Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, аймағымызда балалар арасында қызылша ауруын жұқтырғандар қатары күрт өскен. Тек соңғы бір айдың ішінде осындай 10 жағдай тіркелген. Павлодарлық ақ желеңділер жұқпалы індеттің алдын алу керектігін айтып дабыл қағуда. 

 

Облыстық балалар ауруханасының инфекционист дәрігері Дина Әубәкірованың айтуынша, аталған емдеу мекемесінің инфекциялық стационарына қызылша ауруын жұқтыруы мүмкін деген күдікпен 11 бала жүгініп, оның 10-ы расталған.

— Павлодарда қызылшамен ауыру жағдайлары жиілеп кетті. Былтырғы жылмен салыстырғанда көрсеткіш жоғары. Тіпті, биыл жұқпалы ауруды 1 жастағы бала да жұқтырып алған. Қазір емдеу шаралары жүргізілуде. Ең бастысы, балалардың барлығында ауру жеңіл түрде өтті. Бүгінгі таңда емделіп жатқан жеткіншектер өздерін жақсы сезінеді. Олар ауруханада 7-10 күн бойы ем алып, әбден сауыққан соң үйлеріне жіберіледі, — дейді Дина Әубәкірова. Оның сөзіне қарағанда, бұл індетті көбінесе екпе алмаған балалар тез жұқтыратын көрінеді.

— Қызылша – ауа тамшылары арқылы таралатын жұқпалы ауру. Оның алғашқы белгілері әлсіздік, дене қызуының көтерілуі, кейін кезең-кезеңмен дененің төменгі бөлігінен жоғарыға қарай бөртпелердің пайда болуымен сипатталады. Әсіресе, қызылшаға қарсы екпе алмаған балалар індетті жұқтыруға бейім келеді әрі оларда ауыр жағдайда өтеді. Сондықтан ата-аналарды баласына екпе салдырудан бас тартпауға шақырамын, — дейді инфекционист дәрігер.  Маманның сөзіне қарағанда, қызылшаны емдеудің нақты әдісі жоқ. Сондықтан мұндай науқастар тек симптоматикалық ем алады. Яғни, қызуды төмендететін дәрі-дәрмектер мен бактериялық инфекцияға қарсы антибиотиктер қабылдайды. Қызылша диагнозымен ауруханаға жатқызылған емделушілер инфекциялық стационардың қабылдау бөлімшесіне жүгінген сәттен бастап жеке бокста қаралып, тиісті ем-дом шаралары көрсетіледі. Айта кетерлігі, қызылша ауруының таралу жағдайы соңғы рет республика және облысымыз бойынша 2019 жылы орын алған. Елімізде аурудың ауыр жағдайлары тіркеліп, соңы өлім-жітіммен аяқталу оқиғасы тіркелген екен. Ақ желеңділер бұл аурудың салдарынан тағы бір дерттің пайда болатынын ескертеді. Ол — жедел өткір склерозды паненцефалит деп аталады. Қызылшадан кейін пайда болатын ең қауіпті асқыну. Бұл ауруды қызылша вирусы туғызады әрі өте баяу дамитын көрінеді. Тіпті, оның жасырын кезеңі қызылшадан кейін 8 жылға дейінгі уақытты құрайды екен. Сырқат алдымен адамның мінез-құлқында өзгерістердің пайда болуымен білініп, кейін қимыл-қозғалыс, көру бұзылыстары байқалады. Мұндай дертке шалдыққан науқастардың 80 пайызында жедел өткір склерозды паненцефалит 1-3 жылға дейін созылып, соңы өліммен аяқталуы ықтимал. Сондықтан мамандар ауырудың алдын алу үшін қызылшаға қарсы жоспарлы екпені салдырудың маңызы зор екенін айтады.

 

Нұржайна ШОДЫР.