Көнеден жеткен кез келген жәдігер — музей үшін құнды мұра. Г.Н.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінде өңір тарихына қатысты көптеген деректік және бағалы заттық айғақтар сақтаулы. Мәдени мекеменің жалпы тарих және этнографиялық ғылыми зерттеуді қамтамасыз ету бөлімі Ақсу қаласы және Май ауданына экспедициясы музейдің қорын жаңа жәдігерлермен толықтыруға мүмкіндік берді.
Көнеден сыр тартқан
Өлкетану экспедициясының жетекшісі – музейдің жалпы тарих және этнографиялық ғылыми зерттеуді қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Жеңісбек Қадырұлы. Оның айтуынша, экспедициялық топ жұмысын Ақсу қаласынан бастап Сырлы қала, Құркөл ауылдарын, одан соң Май ауданының ауылдарын аралаған. Топ құрамына Май ауданының өлкетанушысы Берік Ескендіров, Ж.Марданов атындағы өлкетанушылар қоғамдастығының төрағасы Рүстембек Қалымқұлов енді. Экспедиция барысында өңір тұрғындарының дәстүрлі мәдениеті және ерекшеліктерін зерттеу, қоныстар тарихы, тұрмыс, қолөнер, көркем қолөнер, жергілікті жер атауларының топонимикасы зерттелді. Топ мүшелері этномәдени зерттеулер нәтижесінде өлке тарихы туралы материалдар жинап, халық сәндік-қолданбалы өнерін дәстүрлі түрде жалғастырып отырған шеберлер барын анықтады. Барлық деректер бейне және фототасымалдаушыларға түсіріліп, топонимикаға, өңір халқының салт-дәстүрлерінің ерекшеліктеріне қатысты құнды материалдар жинақталды.
Жәдігерлер — жиғаны
Май ауданының тумасы Ерғанат Ахметов — түрлі экспонаттар жинаушы. Қазір Ақсу қаласында тұратын ол жәдігерлер жинаумен бала кезінен айналысады. Ерғанат Әлмырзаұлы аңдар мен құстардың макет-терін жасаумен де шұғылданады. Бүгінде оның қолында 200-ге жуық жәдігер бар. 1900-1906 жылдары ескіше жазылған Құран, радио және фотоаппараттың түр-түрі, атап айтқанда, «Кодак» (1918 ж., Америка), «Спутник» (1959 ж., Ресей), Lybutel 166B, (1979 ж), ФЭД. Sв, (1971 ж.), ФЭД 3 (1965 ж.), Зоркит 6. (1960 ж.), Zenit 3м.(1963 ж.), Киев (1969 ж.), Киев-30 (1988 ж.), CMENA (1975ж.) фотоаппараттары, тігін машинасы (1969 ж.), «Балтика» (1950 ж.), «Родина» (1954 ж.) радиолары, күміс қасық (1861 ж.), қабырға сағат (1969 ж.), «Досмұқасан» күйтабақтары (1978ж.), дүкен таразысы (1988 ж.), оттық шақпағы (1700 ж.), бір қоңырау шалғанда 6 адаммен бірдей сөйлесуге болатын телефон, Ресейден әкелінген Россомаха аңының терісі, т.б. заттар сақтаулы. Ерғанат Әлмырзаұлы 1983 жылғы «Павлодар Халық депутаттарының қалалық Советі атқару комитетінің үйі» конверті мен «Наша страна флотом горда» деген жазуы бар беторамалды музей қорына табыс етті.
Саятшы сыйы
Ақсу ауданы Мәмәйіт Омаров ауылдық округіне қарасты Сәбит Дөнентаев ауылынан 10 шақырым қашықтықта Сырлы қала ауылы орналасқан. Осы ауылда 1945 жылы Моңғолияда дүниеге келген палуан Әбілхан Тоқтарұлы тұрады. 1993 жылы Баян-Өлгий аймағынан көшіп келген. Қазір зейнеткер. Жастайынан күреске құмар болып өскен ол бірнеше дүркін жүлдегер атанды. Жақында Моңғолияның дене тәрбиесінің «Үздік ұстазы» медалімен марапатталды. Саятшылық өнерді жетік меңгерген ол жүйрік баптап, қыран ұстайды. Музей қорына 1970 жылы таза теріден тігілген қыран бүркіттің томағасын сыйға тартты.
