Аймақ басшысы Асайын Байханов Ақсу қаласында жұмысшы жастармен жүздесіп, адам капиталып дамыту, қоғамға пайда әкелудің маңыздылығы турасында пікір алмасып, ой бөлісті. Сондай-ақ, ЕЭК компаниясының әлеуметтік міндеттемелері де сөз болды.
Ашық алаң форматында өткен кездесуде жастар алғашқы еңбек жолындағы жетістіктерін, ұстанымдарын ортаға салса, облыс әкімі өмірлік, қызметтік тәжірибесімен бөлісті.
Өңір басшысы кез келген нәтиже еңбекпен келетінін атады. Өзінің қарапайым отбасында дүниеге келгенін, әкесі көлік жүргізушісі, анасы өмір бойы акушер-дәрігер болғанын мәлімдеді. Бүгінгі дәрежеге жету жолында қиындықтар да кездескенін жасырмады. Тіпті, ауылдан қалаға оқуға түскенде қала ішінде автобуспен жүруге қалтасында ақша табылмаған сәттерді де басынан өткерген.
Асайын Қуандықұлы жұмысшы жас-тармен кездесудің бекер еместігін, олар күнделікті үздіксіз еңбегі арқылы ел экономикасын ілгерілетіп жатқанын, бұл – нағыз патриоттық әрекет екенін атады. Сондай-ақ, олардың азаматтық белсенділігі, елдің саяси өміріне атсалысуы өздерінің болашағы үшін маңызды екенін еске салды.
– Алда жаңа Конституцияның «тағдыры» шешілетін референдум өтетінін білесіздер. Бұл – кейбір адамға маңызды емес көрінуі мүмкін. Түптеп келсек, ең алдымен жастар үшін мән зор. Болашағымыз үшін айтулы күнде белсенділік танытуымыз керек. Әркім өз отбасымен шектелмеуі тиіс. Бәріміз бір қоғам мүшесіміз, қоғам қаншалықты дамыса, ел де алға басады. Сондықтан, сіздердің дауыстарыңыз қажет етілетін кез келген процестерге белсенді қатысу маңызды. Кейбір адам менің дауысымсыз-ақ өтер деп ойлайды. Бұл – жансақ пікір. Қатысу – әрбір азаматтың заңмен бекітілген құқығы, оны қолдану қажет. Енжар болу елдің дамуына немқұрайлық танытуды білдіреді, – деді аймақ басшысы.
Кездесуде жастар жағы да ойларын ортаға салды. «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» Ақсу электр станциясының қызметкері Ерасыл Төлеуханов кәсіпорында 2019 жылдан бері еңбек етеді. Слесарь-жөндеуші болып еңбек жолын бастаған ол бүгінде пайдалану-жөндеу инженері қызметінде. Кәсіби біліктілігін дамытып, әлі ілгерілеуге талпынуда.
– Елімізде маңызды сәт – референдум өтіп, жаңа Конституция қабылдау көзделіп отыр. Елімізде біз сияқты жұмысшы мамандарға құрмет көрсетілуде. Мемлекеттің дамуына қомақты үлес қосып жатқан азаматтар ретінде бағалауда. Президенттің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жобасы жаныма жақын. Өзіміз кәсіпорында жұмыс істегеннен кейін экологиялық мәселелерге бейжай қарамауымыз керек. Белсенді жастар ретінде мемлекеттің дамуына жетелейтін өзгерістерді қолдауға дайынбыз, – деді Е.Төлеуханов.
«Ақсу ферроқорытпа зауытының» жас маманы Болатбек Кәкім 2020 жылдан бері жұмыс істейді. Ол облыста жастарға жасалып жатқан қолдауға, қамқорлыққа ризашылығын білдірді. Азамат ретінде ол алдағы тарихи сәтте таңдауын жасайтынын айтты. Жаңа Конституцияда цифрландыруға басымдық берілгенін ақсулық жігіт дер кезінде жасалған қадам деп біледі. Яғни, әр азаматтың дербес деректері жан-жақты қорғалмақ. Осы орайда облыс әкімі елдегі цифрландыру жұмысына тоқталды.
– Мемлекет басшысы үш жылда Қазақстанды цифрландырылған елге айналдыру міндетін қойды. Оңай шаруа емес. Байтақ елде тұрамыз. Бірақ, халық тығыздығы төмен. Цифрландырумен бүкіл аумақты қамту үшін жылдамдықты интернет қажеттігін түсінеміз. Дегенмен, біздің еліміз – Орталық Азия және Еуроазиаттық мемлекеттер арасында мемлекеттік қызметтердің цифрландырылуы жағынан көшбасында. Біздегі мемлекеттік қызметтердің 93 пайызы цифрландырылған. Кейбір елдерде әлі күнге дейін тұрғылықты мекенге тіркелу үшін мекемеге барады. Елімізде бұл арнайы қосымшалармен қашықтан атқарылады. Сонымен бірге, сол деректердің қорғалуы, цифрлық тәуелсіздік мәселесі бар. Бұл ретте, Президенттің тапсырмасымен суперкомпьютер іске қосылып, деректер өзімізде сақталуда, – деді А.Байханов.
