Имам болу – мәртебелі амал

Ақп 26, 2026

Қасиетті Рамазан айы мұсылман қауым үшін мына екі түрлі ғибадатпен ерекшеленеді. Яғни, жамағат күндізгі уақытын ораза ұстаумен өткізсе, түнгі уақытта мешіттерге жиналып, тарауық намазын оқиды. Рамазан оразасы парыз амалдардың қатарында болса, тарауық намазын өтеудің үкімі – сүннет. Дегенмен, оның сауабы мол, жаратушыдан берілетін шарапаты шексіз. Осы тұста Павлодар қаласындағы «Мәшһүр Жүсіп» құран жаттау орталығының директоры, биылғы Рамазанда орталық мешітте Тарауық намазын жүргізетін Манас қари Жұмалиновпен байланысқа шығып,  әңгімелескен едік.

– Манас Айдарұлы, биыл облыс мешіттеріне тарауық намазын өткізуге қанша қари келді?

– Биылғы қасиетті Рамазан айы қарсаңында Павлодар облысының оннан астам мешітінде құран хатым жасалуда. Яғни, Рамазан айының отыз күн оразасында оқылатын тарауық намазында қасиетті Құранды басынан соңына дейін оқып бітіреді. Әрине, өзге мешіттерде де тарауық намазы оқылады. Бірақ оларда хатым жасалмайды. Өздерінің имамдары өткізеді. Биыл біздің облысқа барлығы 20 қари келді. Оның екеуі Түркия республикасынан шақырылды. Олар Павлодар қаласындағы «Ғазиз» мешіті мен «Омар Әл-Фарух» мешітінде намаз өткізіп жатыр. Ал басқа қарилардың барлығы – еліміздің ішіндегі медреселер мен құран жаттау орталықтарының шәкірттері. Атап айтар болсақ, Астана, Қосшы, Сарыағаш, Атбасар медреселері мен Павлодар қаласындағы «Мәшһүр Жүсіп» құран жаттау орталығында оқитын жас қарилар бар.

– Өзіңіз айтқан биыл толық құран хатымын жасап жатқан оннан астам мешітке жеке-жеке тоқталып өтсеңіз…

– Олар – облыс орталығындағы Мәшһүр Жүсіп, «Ақмешіт», «Ғазиз», «Бижан», «Омар Әл-Фарух», «Әр-Рахман» мешіттері. Сонымен қатар, Ақсу, Екібастұз қалалық мешіттері мен Баянауыл, Тереңкөл, Ертіс аудандық мешіттерінде де қарилар тарауық өктізеді. Одан бөлек, Ертіс ауданына қарасты Қызылжар және Ағашорын мешіттерінде құран хатым оқытылуда. Жалпы, бұл мешіттің имамына және сол өңірдің жамағатының сұранысына байланысты екенін айта кеткен жөн.

– Жалпы, тарауық намазында құран хатым жасаудың артықшылығы қандай?

– Рамазан Құран түскен ай болғандықтан, осы айда құран оқудың сауабы көп, оның өзі бір ғибадат болып саналады. Қасиетті кітаптың әрбір әрпіне
10 сауаптан жазылса, қасиетті айда ол еселеніп көбейеді екен. Оның ішінде тарауық нама-
зын хатым жасап өткізудің артықшылығы көп. Бұл қан-
шама адамның құранға деген махаббатын ашады, көп адам мешітке құран тыңдауға келеді. Себебі, құранды тыңдаған адамның өзі оқыған адамдай сауап алады. Ал ол сауаптар қасиетті Рамазан айында еселеніп жазылады. Одан бөлек жамағатпен бірге намаз оқып, дұға жасау арқылы көптеген адамның Аллаға жақындауына себеп болады. Сондықтан күндізгі уақытты оразамен өткізген адам түнін тарауықпен өткізу үлкен тақуалықтың белгісі дер едім.

– Тарауық намазында мыңдаған жамағаттың алдына имам болып шығудың жауапкершілігін қалай түсіндірер едіңіз?

– Бұл – зор жауапкершілік. Бүкіл жамағат өздерінің намаз-дарын имамға сеніп тапсырады. Имамның намазы дұрыс болса, жамағаттың да намазы дұрыс оқылған болып саналады. Намаздың дұрыс болуы құран аяттарының дұрыс оқылуымен тікелей байланысты. Ал жамағаттың алдына шыққан имам бір жерден сәл қателессе, оның кері әсері жамағатқа да тиюі мүмкін. Сондықтан біз күн сайын дайындаламыз, сағат сайын құран оқимыз. Екіншіден, бұл – өте сауапты әрі мәртебелі амал. Жүздеген жамағаттың алдына шығып, имам болу Алла алдында үлкен дәреже болып саналады. Үшіншіден, бұл — жас қарилар үшін жақсы тәжірибе. Яғни, құранды күн сайын қайталап оқып, жүрегіне әбден сіңіріп алады. Ал сонша адамның алдында тұрып оқылған құран кейін оңай ұмытылмайды. Адамның жүрегінде ұзақ сақталып қалады.

– Сіз неше жасыңыздан бастап намаз жүргізіп келесіз?

– Мен 2017 жылдан бері Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінде тарауық намазын өткізіп келемін. Басында екі имам кезектесіп оқитын едік. Жалпы, құран жаттауды 20 жасымнан бастап,  22 жасымда аяқтадым. 2023 жылы құран ижазасын тапсырып, қари деген рұқсат алдым.

– Ақпаратыңыз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан – Тілеуберді САХАБА.