1944 жылдың ақпан айы. Қан майданның оты өршіп тұрған шағы. Дәл осы кезеңде Ішкі істер халық комиссариаты «Чечевица» операциясын жүзеге асырып, шешен және ингуш халықтарын тарихи отанынан күштеп көшіру туралы шешім қабылдады. Осылайша, жарты миллионнан астам адам бір түнде туған жерінен айырылып, Қазақстан мен Орта Азияға жер аударылды.
Соғыс жылдары қазақ даласы да таршылық пен қиындықты бастан өткерді. Ер-азаматтардың көбі Ұлы Отан соғысына аттанып, ауыл-аймақта ақсақалдар, әйелдер мен балалар ғана қалды. Дегенмен, қазақ халқы жат жұрттан келген отбасыларды жатсынбады: барымен бөлісті, қонақжайлық танытты, баспанасына кіргізді, тіпті соңғы бір үзім нанын ортаға қойды. Сол жылдардың қиыншылықтарына қарамастан, адамдардың мейірімі мен жанашырлығы талай жанға үміт сыйлады.
Тағдыр дауылы айдап әкелген сол отбасылардың қатарында бүгінде Павлодар өңірінде тұрып жатқан Гилани Садулаевтың әулеті де бар еді. Бөгде жұртқа үмітпен жеткен оларды қазақ халқы жатсынбай қарсы алып, барымен бөлісті. Сол жылдардың куәсі болған қариялардың ұрпақтары бұл қамқорлықты әлі күнге дейін зор тебіреніспен еске алады.
– Ол ел басына күн туған, сұрапыл соғыс жылдары еді. Ер-азаматтардың дені майдан даласында болды. Соған қарамастан, ауылда қалған ақсақалдар, аналар мен балалар бізге демеу болды. Өздерінің дастархандағы соңғы бір үзім нанын да бөліп берді. Сол мейірім мен жанашырлықты жүрегімізде мәңгі сақтаймыз. Қазақ халқына деген алғысымыз шексіз. Осындай кеңпейілді елде өмір сүріп жатқанымызды мақтаныш санаймыз, – дейді Г.Садулаев.
Бүгінде Садулаевтар әулеті қазақ халқымен бірге Наурыз бен Құрбан айт мейрамдарын кеңінен атап өтіп, ортақ құндылықтар мен дәстүрлерді дәріптеп келеді. Тағдыр тоғыстырған жұртпен бір дастархан басында бас қосып, қуанышты күндерді бірге бөлісу – олар үшін татулық пен ризашылықтың айқын көрінісі.
Сонымен қатар, Гилани Садулаев — облыс орталығындағы «Халкъан барт» этномәдени орталығының белді мүшесі. Орталықта олар өзге мүшелермен бірге ана тілін, әдебиеті мен салт-дәстүрін насихаттап, жас ұрпаққа рухани тәрбие беруде. Орталықтың іс-шаралары, мәдени кештері мен әдеби оқулары жас ұрпаққа ұлттық құндылықтар мен бауырмалдықты дәріптеуге қызмет етеді.
Қиын-қыстау кезеңдер адамдарды сынаса да, қазақ даласының кеңпейілі мен бауырмалдығы талай жүректі жылытты. Сол жылдардағы қамқорлық пен мейірім бүгінгі бейбітшілік пен татулықтың іргетасы болып қала береді. Ұлттар достығы мен бірлігі – тек сөзде емес, нақты іс-қимылда көрінетін құндылық. Ал сол құндылық ұрпаққа үміт, елге сенім сыйлайды, тарихтан сабақ алуға шақырады.
Айдана БОРАНБАЕВА.
