Жаңа оқу жылының басталуына бірнеше күн ғана қалды. Қазіргі таңда облыс мектептері оқушыларды қабылдауға сақадай сай дайын. Қуантарлығы, биыл да павлодарлық балаларды жағымды жаңалық күтіп тұр. Атап айтқанда, 1 қыркүйек күні аймағымызда екі жаңа мектеп есігін айқара ашпақ. Сондай-ақ, осы жылы 11 мыңға жуық балғын 1-сыныпқа қабылданып, оқушы қатарына қосылады деп күтілуде. Бастысы, елімізде барлық шәкірттің сапалы білім, саналы тәрбие алуы үшін жан-жақты жағдай жасалуда. Осы мақсатта отандық білім беру саласында бірқатар өзгерістер орын алып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылуда.
Нысандар – балалар игілігіне!
Осы оқу жылының басты жаңалығы – білім күні қарсаңында облысымызда 220 орындық екі жаңа мектептің тұсауы кесіледі деп жоспарлануда. Білім ордасының бірі – Екібастұз қаласының Атығай ауылында, ал екіншісі Ертіс ауданының Қызылқақ ауылында бой көтерген. Аймақ басшысы Асайын Байхановтың айтуынша, жалпы соңғы үш жылдың ішінде ауылдық жерлерде 8 жаңа мектеп салынған. Сонымен қатар, биыл қазан айында Павлодар қаласында 1200 орындық жайлы мектептің құрылысы аяқталып, шәкірттердің игілігіне берілмек. Нәтижесінде облысымызда оқушы орындарының тапшылығы жойылады деген үміт бар.
Атап өтерлігі, білім беру нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға да ерекше көңіл бөлінуде. Мәселен, ағымдағы жылы аймақтағы балабақшалар мен мектептерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 6,7 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінген. Сондай-ақ, биыл үш қаладағы барлық мектеп пен балабақшаның аумағына толық асфальт төселген. Ал келесі оқу жылында 15 білім беру нысанына күрделі жөндеу жүргізілмек.
Қуантарлығы, облысымызда балабақша тапшылығы мәселесі де оң шешімін тапқан.
– Биыл және келесі жылы да балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткіші 100 пайыз сақталады. Осы жылдың өзінде үш мектепке дейінгі жаңа ұйым ашылды. Бұдан бөлек, Екібастұз қаласында демеушілер есебінен 140 балаға арналған инклюзивті балабақша ел игілігіне берілді. Келесі жылы тағы да 620 орынға арналған үш балабақша бой көтереді, – деді Асайын Байханов. Яғни, алдағы жылы Ақсу қаласының Үштерек ауылы мен Баянауыл, Атамекен елді мекендерінде жалпы саны 620 орындық үш балабақшаның құрылысы салынады деп жоспарлануда.
Бағалау жүйесі өзгереді
Осы оқу жылындағы өзгерістің бірі – бастауыш сыныптардағы оқушылардың білім деңгейін жаңартылған тәсіл бойынша бағалау. Нақтырақ айтқанда, бұдан былай 2-4-сыныпта оқитын балалар үшін тек аралық бақылау болады. Бұл туралы облысымызға іссапармен келген ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлім еткен еді. Оның айтуынша, жаңа оқу жылынан бастап бастауыш сынып оқушыларының ой-өрісін дамытуға басымдық беріледі. Осы мақсатта диктант, бақылау жұмыстары, шығарма, мазмұндама жазу сынды тапсырмалар қайтадан енгізілмек.
Бұған дейін оқушылардың оқу жетістіктері формативтік және жиынтық бағалау арқылы бағаланып келгенін білеміз. Ал енді формативтік бағалау сақталып, оның тоқсандық қорытынды бағадағы үлесі артатын болады. Бұл өзгеріс баланың сабаққа қатысудағы белсенділігі мен тапсырмаларды орындау қабілетін бағалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жаңартылған тәртіп бойынша тоқсан соңында бөлек тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) мүлдем өткізілмейді. Яғни, нәтижелер аралық бағалау арқылы анықталып, тоқсан соңында оқулықтағы бөлімдерді қайта қамтитын жеке жиынтық жұмыс жүргізілмейді.