Жер тарихы ел жадында
Қазақтың көрнекті ақыны Сәбит Дөнентаев 1894 жылы Семей облысының Павлодар уезiнiң Ақсу болысында туған. Ақсу қаласынан 15 шақырым жерде ата қонысының жұрты бар. Кіндік қаны тамған жер қазір Сәбит Дөнентаев ауылы деп аталады. Балалық шағы осында өткен. 1933 қайтыс болған ақынның мәңгілік мекені — Семей өңірінде. Сырлы қала ауылынан 8 шақырым жердегі Құркөл ауылы орналасқан. Елді мекеннің Құркөл аталуының бірнеше себебі бар. Бірінші пікір. Ауыл ақсақалы Арын Әлібаевтың айтуынша, Жоңғар қалмақтарынан жапа шегіп, қонысын Сыр бойынан ауған біздің орта жүз қазақтары, біртіндеп «Сарыарқаға» келе бастаған. 1770-1780 жылдар шамасында Бәсентиіннің «Бәйімбет» руынан шыққан Рысбек деген адамның Қарабатыр деген баласы келіп осы Құркөлді мекендеген. Бұл жазда көлдің суы мол болып, күзге қарай тартылып, құрғап қалатын кезі болған екен. Сондықтан «Құркөл» аталған деседі. Екінші пікір. Жеңіс Марданов «Дауа» газетінің 1992 жылғы №18 нөмірінде «XVIII ғасыр қалмақ шапқыншылығына байланысты қуғын-сүргінге толы дәуір еді. Бәсентиндердің негізгі бөлігі сыр бойынан Ертіске қарай көшкенде Шақабай қалмақтан қорқып кетті дейді, сондықтан мен осында қаламын деп батырлар бастаған — Рысбектің елі Ақсу бойына, қазіргі Құркөлдің маңына келіп қоныстанды. Ол кезде бұл көлдің маңы үйеңкі, шырпы өскен, түлкі-қарсақ жайлаған жер. Содан 5-10 жылдың шамасында үйеңкілер отқа жағылып, таусылып, түлкі-қарсақ жер таба алмай безіп кетеді. Сонымен айнадай жарқыраған құр көл ғана қалған соң «Құркөл» деп аталады-мыс. Үшінші пікір. Біздің аталарымыз Сыр бойынан Ертіс жағалауына осы жерлер қалмақтардан тазартылғаннан кейін 1780-1790 жылдары қоныстанған. Оның ішінде Рысбектер «Тұзқала» мен Құркөлдің арасын мекендеген. Осы ауылдан Арын молда, Құсан молда, Мұқаш молда, Қайырбек молда, Әйтен молда шыққан екен. Кезінде ел молдалы ауыл деп те атапты. Арын Әлібаев (1900-1999) молданың көне 3 Құран кітабы ұрпағы Мағзұм Әлібаевтың үйінде сол күйінде сақтаулы тұр. Көк және ақшыл түсті Құран кітаптары 1909 жылы Қазан қаласында басылып шыққан. Қоңыр түсті кітап татар тіліндегі ислам тарихы болып шықты. Мағзұм Бақытжанұлы Арын Әлібайұлына 1984 жылы Ермак ауданының молдасы деген арнайы анықтамасының көшірмесі мен суретін музей қорына тарту етті. Құркөл ауылының тумасы Зайраш Төлеубайқызы Әзенованың қолында атасынан қалған қол диірмені сақ- таулы. Ауыл тұрғыны Серік Әкімжанов — XIX ғасырдың соңында көпестер үй тұрмысына пайда-ланған ыдыс-аяқтар тұратын көне шкафты сақтап отыр. 1906 жыл дүниеге келген Баянды би ұрпағы Орынбасар Баяндықызы Баскөл ауылында тұрады. Осы ауылдың тұрғыны, өлкетанушы Берік Қайроллаұлы Ескендіров музей қорына бірнеше жәдігерді, атап айтқанда,
1950 жылы әжесі киген жасыл пүліштен сырып тігілген шапан, кеңестік заманда егістікке пайдаланған жүзі бедерленген, ағаш сапты орақ, шам болмаған кезде үй тұрмысына қолданылған шамдалдың тұғыры, 1940 жылдары қой терісінен тігілген сырты қара былғары тонды сыйға берді. Ауыл тұрғыны Тоқтарбай Мұхамеджановтың үйінде әжесінен қалған қолдиірмен, тоқылған алаша, терме тоқуға арналған ескек құралы бар. Бұл заттардың сақталып тұрғанына шамамен 1 ғасыр болған. Баскөл ауылының тұрғыны Нұрлан Досымханов арабша хат танып, молдалықпен айналысқан әкесі Досымхан Ихсанның 70 жылдары киген шапаны, ертоқымы, аттың жүгені, сонымен қатар 1907 ж. Қазан қаласында басылған Құран кітабының 6 данасы, Құран Кәрім аяттары сол қалпында сақтаулы екен. Ал жастайынан қолөнермен айналысатын ауыл тұрғыны Өсерхан Айгүлдің қолында тұскиіз, 6 сырмақ, көрпеше, жастық және ата-бабаларынан қалған темір ер тоқым секілді жәдігерлер бар. Көктөбе орталығынан 12 шақырым жерде орналасқан Малайсары батыр ауылының Малайсары жалпы білім беру орта мектебінің директоры Анар Жетібаева бастамасымен ауыл тұрғындары көнеден қалған жәдігерлерді жинақтауда. Қазіргі уақытта 30-дан аса жәдігер жиналған. Алдағы уақытта мектеп ішінен музей ашу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда ертоқым, жүген, қамшы, кісе т.б. заттар жинақталған. Анар Ахметқызы облыстық тарихи-өлкетану музейі қорына сый ретінде жолға алып жүретін іс-сапарлық үтікті табыс етті.
