Салық азайып, жалақы көбейеді

Қаң 22, 2026

Елімізде жұмыс істейтін азаматтардың ай сайынғы еңбекақысынан жеке табыс салығы ұсталатыны белгілі. Сол арқылы елдегі күрмеулі мәселелердің шешіліп, инфрақұрылым мен жолдардың жөнделіп, әлеуметтік нысандардың салынуына үлес қосып келеміз. Былайша айтқанда, мемлекеттік қазынаның бір бөлігі осы жеке табыс салығы есебінен толығады. Ал алдағы уақытта салықты бұрынғыдан аз төлеп, есесіне қолға алар жалақы арта түседі.

Жыл басында елімізде жаңа Салық Кодексі қабылданып, күшіне енгені белгілі. Бұл құжат міндетті төлемге қатысты сан саланы қамтиды. Кәсіпкерлерге, әлеуметтік тұрғыдан осал топ өкілдеріне қатысты түрлі жаңашылдықтар бар. Қарапайым қызметкерлерге қатысты өзгерістер де орын алды. Бюджеттік, мемлекеттік мекеме өкілдері, жеке сектор қызметкерлері, өндіріс саласының жұмыс-шылары, қысқасы, барлық сала мамандарына пайдасы тиер тетік қабылданды. Тіпті, кейбір қызметкерлер салықтан босатылады. Енді осы өзгерістің барлығын тарқатып айтайық.

Жалпы, қызметкерлердің басым бөлігінің жұмыс берушімен жасаған келісімшартта көрсетілген лауазымдық қызметақы бар. Ай сайын сол қызметақыдан міндетті төлемдер ұсталып отыратыны белгілі. Атап айтқанда, оның 10 пайызы зейнетақы шотына, 2 пайызы міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорына аударылады. Одан қалған сома ескеріліп, есептеліп, одан жеке табыс салығы төленеді. Нәтижесінде қызметкер осы аударымдардан қалған соманы қолға алады.

Бұл ретте жаңа Салық кодексінің 363-бабына сәйкес жеке табыс салығының мөлшерлемесі белгіленді. Сөйтіп, бұдан былай адамның табысы неғұрлым көп болса, соғұрлым төлейтін салығы да артады. Нақтысын айтқанда, жылдық табысы 8500 айлық есептік көрсеткіштен, яғни 36 762 500 теңгеден артық ақша табатын адамдар кірісінің
15 пайызынан бастап салық төлеуге міндеттеледі. Бұл норма айына 3 млн теңгеден астам жалақы алатын қызметкерлерге қатысты болмақ.

Ал одан аз жалақы алатын қарапайым көпшілік үшін 10 пайыз көлеміндегі салық мөлшерлемесі сақталады. Бірақ оны есептеу жүйесі өзгерді. Ендігі ретте базалық салық есебі былтырғы 14 айлық есептік көрсеткіштен 30 айлық есептік көрсеткішке дейін өсті. Оның айырмашылығы түсінікті болуы үшін экономист-сарапшылар ұсынған формулаға салып көрейік. Ол формула мынадай: еңбекақы – 10% зейнетақы жарнасы – 2% медициналық жарна –
базалық салықтық есеп. Бұдан шыққан сомадан 10 пайыз жеке табыс салығы ретінде ұсталады. Биыл базалық салықтық есеп 129 750 теңге көлемінде белгіленгенін ескерсек, лауазымдық қызметақысы 150 мың теңге болатын маманның айлығы былай есептеледі: 150 000 – 15 000 (зейнетақы жарнасы) – 3 000 (медициналық сақтандыру жарнасы – 129 750 = 2250. Яғни, жұмыс беруші енді 2250 теңгенің 10 пайызын – 225 теңгені ғана жеке табыс салығы ретінде ұстап қала алады. Сөйтіп, былтыр қызметкердің банктік шотына 124 304 теңге аударылса, енді
131 775 теңге алады. Демек, 7 мың теңгесі қалтаға түседі.

Ал еңбекақысы 150 мың теңгеден де аз азаматтар мүлде жеке табыс салығынан босатылады. Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің салықтық әдіснама басқармасы басшысының орын-
басары Айгүл Аббасова мұндай жаңашылдық қарапайым тұрғын-дардың, яғни табысы орташа азаматтардың қаржылық жағдайын жақсартуға бағытталған қадамдардың бірі екенін атап өтті.

— Жаңа салық кодексінде 30 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде базалық шегерім қарастырылған. Бұл бір күнтізбелік айға шамамен 129 750 теңге болады. Соған сәйкес, 145 мың теңгеден аз алатын азаматтар жеке табыс салығын төлемейтін болады. Ал ай сайын 3 млн теңгеден, жылына 36 млн теңгеден артық табыс табатын азаматтар жоғары мөлшерлеме бойынша жеке табыс салығын төлеуге міндетті болады, — деді А.Аббасова.

Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, базалық салықтық шегерім жеке тұлғаның салықтық шегерімдерді қолдану туралы өтініші негізінде жасалады. Яғни, қарапайым тілмен айтқанда, жалақыны жаңа салықтық шегерім — 129 750 теңгені назарға алып есептеу үшін қызметкер есеп бөліміне өтініш жазуы керек. Ал салық агенті шегерімдерді қолдану туралы өтініштің формасын өзі әзірлеп, оны қызметкерлерге жеткізе алады.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.