Тұмауға қарсы екпе алыңыз!

Там 27, 2026

Әдетте салқын түсе бастаған кезде жіті респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмау өрши түседі. Сондықтан эпидемиологиялық маусым басталмай тұрып алдын алу шараларына мән берген жөн. Биыл облыстың медициналық ұйымдарында тұмауға қарсы иммундау науқаны қыркүйек айында басталады. Қазір вакцина жеткізу және оны егуді медициналық ұйымдарда ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Тұмауға қарсы вакцина кімдерге тегін салынады? Облысқа қанша доза вакцина жеткізіледі? Екпені қайдан алуға болады және вакцинадан кейін қандай әсерлері болуы мүмкін? Осы және өзге де сауалдарымызға Павлодар қалалық №5 емхананың жалпы практика дәрігері Анар Қадырова жауап берді.

– Анар Бәкібайқызы, биыл тұмауға қарсы вакцинация қашан басталады және қанша уақытқа созылады?

– Тұмауға қарсы вакцинация жыл сайын эпидемиологиялық маусым басталар алдында, яғни қыркүйек-қазан айларының аралығында жүргізіледі. 2026–2027 жылдардағы вакцинация науқанының нақты басталу мер-
зімі мен ұзақтығы санитарлық-эпидемиологиялық шараларға сәйкес айқындалады. Биылғы науқан Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің тиісті қаулысы шыққаннан кейін басталады.

– Тұмауға қарсы вакцинаны алдымен кімдер алуы керек?

– Бірінші кезекте тұмауды жұқтыру және аурудың ауыр өту қаупі жоғары азаматтарға вакци-нация жүргізіледі. Қазақстан Республикасы Үкіметінің №612 қаулысына сәйкес, басым топқа медицина қызметкерлері, медици-налық ұйымдарда динамикалық бақылауда тұрған балалар, жетім балалар мен ата-анасының қам-
қорлығынсыз қалған балалар, қарттарға арналған медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын азаматтар, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар жатады. Сонымен қатар, эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша инфекция жұқтыру қаупі жоғары адамдар да вакцинацияланады.

– Биыл облысқа қанша вакцина жеткізіледі?

– Биыл облысқа тұмауға қарсы 80 мың доза вакцина Бірыңғай дистрибьютор – «СК-Фармация» ЖШС арқылы жеткізіледі. Вакци-наның өңірге қыркүйек айында келуі күтілуде.

– Тұмауға қарсы екпені қайда салдыруға болады? Қандай құжаттар керек?

– Вакциналау профилактикалық екпе жүргізуге қажетті жағдайлары бар медициналық ұйымдарда жүзеге асырылады. Екпе алу үшін жеке куәлік қажет. Вакцина салынар алдында медицина қызметкері азаматты қарап, медициналық қарсы көрсетілімдердің бар-жоғын бағалайды. Екпе пациенттің ақпараттандырылған келісімі алынғаннан кейін жүргізіледі.

Сонымен қатар, медицина қызметкері вакцинацияның тиімділігі, ықтимал жағымсыз реакциялар және вакцинадан бас тартудың салдары туралы толық әрі объективті ақпарат беруге міндетті.

– Ал  вакцина қаншалықты тиімді? Екпеден кейін жанама әсерлері болуы мүмкін бе?

– Вакциналау – тұмаудың алдын алудың тиімді тәсілдерінің бірі. Оның басты маңызы – аурудың ауыр өтуі мен асқыну қаупін төмендету. Алайда ол вакцина алған адам тұмаумен мүлде ауырмайды деген сөз емес. Екпеден кейін қысқа мерзімді жеңіл реакциялар байқалуы мүмкін. Мәселен, вакцина салынған жерде ауырсыну немесе қызару, әлсіздік, дімкәстік, бас ауруы, дене қызуының аздап көтерілуі ықтимал. Кез келген вакцинация сияқты, тұмауға қарсы екпеден кейін де жағымсыз реакциялар болуы мүмкін. Сондықтан вакцина салдырмас бұрын медицина қызметкері пациентке оның ықтимал әсерлері туралы қажетті ақпарат береді.

— Ақпаратыңызға рақмет!

Әңгімелескен – Айдана БОРАНБАЕВА.