Қазақстанда жыл басынан бері интернет алаяқтарға алданып қалған 20 мыңнан астам адам тіркеліпті. 3 мыңға жуық онлайн несие ресімделген. Жапа шегушілер несие алмағанына қарамастан, оны банкке қайтаруға міндеттеледі. Интернет-алаяқтықтың бір ерекшелігі, қылмыскерлер ел аумағында ғана емес, одан тысқары жерде отырып қылмыстық іс-әрекетін іске асыра алады. Жалпы, алаяқтар қалай әрекет етеді? Олардан қалай сақтануға болады? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде Павлодар ауданы полиция бөлімі бастығының орынбасары Азамат Әлиевпен әңгімелестік.
— Бүгінгі таңда кибер-қылмыстың ең көп таралған түрі қандай?
— Алаяқтық әрекеттердің ішіндегі кең таралғаны – тегін хабарландыру сайттары арқылы адамдарды алдап-арбап, ақша жымқыру. Айлакерлер «ОLХ» пен «Kolesa.kz» сынды тегін хабарландыру сайттарынан бөлек, бүгінгі күні ең танымал әлеуметтік желілердің бірі – Instagram парақшалары мен түрлі мессенджерді пайдаланады. Сондай-ақ, жиі кездесетін алаяқтықтың түрі — бұл «банктен қоңырау шалу». Мысалы, ағымдағы жылдың маусым айында Павлодар облысының 28 жастағы тұрғыны Павлодар ауданының ауылдарының бірінде интернет желісі арқылы микроқаржы ұйымының бірі ақпараттық жүйені пайдаланушы болып табылатын, сондай-ақ, азаматтарға қарыз беру ережелерін біле тұра, құрбысының атынан осы ЖШС-нің әкімшілік сайтында микрокредит беру үшін тіркелді. Содан кейін қарыз алушының сауалнамасын досының сауал-намалық деректерін, оның банктік шотының нөмірін, ұялы телефон нөмірін көрсете отырып толтырды. Сол күні шотқа 100 000 теңге сомасындағы ақшалай қаражат аударылды. Кейіннен алаяқ өзінің шотына алимент түрінде ақша аударылғанын айтып, аталған ақшаны иемденді. Әйелге қатысты ҚР Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-тармағының 2-бөлігі алаяқтық бойынша қылмыстық іс тіркелді. Сот шешімімен әйелге бір жылға бас бостандығын шектеу үкімі шығарылды.
— Интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?
— Интернет-алаяқтықтың алдын алу — полицейлер жұмысының маңызды бағыттарының бірі. Желілік аферистер өздерінің құрбандарының жеке мәліметтерімен танысып, психологиялық қысым көрсетеді. Адамдар мұндай «мамандарға» сенім артқандықтан, алаяқтарға барлық деректерді беріп қойып жатады. Атап айтсақ, бұл — нөмірлер, CVV-кодтар және банктік карталарының пин-кодтары, SMS-хабарламалармен келетін бірреттік кіру кодтары. Полиция қызметкерлері ешкімге жеке және құпия деректерді бермеу керектігін өтініп сұрайды. Банк қызметкерлері мұндай қоңырау шалуға, құпия деректерді сұрауға, клиенттің белгілі бір қаржылық операциялар жасауын талап етуге құқығы жоқ екендігін естеріңізге саламыз. Ағымдағы жылы Павлодар ауданының аумағында полицейлер «Жастарды қолдау орталығы» өкілдерімен бірлесіп интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша акция өткізді. Акция барысында білім беру және медициналық мекемелердің ұжымдарымен, сауда үйлерінің және барлық меншік нысанындағы басқа да объектілердің қызметкерлерімен кездесу өтті. Өйткені ақпараттандыру алаяқтардан сенімді қалқан ретінде қызмет етеді. Тәртіп сақшылары адамдарға көшеде, мекемелерде жалпы алдау схемалары туралы жадынамалар таратты.
— Қаскүнемдерге алданып қалған жағдайда не істеу керек?
— Қазір алаяқтардың әрекетіне алданып қалмау жолы жөнінде түрлі ақпарат көп. Алайда мұндай қылмыс жасау тәсілі тез жаңаланады. Алаяқтар үнемі өз әдістерін өзгертіп отырады. Мысалы, кез келген адамның атына онлайн несие ресімделгенде тығырықтан шығар екі жол іздеуге болады. Бірі – қылмыстық, екіншісі – азаматтық кодекс аясында. Жапа шегуші ішкі істер органдарына алаяқтық дерегі бойынша шағымдана алады. Полиция өз әрекетін жүзеге асырады. Қылмыскер табылып, дерек дәлелденбейінше, онлайн несие кімнің атында болса, сол өтеуге міндетті. Себебі оны алаяқтар алғанын банк алдында дәлелдеу мүмкін емес. Ал екінші жол – сот арқылы шығынды өндіріп алу жөніндегі арыз. Адам несие алмағанын сот арқылы дәлелдей алады. Ол үшін алаяқпен сөйлескен немесе хабарлама алысқан жазба болуы шарт.
— Ақпаратыңызға рақмет.
Алтынбек МҰҚЫШЕВ.