Аударымдар тексеріле бастайды

Сәу 9, 2026

Биылдан бастап екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы қаржылық аударымдардың қатаң қадағаланатыны белгілі. Банктер осы айда көлеңкелі кәсіпкер-лікпен айналысуы мүмкін деген күмән келтірген клиенттері туралы мәліметтерді мемлекеттік кірістер комитетіне жолдауды бастайды.

Бірден айта кету керек, тауар, қызмет ақысын төлеу кезінде мобильді аударымдарды қолданған дұрыс емес. Бұл қаражат адамның жеке шотына түседі деген сөз. Яғни, одан салық пен басқа да міндетті төлемдер алынбайды, демек тауар не қызмет түрін көрсетуші заңсыз табыс тауып отыр. Оның орнына мобильді төлемді ұсынуы тиіс. Арнайы POS-терминал арқылы банктің мобильді қосымшасымен QR-кодты сканерлеу немесе банк картасын жанастыру арқылы төлем жасаған дұрыс. Бұл заңды әрекет болып саналады.

Алайда міндетті төлемдерден жалтарып, ақшаның түгелдей қалтасына түсуін қалайтын кей адамдар қызмет ақысын мобильді аударымдар арқылы қабылдайды. Осындай жандардың әрекетін әшкерелеу үшін салық органдары ереже енгізді. Соған сәйкес, екінші деңгейлі банктер өз клиенттеріне қатарынан үш айдың әрқайсысында 100 және одан да көп адамнан ақша түссе, бұл қаражаттың жалпы көлемі 1 млн 20 мың теңгеден асса, әлгі аударымдарды қабылдап алған азамат туралы деректерді құзырлы органдарға жолдауы тиіс.

Бүгінде банк өкілдері қаңтар, ақпан, наурыз айлары аралығында жасалған аударымдарды саралап, күдік тудырған клиенттер туралы мәліметті мемлекеттік кірістер комитетіне жолдай бастады. Олар 15 сәуірге дейін барлық ақпаратты ұсынады. Одан соң салық өкілдері шынымен жыл басынан бері үш айдың әрқайсысында көп адамнан ақша алып, олардың сомасы 1 млн теңгеден асып жығылған азаматтарға ескерту жолдайды. Яғни, бірден айыппұл салынбайды. Хабарлама алған адамға 30 жұмыс күні аралығында қаржының қайдан және қандай мақсатта түскенін түсіндіруге мүмкіндік беріледі. Егер азамат өз шотына түскен қаражаттың тауар немесе қызмет үшін алынған табыс екенін мойындаса, онда салық есептілігін тапсырып, тиісті төлемдерді төлей алады немесе ресми түрде кәсіпкер ретінде тіркеледі. Өзін-өзі қамтыған азаматтар да арнайы мобильді қосымшада мәліметтерді көрсетіп, салық пен әлеуметтік төлемдерді жасай алады. Не болмаса, Салық Кодексінің талаптарына сәйкес салықтың режимге көшуге мүмкіндік қарастырылады.

Ал келіспесе, аударымдардың себебін түсіндіріп, оның кәсіпкерлік қызметке қатысы жоқ екенін дәлелдеуге құқылы. Өз кезегінде мемлекеттік кірістер органдары камералдық бақылау жүргізіп, түсініктеме көрсетілген деректердің шындыққа жанасар-жанаспасын тексере алады.

Егер адамның шотына түскен аударымдар күмән келтіріп, оған қаржының түсуі себептерін көрсету туралы хабарлама келсе, бірақ бір ай аралығында бұл хабарламаға мүлде жауап берілмесе, араға тағы 10 күн салып барлық шоттары бұғатталуы мүмкін.

Бұл ретте туыстар, достар, әріптестер арасындағы көмек, сыйлық немесе бірреттік түсімдер бақылауға алынбайды.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.