Күнделікті өмірде химиялық заттарды тікелей пайдаланбасақ та, тұрмыстық тауарлардың барлығы дерлік — сол өнеркәсіп саласының өнімі. Басқасын былай қойғанда, жуғыш заттар, целлофан, тіпті жанар-жағармайдың өзі химия бағытында қызмет ететін мамандардың еңбегімен дайындалады. Өңірде ірі өндіріс орнын осындай тауарлармен қамтып, импорттық өнімдерді ығыстырған кәсіпорындардың бірі – «ҚазМұнайХим» ЖШС.
Аталмыш зауыт осыдан бес жыл бұрын «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы аумағында іске қосылды. Сол уақыттан бері мұнай-химия саласына қажет өнімдерді шығарып келеді. Кәсіпорынның инженері Денис Дрогорубтың айтуынша, зауытта 25-тен астам өнім дайындалады. Олардың басым бөлігі отандық нарықты шетелдік тауарларға деген тәуелділіктен арылтты.
Мәселен, мұнда мұнай реагенттері мен қоспалары өндіріледі. Олар АИ-92, АИ-95, АИ-98 маркалы жанармайдың өндірісінде пайдаланылады. Тіпті, жергілікті Павлодар мұнай-химия зауытында шығарылатын дизель отыны қыста бірден қатып қалмас үшін осы қоспалар қосылады. Осылайша, химия саласының мамандары дайындаған өнімдер жанар-жағармай мен дизель отынын өндіру барысында маңызды шикізатқа айналды. Сол сияқты бұл кәсіпорында құрал-жабдықтарды тот басудан қорғайтын әмбебап қоспа шығарылады. Бұған дейін мұндай өнім біздің елде өндірілген емес.
«ҚазМұнайХим» тағы бір өнімі – катализаторлар. Бұл өнім де бүгінде кеңінен қолданылып келеді. Оны пластик өнімдерін дайындау барысында пайдаланады. Соның көмегімен сұйық шикізат қатты өнімге айналады. Алдағы уақытта пластиктерге арналған жеке қоспалар өндірісін қолға алу жоспарда бар. Бүгінде тиісті жоба әзірленуде. Егер барлық сараптамадан сәтті өтсе, екі жылдан соң импортты алмастыратын тағы бір тауар түрі пайда болады.
Байқағанымыздай, кәсіпорын жалпы өндіріс саласына қажет химиялық өнімнің түртүрін шығарады. Олардың барлығында тынымсыз еңбек етіп жүрген мамандардың маңдай тері бар.
— Біздің зауытта 32 адам жұмыс істейді. Олардың дені – жастар. Қызметкерлердің орташа жасы – 35 жас. Жоғары оқу орнын тәмамдап келген түлектер де, басқа кәсіпорындарда тәжірибе жинаған қызметкерлер де бар. Әрқайсысы өз міндетіне зор жауапкершілікпен қарайды. Бес жыл аралығында кәсіпорынның тауарлар түрін кеңейтіп, сұранысқа ие жаңа өнімдер шығарып, шетелге деген тәуелділіктен арылып келеміз. Мұның барлығы – әріптестеріміздің еңбегі. Соған сай әлеуметтік қолдауды да арттыруға тырысамыз. Бүгінде қызметкерлердің орташа жалақасы – 450 мың теңге. Одан бөлек, ынталандыру шаралары да қарастырылады, — дейді инженер Д.Дрогоруб.
Иә, бұл сала қызметкерлерінің еңбегі көзге көрінбесе де, атқарып жүрген жұмысы көп. Бір ғана қоспаны дайындау арқылы талай өнімнің сапалы шығуына зор үлес қосады. Сондықтан химия өнеркәсібінің алдағы уақытта да ілгерілеп, дами түсуін тілейміз. Бұл – экономиканың негізгі көрсеткіштерінің бірі.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

