«Бабалардың жатыр сенде тарих толы сүйегі,
Бабалардың қаны тамған топырағың киелі.
Қашан, қайда туса-дағы, қазір қайда жүрсе де,
Атамекен, тек сен ғана – әр қазақтың сүйері» — деп жырлаған ақын, Моңғолия және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Аққулы ауданы мен Павлодар қаласының Құрметті азаматы Ақын Алақанұлы 80 жасқа толып отыр.
Ол 1943 жылы 9 тамызда Моңғолияның Баян-Өлгий аймағы, Мұзды тау бөктері «Бес жайлау» елді мекенінде туған. Баян-Өлгий — Моңғолияның негізінен қазақтар мекендеген 21 аймақғының бірі. Оның қазақша баламасы – Бай Өлке. Халқының басым көпшілігі – Абақ Керейлер. Олар — 1860 жылдардан бастап Қытайдың Шың-жан (Синьзян) өлкесінен қоныс аударғандар. 1990 жылғы статистикалық мәліметтер бойынша моңғол еліндегі қазақтар саны 200 мыңға жетіпті. Баян-Өлгий өңірі 1940 жылы жеке ұлттық аймақ аталып, оның осы аттас орталығында 4 қазақ, 1 моңғол тіліндегі орта мектептер, техникалық және педагогикалық техникум, қазақ музыкалық драма театры, өлкетану мұражайы, біріккен аурухана, өңірдің әкімшілік және мәдени-әлеуметтік жүйелерін басқару мекемелері құрылған. Аймақтың 12 сумында (аудан) бір миллионнан астам мал жыл бойы жайылымда болып, олармен бірге жайлау, күзеу, қыстаққа киіз үймен көшіп-қонған қазақтар бұрыңғы ата-баба кәсібін жалғастырған еңбекқор жандар. Мектептерде оқу процестері Қазақстанда басылып шыққан оқулықтар негізінде жүргізіліп, оқушылардың ана тілінде еркін сөйлеп, жаза білулеріне толық мүмкіншілік жасалған. Үлкендері жанкешті еңбек етсе, жастары білімге ұмтылып халықтың жыр-дастан-дарын жаттап өскен. «Алпамыс», «Қобыланды», «Ер Тарғын», «Қыз Жібек», т.б. эпостардағы батыр бабаларымыздың ерліктерімен жігерленген ұрпақ жырақта жүрсе де, қазақтың тілін, ділін, ұлттық салт-дәстүрлерін сақтай білген. Шынайы қазақы ортада өсіп-жетілген ынталы жас Ақын Алақанұлы бесінші сыныптан бастап өлең жаза бастайды.
«Мұз еріп, ызғар суық бірге кетті,
Орнына жүзі жарқын көктем жетті.
Қиқулап оңтүстіктен құстар келіп,
Маңайды сүйікті әнмен бір тербетті» — деп, басталатын «Көктемге» деген алғашқы өлеңі аймақтық «Жас талап» журналында басылды. «Менің әдебиетке келуім, шығармашылыққа бет бұруым осындай бір бала қиялдан туған балдырған жырдан басталды», — деп еске алады Ақаң. Осылай ол нағашыларының ақындық, айтыскерлік өнерлеріне еліктеп, оқушы, студент кездерінде қолынан қаламын тастамай, шеберлігін шыңдай түсті.