Ал Ақсу ферроқорытпа зауытының сенімділік жөніндегі инженері Артем Кузнецов инженер ретінде кез келген жүйе нық әрі кідіріссіз жұмыс істеуі керектігін біледі. Мемлекет те белгілі бір жүйе деп есептейтін ол мұндағы тұрақтылық терең ойластырылған заңнамаға, тұрғындардың азаматтық белсенділігіне тікелей байланысты екенін атап өтті. Жаңа Конституциямен толық танысып шыққан «ERG Service» ЖШС қызметкері Рүстембек Әбуов экологиялық мәселеге тоқталды. Осы ретте, өзі еңбек ететін кәсіпорында жабдықтарды жаңғырту, жөндеу жұмыстарын сапалы атқаруға көңіл бөледі. Себебі, өндіріс орындарының экологияға әсері бұл азаматтардың жұмыстарына, технологияларды өзгертуге тікелей байланысты болып отыр.
– Экология өңіріміз үшін маңызды. Елімізде өндірілетін көмірдің 60 пайызы, электр энергияның 42 пайызы, ферроқорытпаның 58 пайызы, жанар-жағармайдың 32 пайызы, алюминийдің 100 пайызы аймағымызда шығарылады. Ауыл шаруашылығында кейбір бағыттар бойынша алғабасушылық бар. Мәселен, қарақұмықтың 65 пайызы, сәбіздің 35 пайызы, картоптың 27 пайызы өңірімізде өсіріледі. Осындай индустриялық-өнеркәсіптік әлеуеті бар облысымыз үшін экологиялық тиімді, кешенді шаралар барлық ірі кәсіпорындарда іске асырылуда, – деді облыс әкімі.
Қара металлургия колледжінде болашақ жұмысшы мамандарға білім беретін Жәрдем есімді азамат өндірісте өткен 9 жыл еңбек жолында түйгенін шәкірттеріне үйретуде. Ол біліммен қатар әділетті, бәсекеге қабілетті Қазақстан құру жолында жастар тәрбиесіне көңіл бөлу қажеттігін алға тартты. Осы бағытта оқытушы ретінде үлес қосып жатқанын, әсіресе, жауапкершілік, адалдық қасиеттерін бойларына сіңіруге мән беретінін мәлімдеді.
– Қоғамда әркімнің көзқарасы, тәрбиесі әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ мақсатымыз бір болуы керек. Ол дегеніңіз – ел тәуелсіздігін нығайту, елімізді дамыту, – деді аймақ басшысы.
Ақсу электр станциясында жұмыс істейтін Әлихан Аушаихов жауапты жұмысшы мамандықта еңбек ететінін мақтан тұтады. Елімізде негізгі, соның ішінде энергетикалық салаға басымдық беріліп жатқанына риза. Ол қатарластарының алдағы саяси күнде белсенділік танытатынына сенімді. Аталмыш кәсіпорында қызмет ететін Рысгүл есімді ару жұмысшы мамандар әулетінің жалғасы екенін мақтанышпен жеткізді. Өзі кәсіпорынның жеңілдетілген бағдарламасына қатысып, баспаналы болған. Жас мамандарға деген қамқорлықты сезінген ол еліміздің маңызды күнінде саналы таңдау жасауға әзірлігін білдірді. Ал «Жастар рухы» жастар қанатының Ақсу қалалық филиалының төрағасы Әлібек Қабылда әлем қарыштап дамып жатқан шақта ел Конституциясының жаңаруы да орынды деп санайды.
Кездесуді түйіндеген Асайын Қуандықұлы Конституцияның жаңа жобасының маңыздылығына тоқталды. Әлемде елдер жаңа бағытта басым болуға, ескілерін де уыста ұстауға бәсекелесіп жатқанда Қазақстан да сол жаһандық деңгейде болуға ұмтылуда. Конституцияда осы орайда бюрократияны қысқарту тармақтары бар екенін жеткізді. Яғни, шешімді жылдам қабылдау жолдары қарастырылған. Экономиканы цифрландыру да елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырады деп күтілуде. Демек, еліміз заман талабына сай алға басуы керектігін аймақ басшысы айрықша атады.
Ақсу жастары облыс әкіміне сұрақтарын қойып, толыққанды жауап, ақыл-кеңес алды. Ойларын бүкпесіз жеткізіп, ел дамуына бейжай қарамайтындарын көрсетті.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ,
Ақсу қаласы.

