Баспана мәселесі көпшілік үшін өзекті. Осыны ескерген облыс билігі әлеуметтік пәтерлерді үлестірудегі өткен жылғы өзгерістерге байланысты мән-жайды талқылады. Былтыр елімізде тұрғын үй кезегі жергілікті атқарушы биліктен «Отбасы банкке» өткізілгені белгілі. Кезектегі тұрғындарға баспана банк арқылы бөлінеді. Нақтысы, адамның қатысуынсыз пәтер иесін арнайы жүйе анықтайды.
Аппараттық жиында жүйенің жұмысы жан-жақты талқыланып, ескерілуі тиіс тұстары айтылды. Аймақ басшысы Асайын Байханов тұрғын үй заңнамасына енгізілген өзгерістерді көпшілікке егжей-тегжейлі түсіндірудің маңыздылығын атады.
«Отбасы банктің» облыстық филиалының директоры Талғат Баиловтың айтуынша, банк бүгінде тұрғын үй кезегіне қою, кезектегілердің базасын жүргізу, баспананы бөлу қызметін атқарады. Бұдан бөлек, тұрғын үй-құрылыс жинақтар жүйесі арқылы жеңілдікті ипотекалық займдар береді, жалға берілетін пәтерлерді бөледі, жекеменшік жалдамалы қордан пәтердің жалдамалық құнының бір бөлігін субсидиялау жұмысын атқарады. Ал әлеуметтік пәтерлер банк арқылы белгіленген пропорциялар мен басымдықтарға сәйкес кезектегі тұрғындарға үлестірілетінін мәлімдеді.
– Бүгінде тұрғын үй кезегіне барлық азаматтардың тұру құқығы бар. Бұл ретте, бастысы олардың соңғы бес жылда атында баспанасының болмауы талап етіледі. Тұрғылықты мекені бойынша тіркеу қажет. Астана, Алматы, Шымкент қалаларында кемінде үш жыл тіркеуде тұруы керек. Бір ескеретіні, мемлекеттік қолдау азаматтарға бір рет қана беріледі, – деді Т.Баилов.
Былтыр тұрғын үй кезегі әкімдіктен банкке өткенде аймағымызда 25 701 адам баспана кезегінде тұрған. Баршаға бірдей кезекке тұру мүмкіндігі берілген соң қатары артқан. Қазіргі таңда кезектегілер саны 36 252 адамға жеткен. Олардың 10 мыңнан астамы – баспана алуда бірінші кезектегі құқығы бар азаматтар. Тарқата айтсақ, 3738 жетім бала, 6422 халықтың осал тобына жататын тұрғын. Соңғысына 7 санатқа жататын азаматтар кіреді. 10 мыңға жуық адам – санатсыз тұрғындар, олар – өзгерістен кейін кезекке тұрғандар. Одан бөлек, 16416 адам қалған санаттағылар деп аталып жүрген толық емес отбасылар, мемлекеттік қызметшілер, жасына қарай зейнетке шыққан тұрғындар, бюджеттік ұйым қызметкерлері санатында тұр. Кезектегілердің басым бөлігі, 88 пайызы – үш қала үлесінде. Әсіресе, Павлодар қаласында көп. 21 мыңнан астам адам тіркелген. Жалпы, кезектегілердің 28-30 пайызын жетім балалар мен халықтың осал топ өкілдері құрайды.
Банк басшысының айтуынша, пәтерлерді бөлу кезінде осы санаттар ескеріледі. Жергілікті атқарушы орган банкке бөлуге берген пәтерлердің 20 пайызы жетім балаларға, 50 пайызы осал топтағы тұрғындарға, 30 пайызы бұл санатқа жатпайтын қалған азаматтарға үлестіріледі. Жергілікті әкімдік банкке бөлуге берген пәтерлердің мәліметтерін жүйеге енгізеді. Ары қарай бөлу жұмысын арнайы жүйе адамның қатысуынсыз атқарады. Тиісті алгоритмге сәйкес автоматты түрде бөлінеді. Пәтер бөлуде жүйеде алдымен кезекке қойылған жылына маңыз беріледі. Соған сай тізім түзіледі. Одан кейін жүйенің алгоритмі отбасы құрамын ескереді. Үшінші талап – баспананың ауданы. Міне, осы талапқа келгенде түсінбеушіліктер туындайтыны белгілі болды. Себебі, ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 75-бабына сәйкес бір азаматқа 15-тен 18 шаршы метрге дейін деп есептелген. Демек, кезегі келгенімен, бөлуге қойылған пәтер олардың отбасы құрамының әрбір мүшесін есептегенде жетпейтін болса, жүйе автоматты түрде тізімдегі келесі тұрғынға көшеді. Ал шаршы метр жағынан жарамаған азамат кезегін тағы күтуге мәжбүр болады. Бастапқыда мұндай келеңсіздіктер кездескендіктен «Отбасы банк» басшылығы ұсыныс жасап, бүгінде тиісті көлемнен 5-8 шаршы метрдің ары-бері болуына рұқсат алыпты. Жүйеге де бұл өзгеріс енгізілген көрінеді. Облыс әкімі Асайын Қуандықұлы мұндай тұстардың барын тұрғындарға жиі түсіндіру керектігін атап өтті. Әйтпесе, өзінен кейін кезекте тұрған азаматтың алдымен баспаналы болуын әділетсіздік және өзге де құйтырқы әрекеттер бар деп жаңсақ ойлауына жетелейтінін мәлімдеді.
Тағы бір ескеретіні, пәтер иеленетіндер тізіміне енген азаматқа хабарлама 1414 желісі арқылы жолданады. Бес жұмыс күні ішінде хабарлама алған азамат жауап бермесе, пәтер тізімдегі келесі адамға бөлінеді. Бұл ретте, аймақ басшысы смс-хабарламаларды байқамайтын азаматтарға телефон қоңырауын шалуды да қарастыруды ұсынды. Сонымен қатар, облыс әкімі пәтердің шаршы метрі заңға сай кең болмаса да, кезегі келген азамат оны алуға ниет танытса, таңдау беру мүмкіндігі болуы тиіс деген пікірін де білдірді.
Облыс әкімі тұрғындардың баспанамен қамту жергілікті атқарушы органдардың басты міндеттердің бірі екенін атап өтті. Сондықтан, пәтер бөлудегі жаңа ережелерді тұрғындарға түсіндіруге мән беруді тапсырды. Әкімдіктер мен Отбасы банк бірлесіп, өзгерістерді түсінікті етіп қағазға түсіріп, құзырлы мекемелерде іліп қоюы керек. Осы орайда, жергілікті билік жаңашылдықтарды тереңінен ұғынып, баспана кезегі бойынша мәселемен келген тұрғынға егжей-тегжейлі түсіндіре білмек. Жиын соңында тұрғын үйлерді есепке алу, пәтерлерді бөлу жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
Суретті түсірген — Валерий Бугаев.
