Павлодарлық 25 сарбаз Отан алдындағы борышын өтеп, үйлеріне аман-есен оралды. Оларды облыстық жастар бастамаларын дамыту орталығы мен қорғаныс департаменті мамандары арнайы салтанатпен күтіп алды. Жігіттер Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы қатарында әскери борыштарын өтеді. Ұлттық ұлан Қарулы күштер жүйесіндегі жеке әскер түріне жатады. Өңіріміздегі қоғамдық тәртіптің сақталуын қамтамасыз ететін де — осы сарбаздар.
— Бүгін біз әскери борышын өтеп, қызметтен босатылған сарбаздарды қарсы алдық. Олар Қарағанды қаласындағы №6505 әскери бөлімінен келген. Бұл жігіттер өздерінің әскери борышын абыроймен атқарды. Әрі қарай да өмірден өз орындарын табады деп үміттенеміз, -деді №5512 әскери бөлімінің тәрбиелеу және әлеуметтік-құқықтық жұмыс бөлімінің бастығы, майор Манарбек Мусорянов.
— Мен үшін уақыт тез өтті. Әскери қызмет маған тәртіп үйретті. Осы жолда әрине өзіндік қиыншылықтар кездеседі. Бастапқыда ата-анаға деген сағыныш басым болатын. Бірақ, уақыт өте келе үйренісіп кеттім. Әрі жанымдағы жолдастарыммен де бірден жақсы тіл табыса білдім. Жастарды әскер қатарына шақырамын. Біріншіден, өз қатарластарыңмен бірге шыңдаласың, ал екіншіден, Отан алдындағы борышын өтеуге әрбір азамат асығуы керек деп санаймын, — деді сарбаз Ержан Өркенбаев.
Қазіргі таңда борышын өтеп келген сарбаздар №5512 әскери бөліміне қызметке қабылдану бойынша үгіт-насихат жұмыстарымен танысуда. Бұл олардың әскери мансаптарының іргетасы болуы мүмкін. Ал, әскерден ефрейтор дәрежесімен келген Расул Әлімжан өз мамандығы бойынша оқуын жалғастырмақ.
— Отбасыммен қауышқаныма өте қуаныштымын. Әскери өмір маған ең бастысы жан-жақты тәртіпті үйретті. Жақындарыңа деген сағынышқа төзе білу, жолдастарыңа адал болу, сондай-ақ, жеке бас саулығына бейжай қарамауға тәрбиеледі. Жас сарбаздарды ерте жастан әскери борышын өтеуге шақырамын, — деді ол.
Балаларының Отан қорғай алатын нағыз азаматтар қатарына еніп, аман-есен оралғанына ата-аналар да қуанышты. Жасыратыны жоқ, әскерге шақырту алған жігіттердің ата-аналары олардың қауіпсіздігі үшін алаңдайды. Қызметте жүріп, үйіне оралмай қалған, келеңсіз жағдайларға тап болған сарбаздар бар. Алайда, бұл бүкіл Қарулы күштерге топырақ шашуға болады деген сөз емес. Мұндай жағдайда баланың тәрбиесі де рөл атқаруы мүмкін деп санайды. 25 сарбаздың қатарында өзінің ұлы Расул да үйге оралған ата-ана, «Aiqara» ақпараттық порталының бас редакторы Асыл Әбіш.
— Менің ұлым Расул Әлімжан университетте оқып жүргенде қатарластарының әскерге барып жатқанын көріп, өзі де ниет білдірді. Баламның шешіміне қарсы болмадым. Себебі әскер деген — үлкен мектеп. Содан өтсін, сарбаздық өмір көрсін деген мақсатпен рұқсатымды бердім. Отан алдындағы борыштан жалтаруға болмайды. Шындығында, ата-ана баласын әскерден қорықпай, керісінше, жан-жақты даярлап жіберуі керек, — деді ол.
Сара АВДОЛ.
Суретті түсірген — Есенжол Исабек.
