеді.

— Біздің міндет — қыс мезгілінде әлеуметтік маңызы бар көкөністердің және жоғары сұранысқа ие көкөністер бағасының қымбаттауына жол бермеу, нарықты тұрақты түрде сапалы өніммен қамтамасыз ету, — деп атап өтті Асайын Байханов.

Айта кетейік, «GREENHOUSE-QAZTOMAT» жылыжай кешені аумағын 10,4 гектарға ұлғайту бойынша ірі инвестициялық жобаны қолға алды. Жобаның құны — 10,7 млрд теңге. Құрылыс аяқталған соң аталмыш кешен Орталық Азиядағы ең ірі жылыжайға айналады. Яғни, жыл сайын қосымша 15,8 мың тоннаға дейін көкөністер өсіріп, 114 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туады. Жоспар бойынша, бұл істің барлығы келесі жылы аяқталмақ.

Өз тілшіміз.

Суретті түсірген — Валерий Бугаев.