Цифрландыру элементтері әр салаға етене енді. Мүлік те, жер де цифрлық картаға түсіріліп, қаншама аумақты алып жатса да, алақандағыдай көз алдыңызға әкелетін жағдайға жетті. Бұл – технологияның жемісі. Мәселен, облыста «GEO Pavlodar» өңірдің жер ресурстарының жария кадастрлық картасы жасалуда. Бүгінде аймақтың үш қаласында бас жоспарлар цифрлық форматқа түсіріліп жатыр.
Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметінше, бұл жұмыстар 2021 жылдан бері іске асырылуда. Нақтысы, сол жылы Үкімет цифрландыру шеңберінде автоматтандырылған ақпараттық қала құрылысы кадастры жүйесінен деректерді беру арқылы жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету қолға алынған. Үкімет жергілікті әкімдіктерге тиісті нормативтік талаптарға сәйкес бекітілген қала құрылысы жобалары бойынша өзекті деректерді қала құрылысы жүйесіне енгізуді міндеттеді.
Одан бөлек, 2022 жылы Үкіметте 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың тұжырымдамасы бекітілген. Оны жүзеге асырудың іс-әрекеттер жоспары да айқындалыпты.
– Аталған жоспардың 25-тармағына сәйкес елді мекендердің бас жоспарлары мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын әзірлеу бойынша іс-шаралар жүргізу қажет болды. Яғни, қала құрылысы жобаларының деректері қала құрылысы жүйесінен Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастрына жіберіледі. Осылайша, Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастрының жария кадастрлық картасында рәсімделген және бос жер телімдері, елді мекендерді дамытудың қала құрылысы регламенттері туралы деректер көрсетіледі. Мұнда қолданылып тұрған аймақтар, қызыл сызықтар туралы мәліметтер көрініс табады. Бір сөзбен айтқанда, қала құрылысы жүйесі жер телімдерін беру кезінде қала құрылысы жобалары деректерінің ақпарат көзі болады. Демек, қала құрылысы кадастры жүйесінде қате деректер немесе олардың мүлдем болмауы тұрғындарға және бизнеске жер телімін беруден бас тартуға негіз бола алады, – дейді облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының мемлекеттік қала құрылысы кадастры бөлімінің басшысы Алмас Матенов.
Сонымен қатар, жүйеде қала құрылысы кадастры жүйесі арқылы сәулет-жоспарлау тапсырмасы, эскиздік жобаны келісу сияқты рұқсат етілетін құжаттар беру қызметі іске қосылған. Бұл жүйе аймақтың тек үш қаласында жүзеге асқан көрінеді. Негізі, цифрландыру шаралары саланың жұмысын жүйелендірген. Кезінде қағаз түрінде жеткізілетін жоба, жоспарларды, топонимикалық түсірілімдерін, координаттарын бүгінде цифрлық форматта әкеліп, бірден жүйеге енгізу мүмкіндігі бар. Яғни, уақыт біршама қысқарған. Басқармадағылардың айтуынша, қала құрылысы құжаттарын цифрландыру қала құрылысын басқару ісін барынша ашық әрі дәл етуге айтарлықтай көмектеседі.
Облыстың жер ресурстарын цифрлық картаға түсіру жұмыстары да іске асырылуда. 2023 жылғы шілдеден бастап республика бойынша жер ресурстарының цифрлық картасы жер, құқықтық және қала құрылысы кадастрларының деректерін біріктіретін жария кадастрлық карта арқылы ұсынылып отыр. Облыстық жер қатынастары басқармасының мәліметіне сүйенсек, жария кадастрлық картада жер учаскелері, олардың нысаналы мақсаты, ауданы және құқықтық мәртебесі туралы ақпарат көпшілікке қолжетімді.
Жария кадастрлық картаның көмегімен жеке және заңды тұлғалар жер учаскесін алуға онлайн өтінім беруді жүзеге асыра алады, оның кадастрлық (бағалау) құнын айқындай алады және ауыртпалықтар туралы ақпарат ала алатын көрінеді.
– Қызметтерді автоматтандырудың негізгі құралы – «Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры» ақпараттық жүйесі. Мұнда өтінімдер қабылданады, құжаттар қалыптастырылады. Онлайн форматта ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қоспағанда, облыстың үш қаласының елді мекендерінде жер учаскелері беріледі. Учаскелерді беру мерзімі 1 жылдан 30 күнге дейін қысқартылды, – дейді облыстық жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Сейітқазина.
Биыл аталмыш ақпараттық жүйеде қалалардың, аудандардың және ауылдық округтердің жергілікті атқарушы органдары үшін тағы 3 мемлекеттік қызмет іске қосылған. Яғни, жер учаскесін жалдау мерзімін ұзарту, жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру, жер учаскесін жеке меншікке біржолғы не бөліп-бөліп сату қызметтері енгізіліпті.
Тағы бір атап өтерлігі, елімізде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге қатысты 272 млн 491 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлері цифрландырылыпты. Бұл – республика аумағының 100 пайызы. Алынған деректер agromap.gishagi.kz. геопорталында орналастырылған. Аталмыш жұмыс жер ресурстарын цифрлық басқаруға көшудің маңызды қадамы болып отыр. Сондай-ақ, өткен жылы Президент Қазақстан халқына Жолдауында электрондық конкурстар негізінде жерді цифрлық форматта бөлу туралы тапсырма берді. Соған сәйкес Жер кодексіне түзетулер әзірленіпті. Тиісті түзетулер енгізілсе, жер комиссиясы жеңімпазды анықтау үдерісінен шығарылады. Конкурстың толық электрондық циклі және конкурстарды өткізу мерзімдерін 2 есеге қысқарту көзделген.
Яғни, цифрландыру, электрондық түрдегі қызметтер саланы ашықтыққа, жұмысты жүйелендіруге жетелемек.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
