Елімізде қазіргі таңда Еңбек кодексіне жаңа нормалар енгізілмек. Бұдан былай бұрынғыша «жалғызбасты ана» деген термин жойылып, орнына жалғызбасты ата-ана деген ұғым енгізіледі. Бұл дегеніңіз, жалғызбасты әкенің де құқығы қорғалмақ. Жаңашылдықтың бірі дәл осы жалғызбасты ата-ананы жұмыстан шығаруға шектеу қоюға байланысты болып отыр. Депутаттардың ұсынысымен жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғауды күшейту көзделген. Яғни, жұмыс берушінің бастамасымен жалғызбасты ата-анамен еңбек шартын бұзуға тыйым салу ұсынылып отыр. Бұл өзгеріс қоғамға қандай пайда әкеледі? Қай тұрғыдан тиімді болмақ? Жұмыс берушінің құқығына нұқсан келтірілмей ме? Жұмысқа орналасуда жалғызбасты адамды алмай қою оқиғалары жиілеп кетпей ме? Міне, осы және өзге де сауалдарға «Алаң» айдарында жауап іздеп көрген едік.
Асқар БАХРАЛИНОВ, заңгер:
– Ең алдымен, ата-ана ретінде бұл жаңашылдықты қолдаймын. Себебі, бұрын «жалғызбасты ана» деген мәртебе ғана болды. Сәйкесінше, тек жалғызбасты аналардың ғана құқығы қорғалып келді. Енді «жалғызбасты ата-ана» деген терминге алмастырылды. Демек, жалғызбасты әкені де заң жалғыз қалдырмайды. Өте орынды. Ал жалғызбасты ата-анамен еңбек шартын бұзбауға қатысты тыйым салу нормасына келсек, оның түпкі мақсатына үңілуіміз керек. Бұл тұста ұсынып отырған азаматтар баланың құқығын, отбасының құқығын қорғауды меңзеуде. Яғни, жалғызбасты әке немесе ана жұмыссыз қалса, алдымен, бала зардабын көреді. Сондықтан, заңда бекіту маңызды. Мәселен, ұжымда қысқарту орын алса, жалғызбасты ата-ананы жұмыстан айырмауға басымдық беріледі.
Әлбетте, осы орайда кейбір адамдар жалғызбасты ата-ананың жұмысқа тұруы қиындап кетуі мүмкін деп алаңдап жатқаны да жасырын емес. Жалғызбастылығын желеу етіп, алмаудың амалын қарастыруы да ықтимал. Кез келген салада, бастамада адами фактор орын алатыны рас. Бірақ, еңбек шартында жұмыс беруші жұмысқа алған қызметкеріне кемі бір сынақ мерзімін тағайындайды. Осы аралықта оның қаншалықты қызметке жарайтынын бағамдайды. Жұмыс берушінің де құқығына нұқсан келмеуін ойлауымыз керек. Жалғызбасты ата-аналар ішінен де құқығын асыра пайдаланып, байбаламға басатындар да табылуы әбден мүмкін. Алайда, мұндай жағдай заңмен реттеледі. Жұмыстан шығаруға негіз болса, ол да заңнама аясында шешіледі. Әр жағдай жеке қаралып, талданады.
Гүлнар СИТҚАЗИНОВА,
«Саламатты Павлодар» медициналық қауымдастығының төрағасы:
– Негізгі мамандығым – педиатр. Көп жыл педиатр болып еңбек еттім. Облыстың бас педиатры, Денсаулық сақтау министрлігінде жұмыс істедім. Сондықтан кез келген жағдайда алдымен балалардың жайын ойлап тұрамын. Кейінгі уақытта Павлодар жоғары медициналық колледжіне, балаларды оңалту орталығына басшылық еттім. Жалғызбасты аналардың мұндай мәселесі кездескен емес. Десе де, орын ала қалса, жалғызбасты ата-анаға міндетті түрде қолдау білдіретінім сөзсіз. Осы тұрғыдан алғанда ұсыныс құптарлық. Бала кішірек кезіне жиі ауырады, өзінен басқа ешкім қарайтын мүмкіндік болмаса, ол ананың немесе әкенің жиі еңбекке жарамсыздық парағын әкелуіне де жұмыс берушіні кешіріммен қарауға шақырар едім. Мұндай келеңсіздікті алға тартып, оны жұмыстан шығаруға талпынбаған жөн. Ең алдымен, адамгершілік әрекет жасауымыз қажет.
Әрине, жұмыс берушілердің де жайын ойлау керек. Әр жағдайды жеке қарастырып, екі тарапқа да ауыр тимейтіндей шешім шығарудың жолы іздестірілгені жөн. Бәлкім, жауапкершілігі көбірек қызметтен сәл жеңілдеуіне ауыстырып, балаларына да көңіл бөлуіне мүмкіндік беру керек. Өйткені, бала –болашағымыз. Олардың барынша қамқорлықпен, баршылықта өскені еліміз үшін аса қажет.
Аманжол РАШАТ, жеке кәсіпкер:
– Жалғыз адамға балаларды аяқтандыру оңай емес, әрине. Оларды қатарынан қалдырмау үшін қазір көп қаражат қажет. Дегенмен, жұмыс беруші ретінде бұл өзгерісті құптай алмаймын. Себебі, әрбір кәсіп иесі, белгілі бір мекеменің басшысы ісінің ілгерілегенін қалайды. Ал жұмыс алға басу үшін қол астындағы қызметкерлері жауапкершілікті, барынша табысты еңбек еткені керек деп ойлаймын. Жұмыс беруші жұмысқа қабылдаған әрбір қызметкеріне қызметкер ретінде қарауы тиіс. Белгілі бір мәртебесі бар азаматтарға қамқорлық мемлекет тарапынан ойластырылуы керек.
Әркімнің жеке басының мәселесіне маңыз беріп отырғанды жөн санамаймын. Олай жасай берсек, ісіміз жүрмейді, құрдымға кетуіміз де әбден мүмкін. Жұмысқа қабылдағанда да азаматтардың жеке жағдайына қарап алмаймыз ғой. Тиісті талаптарға сай келсе, қабылданады. Ары қарай жүктелген міндетін тиісінше атқарса, ондай қызметкерді ешкім жұмыстан шығармайтыны анық.
«Алаңды» үйлестірген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
