Ұзақ жылдар бойы Ақтоғай ауданы Әуелбек ауылының тұрғыны болған Дәметкен Әбдіғалымқызы туралы өткен шақта жазуға тура келіп тұр. Асыл жар, мейірімді ана, ардақты әже Дәметкен апаның өмірінде ағасы – ақын, көрнекті жазушы Қабдыкәрім Ыдырысовтың мұрасын насихаттау ісі ерекше орын алғанын айтуымыз керек.

 

Мен Дәметкен апаймен 2000 жылдар басында, Қабдыкәрім ақын мұрасын зерттеу ісімен шұғылданабастағанымда танысып, бірнеше мәрте үйінде болдым. Қабдыкәрім ақынның әкесі Ыдырыс пен Дәметкен апайымыздың әкесі Әбдіғалым екеуі бір Мұстафадан тарайды. Жалпы, Мұстафадан Әку, Раздық, Ыдырыс, Әбдіғалым деген төрт ұл болған. Алматыға аттанып, қазақ әдебиетінің үлкен бір тұлғасына айналған соң да Қабдыкәрім Ыдырысов «қарашаңырағым» деп Ақтоғай ауданы Өтес ауылындағы Әбдіғалымның үйіне келіп түсіп отырған. 1978 жылы 50 жасын тойлай келгенде жанында әйгілі ақын Жұбан Молдағалиев, Сағи Жиенбаев, композитор Әсет Бейсеуов болғанын жиі еске алып айтатын. Дәметкен апай үйіндегі сөрелерде Қабдыкәрім ақынның суреттерін, әртүрлі мерейтойлардан жазылып алынған кассета-дискілерін сақтап келді. Әуелбек ауылындағы Қ.Ыдырысов мектебінде ақынның 85 жылдығына орай жеке музейін  ұйымдастырғанымызда сол кісінің ақыл-кеңесін, жеткізген дүниелерін негізге алып едік. Алыстан қонақтар, «Қазақстан» ұлттық республикалық телеарнасынан келген деректі фильм түсірушілерді күтіп алып, естелік әңгімелерін үзбей айтып беретін еді. Ол әр сөйлемінде ағасын мақтаныш ететін. Тіпті, кейде сондай қиындық көріп, өз талабымен көтерілген ақынды туған өңірі ұмыт қалдырып жататындығын уайымдаушы еді. Дәметкен апаймен танысып, Қабдыкәрім ақын туралы ұлықтау ісін бастағанымызда ақынның туғанына 75 жыл болып еді. Расында, ол кезде жерлес ақынның есімі көп ауызға алына бермеді. Оның шығармашылығы туралы зерттеу үшін Алматыға, Жазушылар одағына, Мұзафар Әлімбаевтың үйіне дейін бардым. Бірте-бірте ісіміз алға басты. Сөйтіп Дәметкен апа бар, өзге де қолдаушылармен бірге қимылдап, 85 жылдығы қарсаңында Қ.Ыдырысов білім алған Павлодар педагогикалық колледжінің қабырғасына ақынның мемориалдық тақтасын орнаттық, Әуелбек ауылындағы мектепте ақын музейін аштық, осыған дейін Қ.Ыдырысовтың мұрасына байланысты 2 кітап (біреуі — естеліктер жинағы, екіншісі — қаламгердің публицистикалық еңбектері) ұйымдастырып, баспадан шығардық. Ақынның шығармашылық кештерін Ақтоғай ауданында, «Шаңырақ» шығармашылық орталығында, Павлодар педагогикалық университетінде ұйымдастырдық. Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде бірнеше мәрте еске алу кешін өткіздік. Барлығында Дәметкен апайымыз өмірлік жан жолдасы Жоламан ағамен бірге жарқырап ортасында жүрді! Мұндай Қабдыкәрім секілді асыл ағаға деген жоғары мәртебені, биік құрметті мен осы Дәметкен апаның бойынан ғана көрдім! «Мен 1951 жылы тудым. Қабдыкәрім ағамыз Павлодарда педучилищеде оқып жүрген кез екен. Барлығымыз бір үйде тұрдық. 1952 жылы Алматыға анасымен, жұбайымен қоныс аударды. Ылғи да Ақтоғайдағы Өтес ауылына «туған елім, жерім» деп келіп түсетін. Темірболат ағамның үйіне қарашаңырақ деп іздеп келетін. 