Жаугершілік заман
Май ауданының Қалмаққырылған тауы – Ақшиман ауылының оңтүстік жағына қарай тай шаптырым жерде орналасқан. Ақшиман атауы қайдан шықты десеңіз Қалмақырылған тауы — талай дәуірлерді бастан өткерген, аласапыранды жаугершілік замандардың куәсі. Қазақ халқының тарихында ерекше орын алатын – XVIII ғасырдағы қазақ-жоңғар соғысының уақыты. Қарабұдыр деп аталатын осы өңірдегі соғыс болған кең жазықты қазір Қызылсиыр деп атайды. Қалмаққырылған өңірінде бағзы замандардан сыр шертетін жер-су атаулары бар. Мысалы, Қызқұлаған, Мыңжылқы, Тасбақатас, Үңгірәулие, Басмалай, Ортамалай, Аяқмалай, Алшағыр, Қарсақ, Мөлдір, Сәтек-Мақыш, Қақпақтас, Босаға, Қаражыра, Мыңшұңқыр, Есілбай ескі жұрты, Қызылқұдық, Түлкібай, Қосбұлақ, Шатырбұлақ, Ақшабике, Қажыбұлақ, Айгүлтау, Жентбай ескі жұрты, Қызыладыр, Қайыңтөбе, т.б. Заманында Байқонақұлы Ақшиман деген дәулетті адам өмір сүрген. Қазір Қызылқұдық деп аталатын жер Ақшиман байдың жайлауы болған. Ақсақалдардың айтуынша, осы төңірек — Ақшиман байдың атақонысы. Кезінде бақсы, балгер болған Қайса ата зираты да осы төңіректе. Елдің түкпір-түкпірінен ауыруына шипа іздеп келген жандардың дертіне шипа таба білген. Кімнің қандай аурумен ауырып, қиналып келе жатқанын алдын-ала біліп сезіп отырған деседі. Қайса атаның ата қонысында тұратын ұрпақтарының қолында Қайса атаның шапаны, таяғы және Құран кітаптары, құстың қауырсыны сақталған. Осы ауылда өлкетанушы, жәдігерлер жинаушы Нұрбек Жұмаділов Қалмаққырылған тауының үңгірінен және маңайынан табылған көне заттарды музей қорына сыйға тартты. Нақтылай айтқанда, XVIII ғасыр қыз баланың үзеңгісі, аттың жазғы тағасы, аттың қысқы бүршікті тағасы, ауыздығының жартысы, темір жебенің ұшы, қару-жарақ салып көтеретін сандықтың бекіткіш құралы, қыз бала сандығының тұтқасы, сандықтың әшекей бұйымдары, сандық бұрыштары, темір аяқтарының, сандықтың кілті, сауыттың құймасы, керамика ыдысының сынық қалдығы, XX ғасыр арба жегуге арналған құрал, іші таза қайыспен тігілген, үккіш, қыран құстың жемсауы.
— Кешегі күн – бүгінде тарих. Сондықтан ата-бабаларымыз тұтынған бұйымдар сол заманның шежіресіне айналды. Экспедиция сол өңірдегі киелі орындар тарихын зерттеп, аудан, ауыл тұрғындары арасындағы көне жәдігерлер жинақтаушылар және қолөнер туындыларын жасайтын шеберлердің қажырлы еңбектерін облысымызға таныту мақсатында ұйымдастырылды. Қыркүйек айында осы ауқымды жұмысты қорытындылап, үлкен шара өткізуді жоспарлап отырмыз, — дейді Жеңісбек Қадырұлы. Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінің этнография бөлімі экспедициялық сапары келесі жылы одан ары жалғасады.
Торғын ОРАЗАЛЫ.