Осылайша, бағалау жұмыстарының саны қысқармақ. Бұл өзгеріс оқушыны бағалау жүктемесін жеңілдетуге әрі мұғалімдердің тапсырмаларды бөлек әзірлеп, тексеруге жұмсайтын уақытын қысқартуға мүмкіндік береді, дейді министр.
Міндетті курстар оқытылады
Жаңа Конституцияға сәйкес оқу бағдарламалары мен жоспарлары қайта қарастырылып, маңызды құжатты жүзеге асыру аясында жалпы орта білім беру бағдарламасына бірнеше міндетті пәндер енгізілген.
Осылайша, биыл жаңа оқу жылынан бастап елдегі мектептерде бірқатар міндетті оқу курстары оқытылады деп жоспарлануда.
ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, 5-7-сынып оқушылары үшін «Конституция негіздері» пәні енгізіледі. Ал 8-11-сыныптарда «Заң және тәртіп», 5-11-сынып оқушылары үшін «Жеке қауіпсіздік» оқу курстары міндетті түрде оқытылатын болды.
– Бұған қоса, осы уақытқа дейін таңдау пәні ретінде оқытылып келген «Құқық негіздері» курсы енді барлық оқушы үшін міндетті пәнге айналады. Сондай-ақ, оның мазмұны жаңа Конституция қағидаттарына сай сәйкестендірілді. Сонымен қатар, үлгілік оқу жоспарларының құрылымы оңтайландырылды. Балалардың барлық оқу пәндеріне толық қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында қысқартылған оқу жоспарлары біржола алынып тас-талды, – деп атап өтті министр.
ЖИ–ға басымдық беріледі
Жаңа оқу жылының тағы бір жетіс-тігі – білім беру жүйесіне жасанды интеллектті енгізу. Биыл бұл мәселеге басымдық берілмек.
– Осы мақсатта «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндерінің атауы өзгертілді. Биыл мамыр айында ел Президентінің «Қазақстан Республи-касының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы қабылданды. Бүгінгі таңда министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, аталған Жарлықты іске асыру жөніндегі 2026–2029 жылдарға арналған кешенді жоспарды әзірледі. Сол бойынша жұмыс жалғасады, – деді еліміздің бас ұстазы Жұлдыз Сүлейменова. Оның айтуынша, 1 қыркүйектен бастап Павлодар және Қызылорда облыстарындағы 10 шағын жинақты мектепте жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын азайтуға бағытталған пилоттық жоба іске қосылады деп жоспарлануда.
Қазіргі уақытта дайындық жұмыстары қызу қолға алынуда. Аймақ басшысының айтуынша, облысқа қарасты шалғай ауылдардағы барлық мектеп жоғары жылдамдықты интернетпен және заманауи қауіпсіздік жүйелерімен 100 пайыз қамтылған.
– Мемлекет басшысы алдымызға цифрлық сауаттылықты, жауапкершілікті және білім сапасын арттыру міндетін қойды. Бұл – ауқымды әрі жүйелі жұмысты талап ететін маңызды бағыт. Мұнда мәселе тек қаржыландырумен шектелмейді. Әр міндет нақты сараланып, тиімді жоспарланып, нәтижеге бағытталуы тиіс, – деді Асайын Байханов.
Осылайша, осы оқу жылында білім беру саласына бірқатар өзгерістер енгізілмек. Облысымызда да ауыз толтырып айтарлықтай жағымды жаңалықтар баршылық. Мұның бәрі оқушылардың заман талабына сай сапалы білім алуына жасалған үлкен қолдау екені сөзсіз.
Демек, павлодарлық балалар үшін жаңа оқу жылы – жаңа білім мен жаңа мүмкіндіктердің бастауы болмақ.
Нұржайна ШОДЫР.