1978 жылы келгені есімде. Жанында танымал ақындар Жұбан Молдағалиев, Сағи Жиенбаев, композитор Әсет Бейсеуов болды. Өзі ақкөңіл, туысқа деген қамқорлығы, жанашырлығы мол еді. Қашанда қолынан келгенін аямайтын. Өзіміз Қабдыкәрімді «әтәй» деп атайтынбыз. Тоғыз жасында әкесі «Халық жауы» деп ұсталып кетіп, анасының қолында өсті. Анасы керемет жақсы адам болатын. Біз ол кісіні Жектай деп айтатынбыз. Мен Алматыға барғанда жеңгем тосып алатын, апам ас пісіріп, барлық балаларын жинап, «мынау — сендердің апаларың, ұмытпаңдар» деп қарсы алып, бәйек болатын. Ондай адамды өмірде көрмедім. Бәтіш келінін қызындай ұстады, жеңгеміз де Жектай анамызды асты-үстіне түсіп күтті. Қабдыкәрім ағамыз мені «қарындасым» деп еркелететін. Төрт ағайыннан қалған үлкені менмін, қалғаны — немерелер. Темірболат ағамыздың үйінде пианино болатын, сол келгенінде Әсет Бейсеуов сонда ойнап, «Айым болып тудың ба» деп әнін шырқады. Тағылымды әрі мағыналы кеш болды. Қабдыкәрім ағамыз Павлодардан барған жастардың өсуіне үлкен қолғабыс жасады. Апушев Амангелді, Адуов Ризабек – барлығы Қабдыкәрімнің жанында болды, әлі күнге дейін отбасылары балаларымен араласып тұрады. Сіләмбек Адуов, Мұқар Нұртазин, Қанат Даржұманов, Махмет Қайырбаев, Сартай Қабылов Қабдыкәрімнің жолдастары еді. Бір жылдары атақты өнер қайраткерлері Қуат, Суат Әбусейітовтер келді, Қуат Әбусейітовтің әйелі Майра режиссер болатын. Ол кезде біз баламыз, қалада едік. Әкем жасы келген адам болды. Мен Алматыға оқуға бара алмадым. Осында кооперативтің оқуын оқыдым, сосын Целиноградтың кооперативный техникумын бітірдім, бухгалтер болып қырық жылға жақын еңбек еттім. Қабдыкәрімдей ағаң болса, неге мақтан тұтпайсың. Бірақ өмірі қысқа болды. Нағыз дарыны көрсетілетін шағы еді. 60-70-ке келсе, біраз өлмес туындылар жазар еді деп ойлаймын. Бірақ жете алмады», деп еске алған еді. «Алматыға барған сайын ұлдарына: «анау әкелеріңнің мұрасына қырағы болыңдар, жоғалтпаңдар» деп ұрсып қоямын, олардан бірнеше папка фотосуреттер, ұстаған заттарын елге әкелдім» деп айтып отыратын. Осындай бір тебіренген шақта маған бұрылып: «Нұрбол бауырым, осы Қабдыкәрімның мұрасын насихаттау ісі екеумізге ғана керек қой деймін» деп қалжыңдап қоятын. Әрине, олай емес. Қабдыкәрімдей қаламгердің есімі бір уақыттарда бәлкім қалтарыста қалған да болар. Бірақ соңғы 10-15 жылда оның ақындығы, жастарға қамқорлығы туралы елімізге белгілі тұлға-лардың айтуымен республикалық, облыстық газет беттерінде көптеген естеліктер жазылып, басылды. Қазақстан ұлттық телеарнасының журналистері арнайы келіп, «Жарқын бейне» атты деректі фильм түсірді. Оны бүгінде мерейтойлық кештерде көрерменге ұсынып келеміз. Яғни, ақын есімі қайта жаңғырды. Оның тұлғасын әспеттеу елімізге, жас ұрпаққа керек. Бүгінде Павлодарда — облыс орталығында Қ.Ыдырысов көшесі бар, жуырда ақынның 95 жылдығына арнап немересі, «Астана-Опера» театрының дирижері Әлихан Ерланұлының бастамасымен ақын әндерінен құралған тамаша концерт өтті… Соңғы рет Дәметкен апайымызбен осы концерттен кейін ауызашарда болып, бір жарқылдасып әңгімелесіп едік. Мұстафаның төрт баласының бірі Раздықтан тарайтын Мақсат ағаның үйінде дәм татып едік. Мақсат аға – осы Қабдыкәрім ақынның қолында жетілген азамат. Көп естелік әңгіме айтылып еді. Жазмыш-ай, сол кездесу біздің соңғы кездесуіміз екенін кім білген?. Арада үш ай өтер-өтпесте асыл мінезді адам, «бауырым» деп еміреніп еркелететін бірегей жан — Дәметкен апайымыздан айырылып қалдық деген хабар жетті… Бүгінде осындай рухани қолдаушымыздан көз жазып қалған соң қабырғамыз қайысып, естелік жолдарын жазуға мәжбүр болдық. Өзіңіздей жарқын мінезді, бауырмал, ашық көңілді жанды табу қиын болар. Амал не, жатқан жеріңіз жарық, орныңыз пейіштен болсын, Дәметкен апай.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.