Ол Ұлан-Батыр университетін 1967 жылы бітіріп, Баян-Өлгий аймақтық жылу-электр станциясында инженер, цех бастығы болып 11 жыл еңбек етіп, аймақтық жастар одағының бірінші хатшысы, партия комитетінің бөлім меңгерушісі міндеттерін абыройлы атқарды. Одан кейін Ақын Алақанұлы қазақ музыкалық драма театрының директорлығына тағайындалды. Себебі, ол кезде оның бірнеше пьесасы театр сахнасында қойылған болатын. Осы жылдар ішінде ол Венгрия, Германия, Чехословакия елдеріне іс-сапармен барып, 1985 жылы Моңғол елінің делегаттары қатарында Мәскеуде өткен студенттердің ХІІ фестиваліне қатысты. Тұңғыш рет Қазақстан астанасы Алматы қаласын көріп, тамашалайды. Аталған сапарлар оның ұлттық сезіміне оң әсер етіп, ата-баба мекеніне деген аңсарын күшейте түсті. Уақыт өте оларды шығармашылық туындыларының басты тақыры-бына айналдырды. Ақын Алақанұлының «Менің анам» атты кітабы 1970 жылы жарық көрді. Одан кейін «Асулар» романы дүниеге келіп, 2004 жылы «Жүз жазушы – жүз роман» деген айдармен Астанадағы «Фолиант» баспасынан қайта басылып шықты. Әр жылдары жазылған «Елім жүрегім», «Ана мейірімі», «Раушан» (моңғол тілінде), «Сағыныш», «Қарасай мен Қызыл сай» қатарлы әңгіме, повесть, өлеңдер жинағы жарық көрді. Оның қаламынан «Атадан қалған тұяқ», «Тағдыр» спектакльдері, ондаған шағын көрінісі театр сахнасында қойылып, көрермендер тарапынан жылы қабылданды. Таңдамалы әңгімелер жинағы 1985 жылы Ұлан-Батырда моңғол тілінде баспадан шықты. 1990 жылы ол Моңғолия жазушылар одағының мүшелігіне қабылданды. Оның прозалық, поэзиялық туындыларының қай-қайсында да атамекен, туған жер, өз ұлтына деген сүйіспеншілік, адал махаббатпен қатар, адамгершілікке толы ұлттық рухани құндылықтарды қаузаған тартымды тақырыптар кеңінен көрініс табады. Автордың әңгімелері мен повестері көлемі шағын, мазмұны терең, сөздері жатық, кейіпкерлерінің іс-қимылдары, оқиғалар желісі шынайы бейнеленіп, оқырмандарын баурап алады. Екі жанрда да қарымды қалам тербеген ақын өлеңдері поэзиялық қуаты мол, ауқымы кең, жүрекке жылы өміршендігімен ерекшеленеді. Қаламгер сағынышқа толы жүрегін ақтарып, туған елге, отанға, ағайын-туысқа, достарына деген сарқылмас сағынышын:
«Қайран менің туған
елім, сенің неткен кең ішің,
Жүрсемдағы сенен
жырақ ардақтысың мен үшін.
Осы сансыз сағыныштың бәрін, бәрін, бәрін де,
Құрбандыққа шалдым бірақ,
Атамекен, сен үшін», — деп түйіндейді.
Зар заманның зардаптарын тартқан, шетте туып, шерменде өскен, бабалардың ата-жұртын аңсаған миллиондаған қандастарымыздың мұң-зарын, асыл арманын шығармаларына арқау еткен Моңғолия мен Қазақстанға белгілі жазушымен табыстырған тағдырыма ризамын. Ол кезде мен Лебяжі ауданының әкімі қызметін атқаратынмын. Әлі есімде, 1992 жылы сәуір айының орта шенінде облыстық теле-радио басқармасының басшысы Алма Әжібаева «Қадыр, Моңғолиядан келген бір топ қонақты қабылдауыңды өтінемін», — деп телефон шалды. Алма Мұқанқызы елімізге танымал басшы және белгілі қоғам қайраткері болатын. Біз бір-бірімізді 1965 жылдан білетін едік. Бұл Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін шет елдегі қандастарымыздың ата-жұртқа оралу қозғалысының басталған кезі еді. Осы мақсатпен келген Ақын Алақанұлы, немере ағасы Сейілқан Ниязұлы, жеңгесі Мәрзия Жүнісбекқызын қарсы алып, танысып, пікірлестік. Көп ұзамай біз, Бесқарағай асыл тұқымды қой зауытының директоры Балташ Әлкеев екеуіміз, Моңғолия еліне барып, тиісті келісімшарт жасасып, сол жылдың маусым айында Баян-Өлгийден 20 отбасын көшіріп алдық. Сапар барысында Баян-Өлгий аймағын 1990-1998 жылдары басқарған, Моңғолия Ұлы Хуралының депутаты, Моңғолияның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, дүниежүзі қазақтарының үш құрылтайына қатысушы Мизамхан