Қазірде кез келген кәсіпкерлік түріне мемлекет тарапынан қолдау көп. Бұл қолдаулар шағын, орта және ірі бизнеспен айналысатын жандардың ісін өрге жүргізуге септігін тигізеді. Сондай қолдау білдіру бағдарламаларының бірі – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры. «Даму» қоры болашақ және жұмыс істеп тұрған микро, шағын және орта бизнесті қолдау және дамыту бағытында қолдау білдіріп келеді. Аймағымызда аталған қор арқылы өз кәсібінде елеулі нәтижелер көрсетіп келе жатқан өндіріс ошақтары да бар. Олар дайын металл бұйымдарын өндіретін «QazPromPv» ЖШС және жүк көтергіш жабдықтар өндіретін «Tradicom» компаниясы.
Бұл компаниялар 2026 жылдың 22–24 мамырында өткен «Ulttyq onim 2026» атты қазақстандық өндірушілердің IX көрмесінде өз тауарларын сәтті таныстырған. Көрме Астана қаласындағы EXPO халықаралық көрме орталығында өткен.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының бас менеджері Мәдина Бәденова аталған көрменің қорытындысы көңіл қуантатынын жеткізді.
— «Ulttyq onim 2026» көрмесі өте жоғары деңгейде өтті. Павлодар облысынан 46 компания қатысты. Мұнда әртүрлі бағыттағы өндірушілер іріктелді. Бұл көрме кәсіпкерлер үшін өз өнімдерін таныстырып қана қоймай жаңа серіктестер табуға мүмкіндік туғызды. Көрме қорытындысына сәйкес 80-ге жуық келісімшарт жасалып, 12 миллион теңгеге жуық тауар сатылды. Аталған көрмеге қатысып, өңіріміздің өндіріс орындарын лайықты түрде таныстыра алғанымызға қуаныштымыз, — деді ол.
Көрмеде пилоттық жұмысы таныстырылған жобалардың бірі «QazPromPv» ЖШС-ға тиесілі. Олар жергілікті ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы қызметкерлерінің сұранысын бағамдай отырып, шет елдік тәжірибедегі өрт сөндіруге арналған тіркеме құрастыруда. Бұл компания қызмет аясын кеңейту, металл бөлшектер мен өзге бұйымдарды өндіруді іске қосу үшін Даму қорынан жылдық 21,75 пайыз мөлшерлемемен 24 миллион теңгеге жуық несие рәсімдеген. Оның 13 пайызы қор тарапынан субсидияланады. «Даму» қоры компанияның жаңа қырынан танылуына өз әсерін тигізді» дейді «QazPromPv» ЖШС директоры Никита Попов.
— Біздің компания қызметінің негізгі бағыты орман өрттеріне қарсы жабдықтарды, орман шаруашылығы техникасын, металл конструкцияларын, дизельді генераторларды, контей-нерлерді, тіркемелерді және өнер-кәсіп, орман шаруашылығы мен өрт қауіпсіздігі қажеттіліктеріне арналған мотопомпаларды өндірумен айналысамыз. «Ulttyq onim 2026» көрмесі біз үшін ерекше мүмкіндік болды. Бұған дейін осы көрмеге тек көрермен ретінде қатыссақ, бүгінде өз тауарымызды ұсындық. Көрмеде өз өнімдерімізді 4 аталым бойынша таныстырдық. Солардың бірі — өрт сөндіруге арналған жеңіл автокөлік тіркемесі. Ол кез келген тіркемесі бар автокөлікке жалғанады. Әрі оны басқару өте оңай. Көбінесе орман және ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне қолайлы. Бұл тіркеме шет елдік өндірісте бар. Біз тек соны өз елімізде жасап көргіміз келді. Біздің компания өндіретін генераторлар да әртүрлі салада сұранысқа ие. Негізгі тұтынушылар қатарында мемлекеттік мекемелер, ауруханалар, емханалар, әскери құрылымдар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар. Сонымен қатар, электр энергиясы жиі үзіліп тұратын өңірлерде жылжымалы генераторларға сұраныс жоғары, — деді ол.
Кәсіпорында өнім «толық дайын күйінде» шығарылады және қазіргі уақытта Қазақстанның тауар өндірушілер тізіліміне енгізілу рәсімінен өтуде.
Сонымен қатар «Даму» қоры ұйымдастырған бұл көрмеге Павлодар қаласындағы жүк көтергіш жабдықтар мен металл конструкцияларын өндіруге маманданған қазақстандық «Tradicom» компаниясы қатысты.
— Бұл компанияда үш жылдан бері қызмет атқарып келемін. Осы уақыт ішінде біз Павлодар облысы және Қазақстан бойынша бірқатар ірі өнеркәсіптік кәсіпорынмен тұрақты әріптестік орнаттық. Негізгі серіктестеріміз — ERG құрамындағы кәсіпорындар, «Қазхром» ТҰК» АҚ компаниясы. Сондай-ақ, BI Group-пен 2020 жылдан бері кран жеткізу және монтаждау бағытында жұмыс істеп келеміз. Біздің негізгі қызметіміз — металл конструкцияларын және жүк көтергіш крандарды өндіру. Мұнда
20 тоннаға дейінгі крандарды шығарамыз, сонымен қатар монтаж, іске қосу жұмыстарын орындаймыз. Соңғы жылдары Екібастұз өңірінде өндіріс қарқынды дамып, жаңа жобалар көбейіп келеді. Бұл бізге жаңа нарықтық мүмкіндіктер ашуда. Дегенмен, саладағы басты мәселенің бірі — ірі тапсырыс берушілердің төлемдерді кешіктіруі, бұл айналым қаражатына әсер етеді. «Даму» қоры ұйымдастырған көрме аясында көптеген келушілермен кездесулер өтті. Сонымен қатар, Екібастұзда салынып жатқан жаңа кәсіпорындардың өкілдері компания қызметімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды, — деді «Tradicom» компаниясының басқарушы директоры Евгений Кирьяков.
Бұл кәсіпорын Қазақстандағы өнеркәсіптік жобаларды дамытуға үлес қосып, толық циклді инженерлік және өндірістік қызмет көрсетуді жалғастыруда.
Сара ӘБДОЛ.