Күнтуғанұлымен кездесіп, пікір алмастық. Әңгіме барысында ол «Сіздерде Моңғолиядан қоныс аударғандар мал бағуға ғана лайықты деген ұғым қалыптасқан сияқты. Алайда, олардың ара-сында жоғары, орта білімді кәсіби мамандар, ғылым және мәдениет қайраткерлері, басшылық қызметтер атқарған зиялы қауым өкілдері аз емес. Мысалы, Ақын Алақанұлы – жазушы, ағасы Сейілқан – журналист, жеңгесі Мәрзия – денсаулық сақтау ісінің үздігі, дәрігер. Жастардың көпшілігінің техникалық және гуманитарлық білімдері бар. Ал, қымбатты досым Ақын, сен дұрыс шешім қабылдадың, сапарларың сәтті болсын, келешекте арттарыңнан біз де барып қалармыз», — деген ниетпен бізді шығарып салды. Шынында да, Мизамхан — екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға айтулы еңбек сіңірген қайраткер. 1992 жылы Алматы Баян-Өлгий бағыты бойынша ұшақ қатынасы ашылды. Аймақ тұрғындары 1993 жылдан бастап Қазақстанның үш бірдей телеарналарын көру мүмкіншілігіне ие болды. Моңғолияның қазақ жастары еліміздің жоғары оқу орындарына түсуге қол жеткізді. Ол да досына берген уәдесін орындап, Қазақстанға қоныс аударды. Өкінішке қарай, көп ұзамай дүниеден озды. «Елге ел қосылса — құт» дегендей, атамекенге қоныс аударушылардың алғашқы легін салтанатпен қарсы алып, 15 отбасын Бесқарағайға, бесеуін Қазы кеңшарына орналастырдық. Еңбек жасындағылар мамандықтары бойынша жұмыспен қамтамасыз етілді. Олардың арасында Шығыс Қазақстанда туып-өсіп, 1929 жылы Қытай асып, кейін Моңғолияға өткен 92 жастағы Көдебайұлы Сұлтанбек ақсақал «63 жыл аңсаған Атажұртқа оралып, туған жерім Зайсандай ыстық көрінген Керекудің торқалы топырағын жастансам, арманым жоқ» — деп көзіне жас алып, тебірене сөйлегені жиналған қауымды ерекше тебірентті. «Жақсыда жаттық жоқ» демекші, аз уақыттың ішінде Ақын Алақанұлы жаңа ортаға тез бейімделіп, аудан жұртшылығымен етене араласып кетті. Алғашқыда ол Қызыл-Ағаш селолық округінің әкімі, Бесқарағай қой зауытында түрлі шаруашылық қызметтерді атқарды. Ауданның 75 жылдығына орай 2015 жылы «Аққулы мекен өрендері» — атты тарихи естеліктің баспадан шығуына жетекшілік етті. Өзінің өтініші бойынша ол 1997-2006 жылдары облыстық статистика басқармасының Аққулы аудандық филиалына интервьер, кейіннен басқарма экономисі қызметіне ауысып, Павлодар қаласына қоныс аударып, зейнеткерлікке шықты. Атамекенге оралғаннан кейін оның қаламына қарым, шабытына шабыт қосылып, сүбелі дүниелерді өмірге әкелді. Ол 1993 жылы Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданады. 2015 жылы шыққан «Ауылым көшіп барады» атты әңгімелер мен өлеңдер жинағында оның шығармашылық жолын өзіндік жаңаша өрлеумен, соны бетбұрыс жасап, өнімді еңбектенгені байқалады. Ол бірнеше республикалық байқауларға белсене қатысты. 2010 жылы «Елім деп соққан жүрегім» атты республикалық байқаудың проза жанры бойынша бірінші орынға ие болды. Қазақ хандығының 550 жылдығы шең-берінде өткізілген «Елдіктің терең тамыры» атты Павлодар облыстық ақындар мүшәйрасының «Тәуке хан» атындағы жүлдесінің иегері. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдық медалімен, бірнеше Алғыс хат, грамоталармен марапатталған. Өзінің сүйікті жары, ардагер ұстаз Күпән Солтанбекқызымен өнегелі отбасы, немере, шөбере өсірген ардақта ата. Ол — Павлодар облыстық «Ақсақалдар тағылымы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі. Оның жастар алдында ұлттық құндылықтарымызды жалықпай насихаттаушы, туған тіліміздің шын жанашыры екендігіне баршамыз куәміз. Мерейтойдың иегері Ақаңа күш-қуат, зор денсаулық тілейміз. Қарымды қаламгердің өрісті өнерінің өркендей беруіне тілектеспіз!
Қадыр ӘЖІМҰРАТҰЛЫ,
Аққулы ауданының Құрметті азаматы, «Павлодар облысы алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері.